Среда, 23 мая 2018 15:05

Назарбаевқа Каспий мен Қара теңізді қосудың қажеті қанша?

Оцените материал
(0 голосов)

Сочидегі ЕАЭО саммитінде Нұрсұлтан Назарбаев Каспий мен Қара теңізді қосуға қатысты «Еуразия» атты «ғасыр жобасын» жүзеге асыру мәселесі  төңірегінде ой қорыту қажеттігін тағы да алға тартты. Бұл идея 20 ғасырдың басында Сталиннің кезінде пайда болған. Соғыстың басталуына байланысты жоба жүзеге аспай қалған. 2007  жылы  Назарбаев осыған қатысты бастаманы қайта көтерді, тіпті зерттеу жұмыстары да қолға алынды. Алайда уақыт өте келе «Еуразия» жобасы ұмыт қала бастады, бірақ Назарбаев екі әлемді қосу бастамасын жаһан жұртының есіне салды, Exclusive хабарлайды.

«Еуразия» кеме каналының құрылысы су жолы арқылы Қара теңіз бен Каспий теңізін қосуға мүмкіндік береді», - деді Назарбаев ЕАЭО-ның кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде. Бұған қоса Қазақстан Ресей арқылы Еуропа мен Азияны жалғайтын «Еуразия» автомагистралін салуды ұсынды.

2007 жылы тұңғыш рет өз идеясын таныстырған Назарбаев 1936 жылы салалық халық комиссариаты жобаның техникалық, экономикалық негіздемесін әзірлегенін, алайда ол соңына дейін жеткізілмегенін атап өтті. Дегенмен жоба құрылысының айтарлықтай бөлігі бой көтерді.

Каналдың трассасы Маныч ойпатына дейін тартылды. Бұл жерде Каспий мен  Азов теңіздерінің бұғазы ешқашан түйіспейтін. 1936 жылы Усть-Манычск гидроторабы, 1941 жылы Веселовск, Пролетарск гидротораптары сондай-ақ осылармен аттас су қоймалары салынды. Атап өту керек, экологтар жоба идеясын қолдамайды. Олар бұл жоба экологиялық тепе-теңдікке нұқсан келтіріп, Кавказ тауларының жотасы мен қалмық жазығындағы сайғақтардың көшу жолына тосқауыл болатынын, каналдың теңіз суымен нәрленуі тұздың көбеюіне әкелетінін және Каспий теңізіне Азов теңізінің флорасы мен фаунасын көшіріп әкелуі мүмкін екенін айтады.

Қазақстанға дәл осындай қиын әрі шығыны көп жоба не үшін қажет? Бұл туралы Exclusive.kz  сарапшылардан сұрады.

Айқын Қоңыров, Парламент Мәжілісінің депутаты:

- Бүгінгі таңда энерготасымалдаушылардың жайлы конъюнктурасына қарамастан ЕАЭО-ның негізгі ойыншылары Қазақстан мен Ресей экономиканы бәсекеге қабілетті деңгейде диверсификациялай алмай отырғанын түсінеді. Экспортқа бағытталған экономика қалыптастыру көптеген дамушы елдер мен одақтардың арманы, алайда олардың басым бөлігіне Қытайдың ерлігін қайталау мүмкін болмай отыр. Мәселені тұтас алып қарасақ,  ЕАЭО елдері үшін дамудың бірнеше жолы бар. Ұзақ уақыт

экономикалық одақ ішінде импорт алмасу және сыртқы нарыққа шығу үшін

кооператив байланысын орнатуға болады. Бұл іс біздегі түсініксіз ақша-несие

саясатына сүйеніп жүзеге асатын болғандықтан қиындық туғызады.  Монетарлық билік инфляцияның икеміне қарай бизнестің оттегін шектейді. Инфляциямен күрес осылай жүреді. Басқа сценарий мен тәсіл жоқтың қасы. Ұлттық реттеушінің басшылары бұдан басқа амалдарды білмейді немесе қолдануға рұқсат бермейді.

Екінші нұсқа  - ҚХР мен теңізге шығу мүмкіндігі жоқ жақын көршілердің фабрикаларынан транзиттік тауар ағынын тарту үшін сапалы түрде өз инфрақұрылымымызды жақсартуымыз керек. Нәтижесінде толайым табысқа кенелеміз. Каспий – Қара теңіз каналы жобасы жүзеге сәтті асырылса, Аспан асты елі мен Азиядан Еуропаға дейінгі аралықтағы транзит жолын едәуір қысқартады. Мұны геосаяси ойыншылардың барлығы түсінеді, бірақ толық қолдамайды. Теңіз жолы ең тиімді жол екені жасырын емес, ал Каспий мен Қара теңіз жағдайында бұл ең қауіпсіз тасымал. Сондықтан үлкен теңіз жолындағы елдер мен трансұлттық корпорациялар өздеріне бәсекелес болатын жобаға қолдарынан келгенше кедергі келтіреді.

Қытай бастаған «Бір белдеу, бір жол» жаһандық жобасына жұмылдырылған елдер сапалы транзит жолдарының пайда болғанын қалайды. Бұл жерде кім жеңеді оны уақыт көрсетеді. Қазақстанға келетін болсақ, ол үлкен суға, Еуропаға, Каспий-Қара теңіз каналы арқылы шығуға асық. Қытай жүгінің транзитінен бөлек біз астық экспорты мен металл тасымалын жеңілдете аламыз. Ақша болса кез келген жобаны іске асыруға болады. Инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыратын Азиялық банк бар.

Егер Қытай, ЕАЭО елдері және Түркия қол ұшын созса, жобаны жүзеге асыруға болады. Себебі аталмыш жобаның іске қосылуын қолдайтындар қолдамайтындарға қарағанда көп.

Таяу және орта Шығыс бойынша маман Антон Евстратов:

- Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Еуразия» каналының идеясы жаңа идея емес. Бұған қоса ол кеңес кезінде 1952 жылы Волго-Донск каналы ретінде жүзеге асырылған. Алайда ол қазіргі қажеттілік үшін тым тар, ал оның инфрақұрылымы қиын. «Еуразия» каналы жобасы бұған қарағанда ауқымды болуы керек. 2007 жылы Ресей президенті Владимир Путин осы турасында оң пікір білдірді. 2014 жылы Назарбаев «Еуразия»  ЕАЭО-ның  амбициялық жобасы екенін айтты. Бір жағынан каналдың экономикалық, геосаяси маңызына дәл қазір нақты баға беру қиын. Дегенмен ол

Қытай тауарының Еуропа нарығына өтуіне, тауар тасымалы құнының арзандауына ықпал етіп, Суэц каналына балама болады. Бұған қатысты қытай мамандарының нақты зерттеуі бар. Ол Қытай мүддесіне және Орталық Азиядағы Каспий маңы мемлекеттерінің, оның ішінде негізгі транзит торабы болатын Қазақстанның  мүддесіне жауап береді. Алайда Ресей каналды қадағаламаса, ЕАЭО-ғы ортақ нарық  жағдайында өзінің транзиттік маңызын жоғалтады. Бұл Еуразия одағының қисынымен қабыспайды. Сонымен қатар жоба өзін-өзі 20 жылдан соң ғана ақтайтыны белгілі болып отыр. Жаңа канал Ресейден бөлек Иран мен Әзербайжанды  айналып өтуге, Қазақстан мен Иранды байланыстыру үшін салынған теміржолдың маңызын жоюға түрткі болады. Салдарынан жүк Бандер-Аббас портына емес, батысқа – Қара теңізге кетеді. Ұқсас жағдай Әзербайжан мен Грузияға да туады.

Иран өз өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға Парсы шығанағын ғана емес, каналдың мүміндігін қолдана отырып, Қара теңізді де пайдалана алады.

«Еуразия» каналы жобасының экологиялық салдары туралы бұған дейін бірнеше рет айтылды. Волга мен Донның және каналдың өзінің жағдайы нашарлап кетуі мүмкін екендігі, сонымен қатар Ресейдің оңтүстігіндегі ауылшаруашылығы саласына қауіп төнетіндігі алға тартылды.

Егер құрылыс басталатын болса, Ресейге  өзіне тиімді талап орнату, яғни кемелерді өткізу тәртібі мен экологиялық қауіпсіздікті сақтау міндетін нақтылап алу қажет болады.

Бұл орындалатын болса, жаңа канал Мәскеудің, Астананың, Бейжіңнің

экономикалық мүддесіне жауап беріп, қазіргі кездегі ЕАЭО оппоненті

- Баку, Тбилиси, болашақта – Анкара және одақ серіктесі  Тегеранға жайсыздау болады. Соңғысымен жоба аясында жеке жұмыс істеуге тура келеді.

Асқар Муминов

 

Прочитано 116 раз
Другие материалы в этой категории: « ТАНЫМАЛ БОЛУДАН ТАРТЫНБА, ДЕПУТАТ

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.