Четверг, 27 сентября 2018 10:45

Депутаттық сауал Избранное

Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Республикасының

 Премьер-Министрі

 Б.Ә.Сағынтаевқа

Депутаттық сауал

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

«Халық коммунистері» Фракциясы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы № 109 қаулысымен бекітілген «Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидалары» жоғары оқу орындарының басшыларын жемқорлыққа итермелейтін құжат деп есептейді. Аталған құжаттың 9-тармағына, 13-1-тармағының төртінші абзацтарына сәйкес магистратураға түсуді ЖОО ректорлары тағайындайтын қабылдау комиссиясы жүзеге асырады.

Үкімет қаулысымен бекітілген бұл құжат білім саласын басқарып отырған шенеуніктерге, әсіресе ЖОО ректорларына сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасауға, магистратура гранттарын саудаға салуға толық мүмкіндік беріп отыр. Айталық, магистратураның қабылдау емтиханын өткізетін комиссия толықтай сол ЖОО-да құрылады. Емтиханнан құлаған түлектердің шағым-арыздарын қарайтын апелляциялық комиссия да негізінен сол ЖОО оқытушыларынан құрылады. Осының нәтижесінде, біздің пайымдауымызша магистратура гранттарын сатып, саудаға шығару білім саласындағы шенеуніктердің «кормушкасына» айналған, жемқорлыққа жағдай жасалған. Яғни, бұл құжат тиімсіз, жетілдірілмеген.

Жыл сайын магистратураға, докторантураға түсу науқаны кезінде жұртшылықтан жоғары оқу орындарындағы парақорлық, сыбайласқан жемқорлыққа қатысты «Халық коммунистері» фракциясына көптеген арыз-шағымдар келіп түседі. Әлеуметтік желілерде де бұл проблема өткір көтерілуде, БАҚ-да жоғары оқу орындарындағы парақорлық пен гранттарды саудаға салғандар туралы сын жазбалар өте көп. Яғни, қоғамның наразылығы негізсіз деп айта алмаймыз, сондықтан проблеманы терең зерттеп, мәселені ашып көру қажет.  

Біздің партиямыздың заңгерлері мен сарапшылары магистратураға түсу кезіндегі сыбайласқан жемқорлық мәселелерін терең зерттеп, зерделеп, білім беру саласындағы парақорлыққа, жемқорлыққа мүмкіндік беріп отырған осы жағдайларды анықтады. Жұртшылық арасында сауалнама жүргізу барысында осы проблемамен кездескен, яғни сыбайласқан жемқорлықтың құрбаны болған түлектер-магистранттармен де сөйлесіп, жемқорлықтың шынайы себебін табуға бағытталған үлкен жұмыстар жүргізілді.

Мына мәселені баса айтып кетуіміз парыз: ЖОО түсу үшін өткізілетін ҰБТ (ЕНТ) параны жою жолындағы біздің қоғам қол жеткізген үлкен жетістік. Тестлеу арқылы баклавриатқа түсуде парақорлық 90-95 пайызға азайды деп сеніммен айта аламыз.

Сондықтан магистратураға түсу ережесін түбірінен өзгертіп, ҰБТ секілді баклавриат жүйесіндегідей компьютерлік тестілеу жүйесіне көшіру қажет деп ойлаймыз. Осы арқылы ЖОО-дағы парақорлықты тоқтатпасақ, университеттерді жайлаған жемқорлық мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қауіп туғызады. Пара жайлаған университеттен білікті түлек те шықпайды.

Аталған Ережені сыбайлас жемқорлыққа байланысты жан-жақты толықтай сараптамадан өткізу туралы ұсынысымызды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне де жолдайтындығымызды мәлімдейміз. «Халық коммунистері» Фракциясы «Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларындағы» жемқорлыққа жол беретін нормалары бойынша  қоғамдық тыңдау өткізуге бастама көтеріп, азаматтық қоғам өкілдерін, ұйымдарды, заңгерлерді, тәуелсіз сарапшыларды, БАҚ өкілдерін өз қорытындыларын жолдауға, пікірсайысқа шақыратын болады.

Сізден, құрметті Бақытжан Әбдірұлы, қоғамда өткір тұрған осы өзекті мәселені зерделеп, тиісті шешім қабылдауыңызды сұраймыз.

Депутаттық сауалды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіптермен қарап, жауап қайтаруыңызды сұраймыз.

Құрметпен ,

Мәжілістегі ҚКХП

«Халық коммунистері»

Фракциясының  мүшелері

Ж. Ахметбеков

Г. Баймаханова

В. Косарев

А. Қоңыров

М. Магеррамов

И. Смирнова

Т. Сыздықов

26.09.2018 ж. жарияланды.                                

Прочитано 59 раз

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.