Пятница, 02 ноября 2018 11:03

А.Қоңыровтың қорытынды баяндамасы Избранное

Оцените материал
(0 голосов)

Құрметті Нұрлан Зайруллаұлы!

Құрметті әріптестер!

Биылғы жылғы республикалық бюджет жобасын құрастырудың ерекшеліктері Қазақстанның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштеріне әсер ететін жаһандық нарықтағы өсім болды. Мұндай жағдайда теңдестірілген шынайы бағаға сүйену маңызды. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы 2019 жылы инфляция деңгейін сақтау жағдайында экономика өсімінің ұлғаю қарқынын және оның кейінгі төмендетілуін қарастырады. Үкімет бұл ара қатынасты барлық сценарийлерде болжайды. Бұл жерде осалдық ескерілген деп пайымдадық.

ІЖӨ өсімі болжамының негізінде бірнеше факторлар бар. Келесі жылы ауыл шаруашылығындағы өндіріс ауқымы екі еселенеді деген болжам бар және әрі қарай, тіпті 2020 жылға қарай 8%-ға дейін артып,  жылдам қарқынмен көтеріледі. Бұл салаға 1 трлн. 160 млрд қосымша қаражат құю үлкен үміт арттырады, бірақ АӨК жүйесінің инерттілігін есепке алсақ, болжамдар тым оптимистік болып көрінеді.

Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аяқталғандығын және оның бәсекеге қабілетті өндірістерді құрудағы тиімсіздігін ескерсек, өңдеу өнеркәсібі өсімінің болжамы да тым көтеріңкі болып табылады.

Осылайша, ІЖӨ өсімі көрсеткіштерінің артуы, тек оның бағасын арттыру немесе сақтау және ұлттық валюта бағамының әлсіреуі сценарий негізінде мұнай өндірісін арттыру кезінде ғана мүмкін. Бұл жағдай теңгелік экспорттың номиналды артуын қамтамасыз етеді.

Алайда мұндай сценарий жағдайында теңгенің құнсыздануы  тұтынушылық бағаның өсіміне әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан инфляция бойынша 2019 жылы 4-6%-дық дәлізді сақтау және кейін 3-4%-ға төмендеу болжамы шындыққа жанаспайды.

Бұған қоса болжам экономикалық даму сценарийінің анықтаушы факторы мұнай бағасы ғана емес, геосаяси тәуекелділіктер екендігін ескермеген.

Осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында бұл тәуекел теңге бағамының күрт төмендеуі түрінде іске асырылды. Әлемде дамушы нарықтардан капиталдардың жылысуы сияқты экономикалық қарама-қайшылықтар үдей түсетіндіктен, алдағы девальвациялық қысымды күту керек.

Ал бұл инфляция мәнінің артуындағы шарасыздықты білдіреді. Нәтижесінде әлеуметтік шығындардың артуы нөлге жетуі мүмкін.

Үш жыл мерзіміндегі бюджеттің шығыны мен кірісінің теңгерімсіз динамикасы өзіне назар аудартады. 2019 жылы кіріс 15%-ға өссе, 2020 және 2021 жылдары олардың қарқыны екі есеге төмендеген. 

Шығын бөлігін қалыптастыруда үлкен алшақтық байқалады. 2019 жылы ол 11%-ға артса, 2020 жылы небәрі 3,6%-ға, ал 2021 жылы 3,1%-ға артады. Мұндай динамика әлеуметтік-экономикалық даму болжамына да, тұрақты бюджеттік жоспарлау ұстанымдарына да сай келмейді. 

Республикалық бюджет кірісін бағалау барысында 2019 жылы негізгі табыс макроэкономикалық көрсеткіштердің нәтижесінде, яғни тау кен өндірісі саласы өнімдері бағасы мен өндіріс ауқымының жақсару есебінен  емес, ел экономикасын модернизациялау сияқты факторы есебінен болады делінген. Алайда бұл фактор немен байланысты және оның нақты әрекеті неде екені түсініксіз.

Бюджеттің шығыс бөлігін жоспарлау Мемлекет басшысының үнемі айтып жүрген негізгі екі мақсатты шешуге бағытталуы тиіс. 

Біріншіден, экономиканы әртараптандыру және ғылыми-өндірістік әлеуетті арттыру.

Екіншіден, әлеуметтік стандарттарды жоғарылату.

Технологиялық модернизацияны ескерсек, бірінші міндет бойынша жыл сайын бұл салаға инвестициялардың артуын күту қисынды болар еді.  Алайда «Ғылымды дамыту» бағдарламасы бойынша 2020 жылы 1,6% өсім ғана көрсетілген, яғни инфляциядан төмен, ал 2021 жылы 0,3%-ға төмендеу бар.

Сонымен қатар 2020-2021 жылдары «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін базалық қаржыландыру», «Ғылыми-тарихи құндылықтарға, ғылыми-техникалық және ғылыми-педагогикалық ақпаратқа  қолжетімділікті қамту» бойынша шығын азайтылған.

«Тиімді инновацияларды ынталандыру» бағдарламасы бойынша 2020 жылы өсім көрсеткіші 1,2% құрайды. «Инновациялық дамуды қамту» бағдарламасы бойынша жыл сайын 629 миллион теңге бөлінеді, ал инновациялық белсенділікті арттыру мақсатында небәрі 37 миллион қарастырылады, ал қалғаны ұлттық инновациялық жүйе институттарының қызметіне беріледі.

«Өнеркәсіп саласындағы технологиялық сипаттағы қолданбалы ғылыми зерттеулерді» қаржыландыру соммасы өзгермейді, яғни инфляция есебінен  азаяды. Осылайша ғылыми зерттеулерді және инновацияларды қаржыландыру төмен деңгейде бағдарламаланады. Нәтижесінде экономика құрылымындағы сапалы өзгерістер мен экономиканы технологиялық  модернизациялаудың қорытындысы күдік туғызады. 

Онда мұнай-газ бен металлургия секторы және мұнай қызмет көрсету қызметі басымдыққа ие болады. Экономика әзірге сыртқы баға конъюнктурасына осал болып тұр.

АӨК өнімі ауқымының арту болжамы бойынша бюджетте тиісті бағдарламаға шығынның жыл сайынғы қысқартылуы қарастырылған. Олар 2020 және 2021 жылдары 4,6%-ға қысқартылады.

2019 жылы бұл бағдарлама бойынша 157 миллиард теңге бөлінеді, оның 126 милларды, яғни шамамен 80% қаржыландыру қолжетімділігін арттыруға бағытталатын болады.

Бұл ауыл шаруашылығын қаржыландырудың нарықтық  жүйесінің тиімсіздігі туралы мәселені қайта көтереді. Ол АӨК субъектілеріне мемлекеттің қатысуынсыз қолжетімсіз.

Қаржыландырудың басым бөлігі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының ағымдағы қызметіне бағытталатын болады. Ал негізінде саланың ұзақ мерзімді дамуына, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қаражат тапшы.

Екінші міндет бойынша әлеуметтік сала шығындары 2019 жылы 44,1%-дан 48,3%-ға артады, яғни жартысына жетеді, мұның өзі бюджеттің әлеуметтік бағдары туралы айтуға негіз бола алады.

Алайда жалпы сандар біркелкі үлестірілу мен жеке блоктар бойынша жағдайды көрсетпейді.

Денсаулық сақтау саласының шығыны 2019 жылы 3,5%-ға артады, яғни инфляциядан төмен.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімшілік ететін  бағдарламалар бойынша көрсеткіш 12% -ға артады. Бірақ бұл жерде де жағдай біркелкі емес.

Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен қамқоршылардың мемлекеттік жәрдемақысы 2019 жылы 10,8%-ға, ал 2020 жылы 8,7%-ға, 2021 жылы 8,4%-ға  артады. 

Сөйтіп инфляцияны ескергенде жыл сайынғы өсім 4,5%-ды құрайтын болады.

2020 жылы асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік базалық жәрдемақы шығыны 4,8%, 2021 жылы 4,4%-ға артады.

2020 жылы мүгедектік бойынша мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақының жалпы соммасы 4,7%-ға, ал 2021 жылы 4,4%-ға артады.

Жалпы «Жеке санаттағы азаматтарды әлеуметтік қамту және олардың төлемдері» бағдарламасы бойынша 2020 және 2021 жылдары өсім 6,1%-ды құрайды. 

Осылайша шығындардың негізгі баптары бойынша өсім инфляция шегінде болады немесе бұл индикатордан 3-4%-ға жоғары болады.

Осыған орай республикалық бюджеттің кезекті өзгертулері мен толықтыруларында әлеуметтік-экономикалық даму болжамын, әсіресе инфляцияға қатысты тұсын түзету қажет.

Қорытындылай келе, нақты міндеттерді шешу бойынша 2019-2021 жж. бюджет шығындарының елеулі өсімі бұл – экономиканың шынайы секторының дамуы мен адами капиталдың дамуы  Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген нұсқаулардан кейін ғана ілгері жылжыды.

Президенттің тапсырмалары нақты секторды дамыту мен азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін қаржымен нығайтылған. Бұл ел бюджетіндегі теңгерімсіздікті жою туралы айтуға мүмкіндік береді және оны әлеуметтік-бағдарланған етеді. Осыған орай «Халық коммунистері» фракциясы заң жобасын мақұлдау дұрыс деп санайды.    

Прочитано 26 раз

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.