Среда, 30 января 2019 17:18

Депутаттық сауал Избранное

Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

Б.Ә.  Сағынтаевқа

Депутаттық сауал

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Соңғы уақытта біз жасөспірімдер арасындағы аяусыз төбелестерге куә болып жүрміз. Оқушылардың бір-біріне әлімжеттік жасауы, ересек балалардың өзінен кіші балаларды кемсітуі сияқты келеңсіз жағдайлар қоғамды алаңдатып қана қоймай, мәселені шешуге міндеттеп отыр.

Көп жағдайда ата-аналар мен ұстаздар әдеттегідей заң талаптарын сақтау, тәртіпті болу туралы сөз қозғайды. Алайда қазір бұл тәсіл тиімсіз. Неге бұлай болып жатыр, не істеу керек?

ҰБТ енгізілгенге дейін мектептерде қоғамдық, ұжымдық қызметке басымдық берілетін. Сәйкесінше оқушылар бір-бірімен жақын араласуды,  сыйластықпен қарым-қатынас жасауды, жақсы мен жаманды ажырата білуді үйренетін. Бұл іс сынып жетекшісінің, тәлімгердің араласуымен атқарылатын.

Жинақталған тәжірибені оқушылар алдағы өмірлерінде қолданатын.

«Жастық жігерді өз-өзіңді тануға, танытуға бағыттау қажет», - деді

Президент Жастар жылының ашылу салтанатында.

ҰБТ енгізілгеннен кейін мектептегі құндылықтар өзгеріп, тест көрсеткіші алдыңғы қатарға шықты. Осының нәтижесінде мектептердің рейтингі қалыптасып, кадр мәселесі шешілетін болды. Ал тәрбие мәселесі кейін ысырылды. Ол есепке де алынбайтын болды. Сонда оқушы төбелеске балама болатын қарым-қатынас түрлерін қайдан үйренеді? Бұл отбасында, ұжымда, түрлі мемлекеттік, қоғамдық институттарда жүзеге асырылуы мүмкін.

Отбасы отбасылық қарым-қатынастың үлгісін дәріптейді. Дегенмен бұл жерде де барлығы жақсы емес. Әр үшінші отбасы айырылысып жатыр. Бұл мәселені таяуда Президент те көтерді. Бұған қоса отбасының бала тәрбиесінде ешқандай құқықтық жауапкершілігі жоқ. Мұны да өзгерту қажет.

Адамды тәрбиелеуде қосымша білім берудің маңызы зор.

Қосымша білім беру мекемелерін оңтайландыру – музыкалық, көркемөнерпаздар мектептерін ірілендіруі, ал туристер станциясы мен жас натуралистер үйірмелерін азайту, оқушылар үйлерін сату - күмәнді бастама.

Бұл іске Ұлттық экономика министрлігі мен әкімдіктердің қолдау көрсетуі алдағы уақытта теріс нәтиже береді.

Балалар сандардың тасасында қалды. Аңызға бергісіз қаржылық мүдде

мәңгілік құндылықтарды құрдымға жіберді.

Көптеген елдімекендерде спорт немесе балалар алаңдары жоқ. Мұндай дүниелер бар жерлерді саусақпен санауға болады.

Мысалы, жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық өршіп тұрған Сарыағаш ауданында бірде-бір заманауи спорт алаңы жоқ, клуб, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі, оқушылар үйі, кинотеатр жұмыс істемейді. Яғни таң қалудың қажеті жоқ.

Балалар бандитизм ерлік ретінде насихатталатын фильмдер мен  виртуалды ойындардан көргендерін қайталап, оны өмірлік құндылық санап жүр.

Біз қазіргі заманда тәрбиенің бұрынғы құралдары: жиналыс, қаталдық қауқарсыз екенін түсінуге тиіспіз. Жастар мен жасөспірімдерді тәрбиелеуде жүйелі, жоспарлы жұмыс қажет.

Осыған орай:

  1. Ұлттық экономика министрлігіне, әкімдіктерге – балалар мен жастарға қосымша білім беретін мекемелердің ғимараттарын сату мен оңтайландыруды сатуды доғаруды,
  2. Мәдениет және спорт министрлігі мен әкімдіктерге – Мемлекет басшысының бұқаралық спортты насихаттауға қатысты тапсырмасын толық жүзеге асыруды, Шымкент қаласы білім және мәдениет басқармасының «Театр – балаларға, балалар – театрға» деген бастамасын қолдауды,
  3. Білім және ғылым министрлігіне:

- оқушылардың жүктемесі жеңілдеген кезде олардың бос уақытын мектептегі қосымша білім беру үйірмелеріне жұмсауды, психологтар мен әлеуметтік тәлімгерлердің біліктілігін жетілдіру шарасын қабылдауды, мамандарды өзіне қатысы жоқ іспен айналыстырмауды, психологтарға кәсіби кеңес беретін республикалық call-орталық ашуды, әр оқушыны тәулік бойы тегін жұмыс істейтін 111 сенім телефоны бар екені туралы ақпаратпен   қамтамасыз етуді,

  1. Салалық министрліктерге:

- төбелеске, бопсалауға төзбеу тәртібін енгізуді, полицияға оқушылар арасындағы проблемаларды жеткізбегендерді қылмысты бүркемелегендердің қатарына қосуды,

  1. Президенттің волонтерлер мен еріктілерге қатысты бастамасын мектептерге енгізуді, қоғамдық жұмысқа араласқандарды гранттармен ыталандыруды,
  2. Балалар мен жастардың тәрбиесіне қатысты стратегиялық жоспар құру мақсатында педагогтардан, қоғам қайраткерлерінен, кәсіби психологтардан, сарапшылардан ведомстааралық комиссия құруды ұсынамыз.

Біз ұлы Абайдың: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі кінәлі» деген сөзін қаперімізде ұстауға тиіспіз.

Заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

«Халық  коммунистері»                                    

Фракциясының депутаттары

И. Смирнова       

Ж. Ахметбеков

Г. Баймаханова

А. Қоңыров 

В. Косарев

М. Магеррамов

Т. Сыздықов

«Нұр Отан»                                                                         

Фракциясының депутаттары

Ж. Нурманбетова

Б. Хаменова

30.01.2019 жылы жарияланды

Прочитано 136 раз
Другие материалы в этой категории: « Депутаттық сауал Депутаттық сауал »

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.