Среда, 01 августа 2018 15:41

Ауылға үміт артамыз Избранное

Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстандық валюта баяу да болса, әлсіреп бара жатқаны ақиқат. Оның бағамы екі жылдық минимумға дейін құлдырап кетті.  Ал мұнайдың құны екі жылдың ішінде бір жарым есеге артқан. Мұның барлығын дәстүрлі маусымдық ауытқушылықпен түсіндіруге болады, сонымен қатар «фантомдық ауырсынумен» - 2015 жылдың тамыз айында есеңгіретерлік девальвация болды, енді тамыз айы жақындаған сайын нарық психологиялық күйгелектікке ұшырайды.

Бірақ мұның объективті себептері де бар. Біз валюта бағамына әсер ететін факторлардың ауысуына тап болып отырмыз. Ресей сарапшылары рубль үшін анықтаушы фактор мұнай бағасы емес, санкциялар төңірегіндегі жағдай болып отыр дейді.

Көріп отырғанымыздай Қазақстанда мұнай бағасы да теңгенің бағамына ықпал етуін тоқтатқан. Бұл ресейлік рубльға да қатысты. Сонда маңыздысы не? Экономиканың құрылымдық әлсіздігі. Белгілі бір өсімге қарамастан, ол әлсіз қаржылық сектор мен диверсификацияның төмен деңгейімен өте осал болып тұр. Әрине, мұндай жағдайда валюта қуатты бола алмайды. Мұны түсініп, себепті тек сырттан іздеуді доғару қажет.

 Жағдайды не түзеуі мүмкін? Экономиканың өсімі үшін «қозғаушы күш» көп сияқты. Шикізат секторы негізгі бюджеттік табыс болып қала береді, бірақ ол басқа салаларды ынталандырмай, өз қазанында қайнай береді.  Бұл жерде жұмыспен қамту кеңеймейді, керісінше азаяды. Еңбек дауы мен қысқартуларға қатысты әлеуметтік шиеленістер кен өндіру секторында орын алуы да кездейсоқтық емес.

 Қайта өндіруші сала индустриализацияға байланысты үкілеген үмітті ақтамады. ҮИИД бағдарламасы аясындағы хайп бәсеңдеп келеді. Жаңа нысандар іске қосылғанымен, олар сапалық жағынан экономика құрылымын өзгертпейтіні түсінікті болып отыр.

 Көлік жобалары Қазақстан арқылы жүк тасымалын көбейтуге көмектеседі, бұдан түскен пайда да арта бермек. Бірақ жалпы алғанда экономика үшін экономикалық нәтиже әзірге аз. Негізінде экономиканың тұрақты дамуына деген үміт, оның фундаменталды күшке ие болуы агроөнеркәсіптік кешенмен байланысты. Мәселе тек ауыл шаруашылығында ғана емес, азық-түлік өндірісі, аграрлық өнімдерді сақтау инфрақұрылымының құрылысы, оны шетел нарығына жеткізу, тыңайтқыштарды шығаратын, құрылғылар мен ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін  өнеркәсіп, агроөнеркәсіпті цифрландыру бойынша қызмет, аграрлық ғылымды дамыту болып табылады. Экономикаға ену тереңдігі мен ауқымы және халықты жұмыспен қамту жағынан бұл салаға тең келері жоқ. АӨК-ның мәнін осылай анықтағанда және оған  экономиканың жүйе құрушы элементі ретінде қарағанда ғана нәтижеге қол жеткізуге болады.  

 Біз АӨК-ні дамыту бағдарламаларын көп көрдік, олардың әрқайсысы қойылған мақсаттардың біржақтылығымен ерекшеленетін. Олар қаржыны игеруге ғана бағытталғандықтан, ешқандай пайда әкелмеді. Сондықтан үмітті ақтай алмаған  талай бағдарламалардың мерзімнен бұрын ауысуы сынға алынатын.

Бірақ басты мәселе қаражаттың мәнсіз жұмсалуында емес, уақыттың зая кеткенінде. Қазақстан АӨК саласында аймақтық көшбасшы болу мүмкіндігін жіберіп алды.  Ал енді біз қуып жетушілер санатында қалып отырмыз. Бұған дейін біз Ресей мен Қытайды отандық өнімдеріміз үшін кез келген уақытта орын табылатын тауар өткізудің шексіз нарығы деп санайтынбыз. Бірақ олар соңғы жылдары ауыл шаруашылығы технологиясына жүйелі түрде қаржы құю арқылы АӨК саласында үлкен серпіліс жасады.  Қытай, Ресей, Беларусь, Өзбекстан кезекпен экспортты меңгеріп, жаңа орындарды игеруде. Қазақстан да осы бағытта жүріп келеді, бірақ инерциямен ғана. Осы жылдың жарты жылдығында ауыл шаруашылығындағы өнім өндірісі қарқынмен өсті, экономика бойынша жалпы деңгеймен салыстырғанда - 4 пайыз. Бірақ салалар бойынша жағдай бірдей емес, қарқынды өсім тек құс шаруашылығында ғана байқалған.

Қазіргі таңда бұл саладағы мемсаясат өзгеруде. Жаңартылған мембағдарлама сенім ұялатады.  Ол импорттың орнын басу және экпорттық нарыққа шығудың нақты мақсаттары қойылған  салаларды дамыту бағдарламаларын біріктіреді.

 Сонымен қатар бағдарлама салааралық сұрақтарды қамтыған блоктардан құралған. Ол цифрландырудан бастап ауылдық аумақтарды дамытуды қамтыған.  Жекелеген шаралар жиынтығының орнына, біз АӨК және ауыл мәселелері біріктірілген кешенді көрініске ие боламыз. 

Тағы да бір жаңашылдық – бағдарлама ауыл шаруашылығының технологиялық заңдылықтана негізделген. Ұзақ инвестициялық циклға ие мал шаруашылығы сияқты салаға ұзақ мерзімді, он жылдық жоспарлау мүмкіншілігі берілген. Сондай-ақ бағдарлама ірі немесе шағын өндірушілер маңызды ма деген жасанды таңдаудан алшақтаған. Жаңа модельде жұмыс істеймін деушілердің барлығы орынмен қамтамасыз етіледі.  Біз кооперативтерді енгізу кампаниясынан бас тартуды көріп отырмыз. Шағын фермаларға әкімшілік қысымның орнына, нақты экономикалық стимул – қайта өңдеушілер жүйесін  кеңейту есебінен өнімді сату ұсынылады.  Жоғарыда айтылғанның барлығы – өте қарапайым дүниелер, бірақ оларды мемлекеттік деңгейде түсінуге біз енді жеттік. Ендігі мәселе оны іске асыру.

Айқын Қоңыров,

ҚКХП ОК хатшысы,

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің депутаты

Прочитано 52 раз

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.