Четверг, 13 сентября 2018 11:48

Депутаттық сауал Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Е.А. Досаевқа Избранное

Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Республикасы

 Премьер-министрінің орынбасары

  Е.А. Досаевқа

 

 

 

Депутаттық сауал

Құрметті Ерболат Асқарбекұлы!

Біз Президенттің бастамасымен қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қазақ халқының байырғы тарихын жаңғыртуға, ұлы мұрамызды қорғауға және насихаттауға бағытталған бағдар деп түсінеміз. Өткенді құрметтеу арқылы біз осы күнді қалыптастырамыз және болашаққа үлкен сеніммен қараймыз.

Тарих - ұлтты ұйыстыратын, ұрпақ сабақтастығын сақтайтын, заманның жоғары талаптарына сай, өз халқының озық дәстүрін бағалайтын және жандандыратын жас ұрпақты тәрбиелейтін факторлардың бірі. Біз болған барлық аймақтарда бұл бағыт бойынша жұмыс атқарылып жатыр.

Кез келген ауқымды жобада өзінің кемшіліктері болады, оларды істің басында шешу қажет.

Осыған орай біз Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданына назар аудартқымыз келіп отыр. Бұл аймақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап маңызды тарихи оқиғаларды жаңғыртуға белсене кіріскен. Бұл туралы республикалық және облыстық газеттер мен теледидарларда көптеген материалдар жарияланды. Ұлы және орта жүз өкілдері, елінің еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін күрескен Қарасай және Ағынтай батырлар жерленген жерде мемориал бой көтерді. Жол салынып, зиярат етушілер үшін ғимараттар да салынды. Кешен туристер үшін көрнекті жер болып табылады. 

Қиын-қыстау жылдарға қарамастан  1993 жылы өз заманының белді тұлғасы, қазақ тарихында өшпес із қалдырған Ақан сері Қорамсаұлының 150 жылдығы аталып өтті. Осы датаға орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен, облыс аудандарының, құрылыс трестері мен қатардағы азаматтардың күшімен Ақан сері атындағы ауыл қолданысқа берілді.  Ауыл барлық инфрақұрылымы қамтылған 70 коттеджден тұрады. Ауыл  орталық жылу жүйесімен, су, кәріздендіру жүйесімен, электр қуатымен қамтылған, өзінің мектебі, мәдениет үйі бар, көше жолдарына асфальт төселінген,  аудан орталығына дейін жол жүргізілген. Ауылдың ашылуымен қатар Ақан серіге арналған ескерткіш те тұрғызылды. Ескерткіштің авторы танымал мүсінші Т.Досмағанбетов.

 Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл жерге Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Өзбекстан мен Қырғызстанның да президенттері ат басын тіреген. Мүмкін бұл жерде біздің Мемлекет басшысының бастамасымен достық пен келісімнің, өзара тиімді ынтымақтастықтың іргетасы қаланған болар. Сол кезде Президент атқарылған жұмысқа жоғары баға беріп,   «Болашақта республиканың барлық ауылдары осындай болуы тиіс» деген екен. 

Бүгінгі таңда бұл тарихи жер мен нысандар ұмыт болған.

 Біріншіден, ауылда 15 отбасы ғана қалған. Жұмыстың жоқтығынан көптеген тұрғындар көшіп кеткен. Осы күнге дейін ауданда 7 әкім ауысқан, бірақ олардың ешқайсысы бұл мәселеге назар аудармаған.

 Екіншіден, қараша айында Ақан серінің туғанына 175 жыл толады. Тарихи тұлғаның мерейтойына дайындық оның туған жерінен бастау алуы тиіс. Бірақ ешбір республикалық, облыстық немесе аудандық басылымдарда бұл тақырыпта материалдар көрінбейді. Мүмкін бұл дата ешбір жоспарға енбеген де шығар.

 Аудан тұрғындары Мемлекет басшысының бақылауы мен қолдауымен бой көтерген Ақан сері атындағы ауыл тағдыры Үкіметтің назарына ілінуі қажет деп санайды. Үкімет ауыл жағдайын тиянақты саралап, оның қайта жаңғыруына бағытталған іс-шаралар құрастыруы тиіс.

 Танымал мүсінші Т.Досмағанбетовтың Ақан серіге жасаған ескерткіші де ерекше назарды талап етеді деп санаймыз. Ескерткіштің елдің тарихи құндылықтар тізіміне енгізілуі мен республикалық есепке алынуын қарастыруды сұраймыз. Оның тағдыры жоғары жақтан шешілуі тиіс.

   Облыс әкімі облыстың барлық оқушыларын аймақтың тарихи құндылықтарымен, соның ішінде  Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғанымның үйімен таныстыру міндеттемесі туралы шешім қабылдады.  Бұған қаражат та бөлініп отыр. Бірақ мұның барлығы аймақтағы тарихи орындардың елдің және әлем туристерінің жаппай келуін қамту үшін аздық етеді. Ол үшін жолдар мен инфрақұрылым қажет. 

 Халқымыздың: «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басына шабасың ба?» деген, терең ой қалдыратын сөзі еске келді. Біздің үкіметте, қоғамда осы мақалды дұрыс түсініп, көлденең той-думан, мерекелерге ақшаны шашыратпай, ерекше қадірлейтін Абай, Шоқан, Ақан сияқты тұлғаларымызды биіктен түсірмеу үшін қызмет жасайтын азаматтар бар деп сенім білдіреміз.

Қарауыңызды сұраймыз. Жауапты заң бойынша өзіңізден күтеміз.

12 қыркүйек 2018 жылы жарияланды                .

«Халық коммунистері» фракциясының мүшелері:                                  Сыздықов Т. И.

                                                                                                      Ахметбеков Ж. А.

                                                                                                      Баймаханова Г. А.

                                                                                                      Қоңыров А. О.

                                                                                                      Косарев В. Б.

                                                                                                      Магеррамов М. М.

                                                                                                      Смирнова И. А.

«Қазақстан халқы ассамблеясы» депутаттық тобының мүшесі                 Ш. Нұрымов

Прочитано 38 раз

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.