Коммунистердің сараптауынша, 2018 жылдың қаңтар-қараша айларында банктердің заңды тұлғаларға берген жалпы несиесінің 52%-ы сауда саласына тиесілі болған. Аталмыш сала өндіріс және ауыл шаруашылығы салаларына берілген несиеден 2 есе артық несие ресурсын алған. Дәл осындай қаржыландыру көлемі дамыған елдерде де, дамушы елдерде де кездеспейді. Мысалы ЕО мемлекеттерінде сауда саласына қарағанда өндіріс пен ауыл шаруашылығы салаларына бір жарым есе көп несие беріледі. Индонезия мен басқа азиялық елдерде де осындай жағдай.
Өңдеу өнеркәсібіне берілетін несиенің мардымсыз бөлігі әлемдік тәжірибенің талабына да, Қазақстанды индустрияландырудың маңызды міндеттеріне де жауап бермейді.
Заңды тұлғаларға берілетін несиенің жалпы көлемінің төрттен бір бөлігі ғана ұзақмерзімді қарыз саналады. Ұзақмерзімге шетел валютасымен берілетін қарыз ұлттық валютамен берілетін қарыздан бір жарым есе көп. Бұл – өндіріс орындары теңгенің құлдырауы салдарынан қызмет көрсету құны шарықтап келе жатқан несие жүгін арқалап отыр деген сөз.
Қазіргі жағдай несие қысқамерзімді сауда операцияларына беріліп жатқанын көрсетіп отыр. Шын мәнісінде ол шетел тауарларының импортын қаржыландыру үшін жұмыс істеп жатыр. Осының салдарынан отандық өнім өндірісі несие жүйесінің назарынан тыс қалуда.
Қысқамерзімді сауда операцияларымен қатар тұтынушылық бағыттағы несиелендіру белең алып тұр. 2018 жылдың қаңтар, қараша айларында тұтынушылық несиенің көлемі 2,9 триллион теңгеден 3,3 триллион теңгеге дейін, яғни 400 миллиард теңгеге өскен.
Мұның 95%-ы ұзақмерзімді қарыз болған. Сыйақы мөлшерлемесі шамамен 20%-ды құраған. Бұл ресми инфляциядан 4, ал тұрғындардан тартылатын депозиттің шекті мөлшерінен 2 есе көп. Салдарынан қазақстандықтар табыстың ұлғаюымен сәйкес келмейтін ұзақмерзімді несие құрсауында қалып отыр.
Тұтынушылық несие де импортты қаржыландыруға жұмсалуда. Себебі қарыз ұзақмерзімді қолданысқа жарайтын шетел тауары үшін алынады. Іс жүзінде банк жүйесі халықтан алынған қаражатты шетелдік тауар өндірушілерге ұсынады.
Несие саясатындағы күрделі әрі жүйелі кемшіліктер экономиканың дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасының жақсаруына кері әсерін тигізеді.
Осы орайда «Халық коммунистері» фракциясы мемлекеттің ақша-несие саясатын қайта қарау қажет деп санайды. Себебі оның мақсаты инфляцияның формальді жетістігін көрсетумен шектелмеуі тиіс.
Бұл саясат өндіріс секторына несие ресурсының қолжетімділігін арттыруды және оның отандық экономикаға қосатын үлесін көбейтуді көздеуі керек.
Бұл үшін несиенің мақсатты бағытын анықтау, өндіріс және ауыл шаруашылығы салаларына бөлінетін несиенің мерзімін, көлемін, сыйақысын нақтылау, сонымен қатар мемлекеттік қолдау деңгейінде сыйақы мөлшерін субсиядиялау мәселелерін қарастыру қажет.
Жауапты заңмен белгіленген мерзімде жазбалы түрде беруіңізді сұраймыз.
«Халық коммунистері»
фракциясының депутаттары:
А. Қоңыров
Ж. Ахметбеков
Г. Баймаханова
В. Косарев
М. Магеррамов
И. Смирнова
Т. Сыздықов
23.01.2019 ж. жарияланды