Среда, 13 марта 2019 14:12

Жақсылыққа – қайырымдылықпен, мейірімділікке - ізгілікпен Избранное

Оцените материал
(0 голосов)

Жазушы Ромен Ролланның «Добро – не наука, оно действие» деген қанатты сөздері ҚКХП  Астана қалалық комитеті кеңсесінің қабырғасында жазылып тұр. Бұл жер Астанадағы «Шапағат» халықтық жобасының да кеңсесі болып табылады. Бұл қанатты сөздерде Қазақстан Коммунистік Халық партиясы жобасының барлық мәні жатыр. Өмірдің қиын жағдайына тап болған адамдар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға қолдау көрсету жайлы барлығы айта алады. Ал күнделікті күйбең тіршіліктен бір мезет бас алып, балаларына бір үзім нан таба алмай отырған аналарға немесе қақаған аязда жылуға зар болып отырған отбасыларға шынайы көмек көрсетуге жүректері махаббат пен мейірімге толы адамдар ғана бара алады.

2016 жылы Қазақстан Коммунистік Халық партиясы мұқтаж азаматтарға көмек көрсету мақсатында  «Шапағат» жобасын іске қосты. Астанадан бастау алған «Шапағат» жобасының қазіргі таңда республика бойынша партияның облыстық және қалалық комитеттерінің жанында жұмыс істейтін 17 бөлімшесі бар. Жобаның қабылдау пункті киімдер, аяқ-киімдер, тұрмыстық техника, ыдыс-аяқ, балалар орындығы, итарбалар, арбалар, керуеттер, ойыншықтар, кітаптар, сөмкелер, канцелярлық тауарлар, азық-түлік және т.б. қабылдайды. Мұның барлығы көмек сұрап келгендерге үлестіріледі. Жобаның әлеуметтік желілерде өзінің жеке парақшалары бар.  Парақшаларда кедейліктің шегінде қалғандар ғана емес, мәселелерінің шенеуніктер тарапынан назарсыз қалған азаматтардың жүздеген оқиғалары орналастырылған. 

- Жобаны құру идеясы жоқтан пайда болған жоқ. Біз халықтық партиямыз. Біздің қалалық және облыстық комитеттердің қоғамдық қабылдауларына өз проблемаларымен  шағымданып келетін азаматтар өте көп. Олардың басым бөлігі әлеуметтік жағынан қорғалмаған санаттағы азаматтар: жалғызбасты аналар, көпбалалы отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, жалғызбасты зейнеткерлер, мүгедектер, сотта және өзге де инстанцияларда әділдікке қол жеткізе алмай жүрген азаматтар. Біз олардың барлығына көмек көрсетуге тырыстық: заңгерлік және психологиялық кеңестер бердік, меморган және банк мамандарымен кездесулер ұйымдастырдық, оқыту курстарына тіркеуге және жұмыс тауып беруге көмектестік. Сөйтіп ҚКХП Орталық Комитетінің Хатшысы Айқын Қоңыров бұл жұмысты жүйелендіруді және оған белгілі бір формат беруді ұсынды. Осылайша үш жыл бұрын партияның халықтық жобасы дүниеге келді. «Шапағат» атауы орысша «заступничество», «благодеяние», «милость» деген мағына береді, - дейді республикалық «Шапағат» халықтық жобасының үйлестірушісі Назгүл Мағжан.

Ал Айқын Ойратұлының сөзінше, 2014 жылғы дағдарыстың екінші толқыны халықты есеңгіретті,  көптеген қазақстандықтар үлкен проблемаларға тап болды:  жұмысссыздық, несие бойынша қарыздар, баға өсімі, табыстың төмендеуі, мұның өзі жалпы өмір деңгейінің төмендеуіне әкеп соқтырды. Бұл үдеріс Астанада айқын білінді, себебі елордаға табыс табу, балаларына лайықты білім беру мен сапалы медициналық қызмет   алу үшін келетіндер  көп. Әбден торыққан адамдар депутаттарға және қоғамдық қабылдауларға материалдық көмек, киімдер, азық-түлік сұрап келетін.

- Біз уақыт өте келе өзіміздің ресурстарымыздың жетпейтінін түсіндік. Біздің жақтастарымыз бен қарапайым  адамдардан көмек сұрау шешімі қабылданды. Мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге ниетті адамдар көп болып шықты. Ал коммунистердің парламенттік партиясының мәртебесі   бұл іске сенімділік берді.  Осылайша «Шапағат» жобасы пайда болды. Біз қазіргі таңда көмекке мұқтаж адамдар мен көмек көрсетуге әзір адамдарды бір бірлеріне тауып беруга ғана көмектесумен шектеліп отырған жоқпыз, сонымен қатар өзіміздің медиялық ресурстар арқылы жобаның мүмкіндіктерін кеңейтуге тырысып жатырмыз,  - деді А.Қоңыров.

2019 жылдың 5 наурызында ҚКХП Астана қалалық комитетінің кеңсесінде «Шапағат» халықтық жобасының «ҚКХП: бізбен бірге жақсылық жаса» ұранымен ашық есік күні өтті. Бұл күні қалалық комитетте жобаның белсенділері мен қамқорлығындағы адамдар, еріктілер мен кәсіпкерлер, көмекке мұқтаж адамдар және көмек көрсетуге ниетті азаматтар бас қосты.

- Біз бүгін «Шапағат» жобасының үш жылдық қызметін қорытындылап, нәтижелерімізбен бөлісіп, қамқорлықтағы азаматтармен бірге еріктілерге және қолдау көрсетіп жүрген барлық азаматтарға алғыс айтқымыз келіп отыр, - деді ҚКХП Астана қалалық комитетінің бірінші хатшысы Нұрдәулет Оразханов.

Іс-шара ұйымдастырушыларының сөзінше, үш жыл ішінде «Шапағат» жобасы аясында 10 мың отбасыға көмек көрсетіліп, 248 мың бірлік киім мен 12 тонна азық-түлік үлестірілді, мектеп формасы мен сөмкелермен, канцелярлық жабдықтармен 5 мың оқушы жабдықталды. Бұған қоса коммунистер 100 отбасыға құжат алуға жәрдемдескен, 30 бала уақытылы көрсетілген көмектің нәтижесінде өз отбасыларында қалған, 20 отбасы баспанаға қол жеткізген. 8 мың заңгерлік кеңес берілген. Сонымен қатар коммунистер жоба қамқорлығындағыларға 100-ден астам мәдени іс-шара ұйымдастырған. Жуырда  бір топ студенттердің бастамасымен «Шапағат» жобасы жанынан «Жастар шуағы» еріктілер қозғалысы құрылды.

Бүгінгі таңда жоба қазақстандықтардың әлеуметтік жағынан осал тобы арасында кеңінен танымал. Қажетті көмек алған адамдар өзгелерге «Шапағат» туралы ақпарат беріп, қоғамдық қабылдау мен жоба кураторларының  байланыс телефондарын ұсынып жатады.  Материалдарға жауап беріп отыратын әлеуметтік желілердің белсенді қолданушыларынан басқа, тұрақты демеушілер тобы да пайда болды. Олардың арасында депутаттар мен кәсіпкерлер бар, бірақ басым бөлігін қарапайым адамдар құрайды.

Жобаның ең басты күші бұл – еріктілер. Бұл - жалпы ел игілігі үшін ерікті түрде және қайтарымсыз атқарылатын қызмет.

- «Шапағат» жобасының белсенділері, біздің еріктілер ауқымды жұмыс атқарады. Бұл эмоционалды ауыр әрі тұрақты жұмыс кестесі жоқ еңбек. Олар көмекке мұқтаж және көмек көрсетуге әзір азаматтармен үнемі байланыста болады. Өтініштер бойынша жұмыс істейді, демеушілермен кездеседі, азық-түліктер мен киімдерді тасымалдайды, телефондарға жауап береді, мәліметтер таратады, фотоесеп жіберіп отырады, - дейді коммунист, ҚКХП-ның Мәжілістегі депутаты Тұрғын Сыздықовтың көмекшісі Гаухар Өтелбаева.

Коммунистер көмекке мұқтаж адамдардың санын азайту үшін мемлекет азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге кешенді шаралар қолдануы  тиіс деп санайды. Себебі «Шапағат» жобасына келетін адамдардың басым бөлігі жұмыс орындары, сапалы медициналық қызмет пен мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін оңалту орталықтары, жақсы өмір сүруге ешқандай үміті жоқ ауылдар мен қалашықтардан келеді. Олардың арасында жатып-ішер мен қараудағы адамдар өте аз. Олар кез келген жұмыс істеуге, мемлекеттен тегін баспананы талап етпей, баспананы қолжетімді бағаға жалдауға дайын азаматтар.

Қиын жағдайға тап болған адамдарға үміт отын жағу, көңіліне сенім ұялату маңызды. Оларды өз проблемаларымен жеке қалдырмай, жақсы болашаққа сендіру, өзі және отбасы үшін жақсы өмір сүруге бар күшімен күресуге итермелеу қажет. Жоба белсенділері олардың қамқорлығындағы адамдардың арасында кезінде өздері көмек алып, ал қазіргі кезде өздері біреуге қол ұшын беріп отырғандар бар екенін айтты.

Қалалық комитеттің іс-шарасына қатысып отырған Құрмет Жанзақованың оқиғасы жуырда Назгүл Мағжанның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды. Алты бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы Қоянды ауылының шетінде орналасқан металл контейнерде тұрған. Отбасының жәрдемақыны қосқандағы табысы 50 мың теңгені құрайды. Үлкен балалары жұқа киіммен мектепке дейін 4 шақырым жер жүріп барады. Отанасы әкімдікке бірнеше рет барған, бірақ шынайы көмекті тек ҚКХП-ның халықтық жобасынан алған.

- Мен жоба туралы танысымнан естіп, қалалық комитетке келдім. Кейін олар бізге келіп, азық-түлік әкеліп, жағдайымызды көрді.  Әлеуметтік желілерде біз туралы материал шыққан соң, екі күн ішінде көптеген адамдар көмек көрсетті: балаларға киімдер, азық-түлік, тіпті ақша да әкеп бергендер болды. Біздің жағдайымызға билік назар аударды. Қазіргі кезде бір мейрімді азамат бізге баспана жалдап берді, тоңып отырған жоқпыз. Жағдайымыз жаман емес.  Жоба еріктілеріне және өзгенің қайғысына бей-жай қарамайтын адамдарға алғыс айтқым келеді, - деді Құрмет.

ҚКХП Астана қалалық комитетіне келгендердің барлығы партияға «Шапағат» әлеуметтік жобасы үшін алғыстарын айтып, демеушілер мен еріктілерге ризашылықтарын білдіріп жатты.

Коммунистер еріктілер мен жобаға ақпараттық қолдау көрсеткен арнайы шақырылған қонақтар: Санди Сұлтанға, Лаура Түсіпбековаға, Айнұр Сабыржановаға, Мұрат Теміржановқа, Қарлығаш Жүсіпбековаға, Светлана Байжұмановаға, Дана Әбілдинаға, Гаухар Мамырханқызына, Ажар Имашеваға, Лаура Сакановаға, Ирина Севостьяноваға, Клавдия Дранкоға, Гүлназ Рүстемқызына, Әсел Мажитоваға, Андрей Юнға, Дәурен Дүйсенбинге алғыс хаттарын табыстады.  «Шапағат» халықтық жобасының ашық есік күндері Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өткізілгендіктен, барлық аруларға жүрекжарды құттықтаулар мен гүл шоқтары берілді. Меймандар үшін шағын концерттік бағдарлама көрсетіліп, фуршет әзірленді.

- Өкінішке орай, біздің қоғамда көмек пен қолдауға мұқтаж адамдар әрқашанда табылады. Мен мұндай игі істерді үнемі қолдаймын, мен үшін мұндай жобаға қатысты болу өте маңызды. Бір бірімізге көмек көрсетіп, қолдау жасап тұруымыз қажет, - деді танымал телерадиожүргізуші, «SS Lab» тележүргізушілер  телелабораториясының негізін қалаушы Санди Сұлтан.

Коммунистер көмекке мұқтаж отандастарымызға көмек көрсетуге және оны жария етуге шақырады. Игі ісіңіз туралы айтып жүріңіз, сонда ғана сіздің ісіңізді жалғастыратындар табылады. Адамдар бірдей мүмкіндіктері бар азаматтардың өзгеге көмек көрсетіп жатқанын көргенде, өзінің де жақсылыққа, игі іске ниеті оянады. Жақсы үлгі көрсетіңіз, достарыңызды, таныстарыңыз бен әріптестеріңізді игі істерге итермелеңіз.

Әсия КҮЗЕМБАЕВА

AstDobroNenauka 6AstDobroNenauka 6AstDobroNenauka 6AstDobroNenauka 6AstDobroNenauka 6AstDobroNenauka 6

Прочитано 124 раз

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.