Среда, 06 марта 2019 16:51

Депутаттық сауал Избранное

Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Республикасының

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

Б.М.Сапарбаевқа

Депутаттық сауал

Құрметті Бердібек Машбекұлы!

«Халық коммунистері» фракциясының мүшелері басқа партиялардағы көптеген әріптестері секілді Сіздің Үкіметтің негізгі министрліктерінің біріне жетекші болып тағайындалғаныңызды оң қабылдады. Ұлт көшбасшысы,  ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дамушы экономиканың бағытын белгілеу барысында әлеуметтік  мәселелерді шешу мен әр адамның әл-ауқатын жақсартуға басымдық берілуі тиіс екенін атап көрсетті.

Біз, өз кезегімізде Мемлекет басшысы жүктеген міндеттің жауапкершілігін көтеруде және тиісті заңнамалық база қалыптастыруда  Сіздің басқаруыңыздағы мекемемен тығыз қарым-қатынас орнатуға әзірміз.

Бүгін біз «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» заңына назар аудармақпыз. Мемлекеттілігіміздің қалыптасу кезеңіндегі ең қиын уақытта аталмыш заң еліміздегі  тұрақтылықтың сақталуы мен сенімнің орнауын қамтамасыз етті. Осыдан бері 15 жыл өтті. Біздіңше, жаңа талап жаңа көзқарасты, ал заң түзетуді қажет етеді.

Біріншіден, Мемлекет басшысының жетекші партияның съезінде берген азаматтардың өмір сапасы мен әл-ауқатын жақсарту туралы  тапсырмасын жүзеге асыру үшін қазіргі жәрдемақылардың көлемін инфляциялық үдеріс пен халықтың сатып алу мүкіндігінің айлық есептік көрсеткішін назарға ала отырып  ұлғайту қажет.

Екіншіден, жоғарыдағы заңның 7 бабындағы 1,2,3,4 тармақтар сұрақ туғызады. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 16 айлық есептік көрсеткіш есебінде жәрдемақы қарастырылған, ал жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдарға 6,19 және 7,55 айлық есептік көрсеткіш есебінде жәрдемақы беріледі. Бұл санаттағы адамдар жәрдемақыны 2-2,5 есе аз алатын болса, не үшін Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерімен теңестірілген?

Үшіншіден, жоғарыдағы баптың 8,9,10, 10-1, 10-2 тармақтарын да қайта қарау қажет. Кеңес Одағының Батырларына, «Даңқ» орденінің барлық дәрежедегі кавалерлеріне 163,63 айлық есептік көрсеткіш, соғысқа қатысқан Социалистік Еңбек Ерлеріне 74,65 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы бекітілген. Атап өтейік,  Алматы қаласында жалғыз Батыр қалды.  (Министрлік «Даңқ» орденінің үш дәрежесімен марапатталғандар туралы мәлімет бере алмады. Негізінде оларды жатқа білулері керек). Бұлармен бірге ай сайын  «Халық қаһарманы», «Қазақстанның еңбек ері» атағының иегерлері ай сайын 350000 теңге жәрдемақы алады. Атақ иелерінің басым бөлігі өндіріс орындарын ұйымдастырған, ел экономикасына елеулі үлес қосқан, жағдайы жақсы адамдар.

Социалистік Еңбек Ерлері мен «Даңқ» орденінің барлық дәрежедегі кавалерлері жоғарыдағы санаттағы адамдардан 60 есе аз жәрдемақы алады. Республикада дәл осы санаттағы 70-ке жуық адам қалды. Олардың басым бөлігін механизаторлар, дәнекерлеушілер, құрылысшылар, дәрігерлер, мұғалімдер және мал шаруашылығы мен мәдениет саласының өкілдері құрайды. Бір сөзбен айтқанда олар елдің экономикалық, интеллектуалдық дамуына, тәуелсіз мемлекеттің өркендеуіне  үлес қосқан адамдар. Бұл санаттағы адамдардың дені қарапайым өмір сүреді. 

Бүгінгі таңда жоғары атақ алған Батырлар, көпбалалы аналар және басқа санаттағы адамдар құжат жинап, шенеунік жағалап, өздеріне тиесілі  сыйақыны сұрап алуы керек деген ұғым ескірген. Біздіңше, барлығына  Президенттің марапат туралы Өкімі темірқазық болуы керек, ал өкілетті орган бюрократиялық кедергіні айналып өтетін механизмді іске қосуы тиіс. Жұмыс үдерісін цифрландыру саясаты шеңберінде бұл істі оп-оңай атқаруға болады.

Құрметті Бердібек Машбекұлы!

Коммунист-депутаттар жолданып отырған сауал халықты әлеуметтік қорғауға қатысты қолданыстағы заңнаманы жан-жақты сараптауға түрткі болады деп үміттенеді. Осы орайда біздің ұсыныстарымыз бен ескертулерімізді қарастыруларыңызды өтінеміз.

Заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен, «Халық коммунистері» фракциясының мүшелері:

Т. Сыздықов

Ж. Ахметбеков

Г. Баймаханова

А. Қоңыров

В. Косарев

М. Магеррамов

И. Смирнова 

2019 жылы 6 наурызда жарияланды       

Прочитано 8 раз
Другие материалы в этой категории: « Депутаттық сауал ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ »

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.