Пятница, 28 сентября 2018 13:16

ЖАСТАР – СТРАТЕГИЯЛЫҚ РЕСУРС Избранное

Оцените материал
(0 голосов)

Алматыдағы Ұлттық кітапханада ҚКХП Алматы ҚК Жастар комитетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан жастары – кеше, бүгін, ертең» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Пікірталасқа қатысушылар жастар арасындағы жұмыссыздық пен жас мамандардың Қазақстаннан шетелге кету мәселелерін талқылады. 

Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, Ауған соғысының ардагерлері, ұстаздар мен студенттер, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Жастардың жұмысқа орналасу қиындықтары туралы Алматы қ. Жұмыспен қамту орталығының жұмыс берушілерді қолдау бөлімінің маманы Гүлбану Есенбекова айтып берді:

-        Бізде үлкен мәселе бар – біздің жолдама бойынша жастар тәжірибесін өткен соң, жас мамандар тұрақты жұмысқа орналаса алмайды. Олар бізге келіп шағымдарын айтады. Олардың сөзінше, барлық жерлерде таныс арқылы жұмысқа орналасады немесе жұмысқа тұру үшін пара сұрайды, я болмаса өте төмен жалақы қояды, оған ешкімнің жұмыс істеуге ниеті болмайды. Республика бойынша Алматыда жастардың жұмысқа орналасу деңгейі ең төмен көрсеткішке ие. Жастар тәжірибесінен өткен соң жұмыс берушіні оны тұрақты жұмысқа алуға міндеттеу қажет. Бұған қоса қалада тіркелу талабын алып тастау керек. Бізге жұмысқа орналасу барысындағы сыбайлас жемқорлықты, таныс-тамыр деген түсінікті жою керек.

Қоғам қайраткері, ардагер Клара Летникова:

-        Жоғары білімі бар жастар даяршы болып жұмыс істейтіні өкінішті! Біздің экономикаға нақты мамандық бойынша қанша кадр керектігін жоспарлау керек. Сол жоспар бойынша мамандарды дайындау қажет.

 Жастардың басым бөлігі шетел асып жатыр. Бұл мәселе төңірегінде «Дүниежүзі қазақтарының ассоциациясы» Алматы бөлімшесінің директоры Айбөпе Мақұлбекова сөз қозғады: 

-        Жастар Қазақстаннан шетел асып кетіп жатыр және қайтып келгілері келмейді. Әсіресе Еуропада және өзге де дамыған мемлекеттерге орныққандар. Ал бізге көп жағдайда Ауғанстан мен Қытайдан келеді. Жастар ортасында да сыбайлас жемқорлық өршіп тұр. Сонымен қатар жастар арасындағы қылмыс та алаңдатып отыр. Мысал ретінде Денис Теннің өлімін еске алуға болады. Қылмысты көп жағдайда ауылдан келген жастар жасайды. ІІМ министрінің мәлімдемесі бойынша, жастарға жалдамалы пәтердің ақысын төлеу үшін ақша қажет болған. Жастар қалаға жұмыс іздеп келеді, бірақ жұмысқа да, баспанаға да қол жеткізе алмайды. Жастар әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан орнықпайды, сөйтіп қылмысқа барады.

 Ауған-жауынгерлері ардагерлер ұйымының жетекшісі Марат Әбдішүкіров жастардың шет ел асып кету мәселесін ұлтжандылық сезімін қалыптастыру арқылы шешуді ұсынады:

-        Білікті жас мамандар шетел асып жатыр. Олардың елге оралмауы өкінішті жағдай. Бұл жерде тәрбие мен ұлтжандылықты қалыптастыру деген мәселе бар. Біздің буынмен салыстыратын болсақ, бізде идеология мықты болды, біз Ауғанстанға не үшін бара жатқанымызды, не үшін соғысатынымызды білдік. Ал қазіргі жастар материалдық құндылықтарды бірінші орынға қояды. Мектеп қабырғасындағы тарих курсын қайта қарастыру қажет. Қазіргі тарихта ҰОС тарихы мен ауған соғысы туралы да дерек аз. Мектеп бағдарламасы «Сорос» қорының идеялық құндылықтарына негізделмеуі тиіс. Үкімет тиімсіз мембағдарламаларды құрастырумен айналыспай, мақсатты аудиториямен тікелей жұмыс жасау керек.

Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне қатысты оқытушы, жас коммунист Әділ Байзақов та өз ойын қосты:

- Біз барлығымыз мәселе туралы айтып жатырмыз, бірақ олар өздігінен жойылмайды. Кейбір мәліметтер бойынша, бізде жастардың 40 пайызы жұмыссыз. Әлемдегі капитализм үшін бұл қалыпты жағдай. Бұл жалақыны төмен деңгейде ұстауға мүмкіндік береді. Себебі капиталистік форма қарапайым адамға тұлға ретінде дамуға мұрша бермейді. Жеке кәсіпкер жастарды дамытуға мүдделі емес, олардың мақсаты – пайда көру. Жастарды арзан еңбек күші ретінде пайдаланады, олар үшін ешқандай жағдай жасалынбайды. Ә.Байзақовтың айтуынша, жастар үшін кепілді жұмыс орындары мен квоталары бар мемлекеттік кәсіпорындар құру қажет.

 Іс-шара модераторы, ҚКХП АҚК үшінші хатшысы Абзал Әуелбеков:

-        Иә, қазіргі таңда жастарға баспаналы болу қиын. Тіпті студенттік жатақханадан орын алу да оңай емес. Бірақ шағымдана бермей, жұмыс істеу керек шығар. Менің таныстарымның арасында еңселерін түсірмей, тиянақты жұмыс істеп жүргендер бар. Мысалы, бір досым ақша жинап, сиыр сатып ады. Кейін оны сатып жіберді де, орнына екі сиыр алды. Сөйтіп мал басын көбейтті. Қазіргі таңда ол үй салып, өзін және өзінің отбасын асырап отыр.

Бұл пікірге  ҚКХП АҚК Жастар комитетінің жетекшісі Мұхтар Рахымжанов та қосылды:

-        Әрине, жастарда күш-жігер, уақыт, денсаулық және жұмыс істеуге ниет  бар. Мен де жастардың еңбек еткенін қолдаймын. Жастар бұл – мемлекеттің стратегиялық ресурсы, экономикалық дамудың негізгі факторы. Сондықтан жастардың өсіп-дамуына, өркендеуіне жұмсалған кез келген қаржы мен уақыт өзін-өзі ақтайды.

Дөңгелек үстел нәтижесі бойынша қорытынды құжат жасалынды. Бұл құжат алдағы уақытта ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Халық коммунистері» фракциясына жолданатын болады.

Рәзия ӘБДІҚАДЫРОВА

AlmatyStol 5AlmatyStol 5AlmatyStol 5AlmatyStol 5AlmatyStol 5

Прочитано 8 раз
Другие материалы в этой категории: « КОММУНИСТЕР ЖАСЫЛ ҚАЛА ҮШІН

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.