Среда, 27 декабря 2017 00:05

Мәжіліс депутаты үкіметке қолайсыз шынайы сандарды жария етті

Оцените материал
(0 голосов)

Экономикалық жылдың нәтижесін  қорытындылай келе,  қазақстандық сарапшылар 2017 жылғы жағдай көңіл көншітпейтінін айтты. 2014 жылы энерго  тасымалдаушы бағасының төмендеуінен басталған жүйелік дағдарыс әлі күнге дейін халықтың шынайы табысының төмендеуіне, инфляцияның өсуіне, банк саласындағы дағдарысқа әсер етіп отыр. Дегенмен биылғы жылы экономиканың қалыпқа келуі байқалып отыр, бірақ ол көп жағдайда  мұнай бағасының өсуіне байланысты.

Қазақстан 2017 жылды қандай экономикалық нәтижемен қорытындылап жатқандығы туралы  Kaktakto Парламент Мәжілісінің депутаты, экономист Айқын Қоңыровпен сұхбаттасты.

– 2017 жылғы Қазақстан экономикасындағы оқиғалардың қайсысын негізгі деп атар едіңіз?

– Биылғы жылы негізгі оқиғалар елеулі өзгерістерге ұшыраған қаржылық жүйеде орын алды. Біріншіден, банк секторында активтердің ерекше құрылымы құрылды. Біз «үлкен үштік» моделінен «үлкен екілік» моделіне, ал биыл үлкен «бірлікке» ауыстық. Халық банкі «Казкомның» бақылау пакетін 1 теңгеге сатып алғаннан кейін үлкен басымдыққа ие болды. Алдағы уақытта қандай да бір құрылым оған бәсекелес болмақ түгілі, көшбасшылардың бірі мәртебесіне де жақындай алмайды.  Қазақстандық банкингте мұндай жағдай болған емес,  басқарушының қаншалықты бұған дайын екендігі мүлдем түсініксіз. Екіншіден, «сауықтыру» сияқты екі ұшты атауға ие болған коммерциялық банктерге көмек көрсетудің теңдессіз бағдарламасы іске қосылды. Негізінде мемлекет есебінен жеке меншік қаржы институттарының басқару мәселелерін шешу дұрыс емес, әсіресе бұған дейін «проблемалық қарыздар» мәселесі жасырынып келгендігін ескерсек. Қаңтар-қазан айлары бойынша екінші деңгейлі банктер алдындағы проблемалық қарыздар соммасы 64 %-ға  өсіп кеткен! Бұл жағдай елдің қаржылық жүйесі шын мәнінде «қара жәшік» болып табылатындығын, ал ресми статистика оның шынайы болмысы туралы ешқандай түсінік бермейтіндігін  көрсетті. Бұған қоса сауықтыру бағдарламасы банк секторы мен жалпы нарықтық экономикадағы ойын  ережелері туралы барлық түсініктерді бұзды. Үшіншіден, біз болашақ ұрпақ үшін қордың өсу кезеңінен басты қаржылық ресурс Ұлттық қордың жылдам қысқару кезеңіне өттік.   2016 жыл мен 2017 жылдың үш тоқсанында Ұлттық қордың таза активтерінің көлемі  2 миллион 949 миллиард теңгеге қысқарған, яғни 12%-ға. Долларлық есептеудің талдауы бойынша жағдай тіпті ушығып тұр. 2015 жылдың басында Ұлттық қордың активтері 73,2 миллиард долларды құраса, қазіргі таңда олар 22%-ға сығылып, 56,8 миллиард долларға қысқартылған. Ұлттық қор түсімдерінің басты қайнар көзі мұнай секторы болғандықтан, қазіргі бағалар динамикасында түсімдердің ұлғаюына ешқандай алғышарттар жоқ.  Осылайша Ұлттық қор өзінің сенімді  «қауіпсіздік тірек» қызметін жоғалтады. Сонымен қатар мемлекеттік көмекке үміт артушылардың саны да азаймайды, себебі банктік, аграрлық, өнеркәсіптік сияқты бірқатар салалардың жүйелік мәселелері шешілмеген. Төртіншіден, осы жыл маңыздылығы жағынан екінші қаржылық ресурс Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жанжалмен есте қалады. БЖЗҚ басшылығын қамауға алу, зейнетақы қаржысын проблемалық Халықаралық Әзірбайжан банкіне инвестициялауға байланысты жағдай тәуекелдерді басқару жүйесінің әлсіздігін көрсетті. Бесіншіден, елдің сыртқы қарызы жылдам қарқынмен артып келеді, өзінің тарихи максимумы 170 миллиард долларға жетіп қалды. 2016 жылдың өзінде және 2017 жылдың жартысында ол 14 миллиард долларға артты. Осылайша қор мен қарыз арасындағы «вилка» көлемі қауіпті болып тұр.

– Яғни Қазақстан экономикасы тығырыққа тірелді?

- Банктердегі қиын жағдай, сауықтандыру бағдарламасын іске қосу, халық пен кәсіпкерліктің шынайы табысының азаюы кезінде депозиттер бойынша мөлшерлемелердің төмендеуі салымдар түсімінің  бұғатталуына әкеліп соқтырды.  Бұған дейін банктік жүйе шетелдік арзан несиелер сияқты сарқылмайтын бұлақ болып көрінген қаржылық түсімді жоғалтты. Енді ол халықтың қаражатынан да айырылуда. Бар үміт мемлекетте ғана. Бірақ ол да көмек көрсетудің шегіне жетті, мемлекетке Ұлттық қор мен БЖЗҚ есебінен біреуді құтқару туралы емес, олардың өздерін сақтап қалу туралы қамдану қажет.

Бағаны түрлендірмей, «отыруға» лайықты қайнар көз іздейтін паразиттік деп сипаттауға болатын қазіргі қаржылық модель толығымен өз күшін жойды.  Дәл осылайша осы саладағы мемлекеттік саясат та өзін сарқыды, себебі небәрі бір жылдың ішінде қаржылық шынайылық өзгерді.

Банктерге экономикаға жұмыс істейтін мүлдем жаңа қаржылық стратегия қажет. Олар жұмыс ретін түбегейлі өзгертеді, я болмаса бүкіл экономиканы құрдымға апарады. Бұл 2017 жылдың басты сабағы және 2018 жылға берілген негізгі үй жұмысы.

–  Бірақ сарапшылар экономиканың баяу да болса қалыпқа келуі мен өсімнің басталуы туралы айтып жатыр...

– Алғашқы үш тоқсанда экономика өсімнің дағдарысқа дейінгі динамикасын көрсетті – 4,3%. Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша жыл соңында ЖІӨ-нің өсімі 3,4%-дан кем емес болады.  Үлкен көрсеткіш болмаса да, 2015-2016 жылдардағы ЖІӨ-нің бір пайыздық өсімімен салыстырғанда әсерлі болып көрінеді.

– Қазақстандық экономика кезекті дағдарыстық кезеңді еңсерді және жаңа шынайылыққа бейімделді деуге болады ма?

– Бұл сұраққа қазіргі жағдайдың немен байланысты екендігіне қарай жауап беруге болады.  Өсімнің басты драйвері өнеркәсіп болды. Ол екі жыл қатарынан  рецессияға ұшырады, мұндай жағдай 1995 жылдан бері байқалған емес. Енді қазақстандық индустрия одан шығып қана қоймай, 8,3%-ға дейін көтерілді. Сәттіліктің құпиясы қарапайым – шикізат бағасы конъюнктурасының жақсаруы. Тау-кен өнеркәсібінің ауқымы 11,3% артқанын көрсеткен. Экономикада нағыз шикізаттық серпіліс болып жатыр. Экономикамыздың барлық алпауыттары өсудің қос таңбалы қарқынын паш етті.

Алғашқы үш тоқсанда мұнай өндіру 13 % артқан, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Қазақстан 7 млн тоннадан астам «қара алтын» өндірген. Қашағандағы өндірісті іске қосу және тұрақты баға жағдайы мұнайшыларға үлкен мүмкіндік туғызады. Көмір өндірісі 14%-ға, табиғи газ 16%-ға, мыс кені 28%-ға, темір кені 11%-ға артқан. Қайта өндіруші сектор да 5,7%-ға өскен. Көлемнің жартысын, яғни 6,5 трлн теңгенің 2,9 трлн теңгесін металлургия қамтамасыз етті. Бұл жерде де қолайлы баға жағдайы мен мыс саласындағы ірі жобалардың артуы өсімнің қозғаушы күші болып отыр.

Алайда ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығарылымы небәрі 1,9% артқан. Барлық болжамдарға қарамастан агроөндірістік кешен алдыңғы қатарға шыққан жоқ. Елден шығарылатын мұнай мен ел ішінде сатылатын мұнай өнімдері бағасының қазіргі динамикасы жағдайында бұған қол жеткізу қиын болады. Алайда өсімнің қандай да бір жаңа моделі туралы айту қажет болмай отыр. Қазіргі өсім сол бұрынғы факторларға байланысты – мұнай өндірісі мен металл экспортының артуы.

ЖІӨ өсімінің жағдайы қандай?

– Нарықтағы жағдай өзгерді. Әзірше экономикалық өсімнің жаңа моделі болмағандықтан, біз осы кездегі барлық парадокстарды байқап отырмыз. Бензин өндірісі 6,1% -ға, көмір өндірісі 14%-ға артқанымен, біз тапшылыққа тап болдық. 4,3% өсім жағдайында шынайы ақшалай табыс 2,5%-ға азайды. Сондықтан ЖІӨ өсімінің ресми көрсеткіші үкімет жұмысын бағалаудың  өлшемі ретінде өз мәнін жоғалтқан.

Экономика қолайлы әлемдік баға сияқты атқарушы билікке мүлдем байланысы жоқ себептермен артып келеді. Демек шикізаттық емес ЖІӨ мен халықтың шынайы табысын бағалау қажет, ал ол басқа тәртіптегі және үкімет үшін аса қолайсыз сандар.

Сілтеме: kaktakto.com

Прочитано 22 раз
Другие материалы в этой категории: « Бар бәле – бөліністе ЗАМАНАУИ ПРОЛЕТАРИАТ »

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.