Четверг, 22 ноября 2018 18:05

Депутаттық сауал Избранное

Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Республикасының

Денсаулық сақтау министрі

Е.А. Біртановқа

Депутаттық сауал

Құрметті Елжан Амантайұлы!

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне еліміздің медицина саласының өкілдерінен Үндеу келіп түсті. Олар Қазақстан Республикасы тұрғындарын Ұлттық иммундау бағдарламасын іске асыру мәселелеріне алаңдаушылық білдіріп отыр. Мәселе «СК-Фармация» ЖШС бірыңғай дистрибьюторы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетіне қарасты құрылымдардың үнемдеу мақсатында жыл сайын тиімділігі жоғары вакциналарды  тиімділігі төмен вакциналарға ауыстыру әрекеттерінде болып тұр. Дәлірек айтсақ, 13-валентті пневмококты ілеспе  вакцинасын серотип ауқымы аз 10-валентті вакцинаға ауыстыру.

10.10.2018 жылғы Формулярлы комиссия отырысында 13-валентті ілеспе вакцинаны тиімділігі төмен 10-валентті вакцинаға ауыстыру мақсатында пневмококты вакцина сипаттамасын ауыстыру ұсынылды. Алайда бұл сұрақ Формулярлы комиссияның күн тәртібінде болған жоқ, ал отырыстың онлайн көрсетілімі дәл осы тармақта үзіліп қалды. 

Есіңізге сала кетсек, Қазақстан Республикасы тұрғындарының Ұлттық екпе күнтізбесінде Превенар 13 вакцинасын сақтау туралы мәселені бірнеше рет көтерген болатынбыз. Өткен жылы Премьер-Министр Б.Ә. Сағынтаев депутаттық сауалға (№ДС-47 22.02.2017.)  ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің вакциналарды сатып алу есебі бойынша ресми жауап (№20-11/618   18.03.2018.) берді. Оның ішінде пневмокок инфекциясына қарсы вакцина да бар. Есепте «...профилактикалық екпе күнтізбесінде Превенар 13 вакциянасын пайдалану өзгеріссіз қалады» делінген. Превенар 13 вакцинасын қолдану туралы шешімді Қазақстан Республикасы иммунопрофилактика саласының негізгі сарапшы органы Иммундау жөніндегі  ұлттық консультативті кеңесі (әрі қарай – ИҰКК)  бірнеше рет қабылдаған болатын. Кеңес бұл шешімді ДДҰ ұсыныстары негізінде, аурудың талдамалары, экономикалық тиімділік пен тұрғындарды вакциналаудың халықаралық тәжірибесіне сүйене отырып жасаған.

Министрлік есебінің мәліметі бойынша, осы сұрақ бойынша ғана ИҰКК-да 21 қазан 2015 жылы мен 1 шілде 2016 жылы отырыс өткізілген. Екі отырыста да Превенар 13 вакцинасын ұлттық екпе күнтізбесінде сақтап қалу ұсынысы айтылған.  

Превенар 13 вакцинасы Қазақстанда 2010 жылдан бері сәтті қолданылып келеді. Қазақстан Республикасы посткеңестік елдердің арасында алғашқы болып бұл вакцинаны Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізді. Бұл республиканың денсаулық жүйесі үшін үлкен мақтаныш.

Министрдің ДЗ-121 депутаттық сауалға берген жауабында Превенар 13 вакцинасын енгізу арқылы «бір жасқа дейінгі балалар арасында пневманиядан өлім деңгейі 55%-ға кеміді, пневманиямен ауру көрсеткіші 50%-ға азайды» деп жазылған.

Қазақстан Республикасында Превенар 13 вакцинасымен толық қамтуға тек 2016 жылы ғана қол жеткізілді. Сондықтан «13-валентті вакцинаның тиімділігі әлі де толыққанды ашылады», сол себептен 13-валентті вакцинаны тиімділігі төмен (10-валентті) вакцинаға ауыстыру логикалық, ғылыми және қоғамдық нормаларға қарама-қайшы келеді.

 Қолданыстағы вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі ғылыми дәлелденген, әлемнің және Қазақстанның алдыңғы қатарлы сарапшыларының ұсыныстары да бар, Қазақстан Республикасында Превенар 13 вакцинасының аймақтық және халықаралық тәжірибесі де оң нәтиже беріп отыр. Дегенмен «СК-Фармация» ЖШС мен Фармация комитетінің вакцинаны тиімділігі төмен вакцинаға ауыстыру туралы жыл сайынғы талаптары күмән тудыртады. Превенар 13 вакцинасы тікелей вакцина өндірушіден жеткізілетіндігін ескерсек, аталмыш вакцинаны сатып алу барысындағы жемқорлық әрекеттерді де жоққа шығаруға болады.

Сізді жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу үшін бұл Үндеуді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолдағанымыз туралы хабардар етіп отырмыз.

Құрметті Елжан Амантайұлы, Сізден біздің қоғамымыздағы өзекті мәселені зерттеп, тиісті шешім қабылдауыңызды сұраймыз.

Депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

Қосымша: 5 бет

Құрметпен,

«Халық коммунистері» фракциясының мүшелері

Ж. Ахметбеков

Г. Баймаханова

В. Косарев

А. Қоңыров

М. Магеррамов

И. Смирнова

Т. Сыздықов

 

22.11.2018 жылы жарияланды

Прочитано 12 раз
Другие материалы в этой категории: « ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ Депутаттық сауал »

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.