Понедельник, 02 апреля 2018 10:22

Партияаралық серіктестікке сенім білдірді

Оцените материал
(0 голосов)

ҚКХП Алматы қалалық комитетінің бірінші хатшысы Әлібек Шапенов, Қостанай облыстық комитетінің белсенді өкілі Асылбек Шайхин және «Коммунист Казахстана» журналының бас редакторы Қанат Махамбет  Грузия коммунистерінің шақыртуымен Тбилиси қаласына іссапарға аттанды.

Қазақстан коммунистерінің делегациясын әуежайдан Грузия Бірыңғай Коммунистік партиясының төрағасы, «Социалистік Грузия» халықтық қозғалысының  тең төрағасы Темур Пипияның өзі қарсы алды.

Пікір алмасу кезінде Темур Пипия Қазақстан коммунистерінің бағыты айқын, мақсаты мығым екеніне былтыр Астанада өткен Ұлы Қазан социалистік революциясының 100 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысқан кезінде көз жеткізгенін тілге тиек етті.

«Қазақстан коммунистерінің партиясы ел көлемінде танылған, халықаралық дәрежеде мойындалған саяси ұйым. Ол мезгіл мәселесіне айналған өзекті тақырыптарды дер кезінде көтеріп қана қоймай, өткір әрі орынды сын айта біледі», - деді Грузия Бірыңғай Коммунистік партиясының жетекшісі.

Тараптар партияаралық қарым-қатынастың тамырын тереңдету сонымен қатар стратегиялық серіктестікке серпін беру үшін жиі жүздесіп, тәжірибе алмасып тұру қажет деген тоқтамға келді.

Gruziya2Темур Пипиямен сұхбат барысында осы жолдардың авторы ҚКХП-ның ақпараттық ресурстары жайлы сөз қозғады. Өз кезегінде Грузия Бірыңғай Коммунистік партиясының жетекшісі: «Ресми сайттарыңызды ашып, оқып отырамын. Әр ай сайын «Коммунист Казахстана» журналының электронды нұсқасын шолып шығуға тырысамын. Сараптамалық мақалаларыңыз, журналдың дизайны және түрлі тақырыптарға арналған айдарлары қызықтырады. Бұрын бізде де мерзімді басылым болған, өкінішке қарай, қазір ол жарық көрмейді», - деді.

Асылбек Шайхин Темур Пипияны ҚКХП-ның аймақтық комитеттерінің мақсатымен таныстырды.

«Облыстық, қалалық комитеттер партияның Орталық комитетімен ақылдаса отырып, жергілікті жерде коммунистік идеяны насихаттайды. Парламенттегі «Халық коммунистері» фракциясының бастамалары мен ұсыныстарын қарапайым халыққа жеткізеді», - деді.

Аймақтық комитет дегеннен шығады, қазақстандық делегация Грузия коммунистерінің аймақтардағы хатшыларының жиынына қатысты. Басқосу барысында  Әлібек Шапенов Қазақстан коммунистерінің атынан сөз сөйледі.

«Қазақстан коммунистері саяси теңдік пен әлеуметтік әділдік жолындағы батыл бастамаларын жалғастырып келеді. Біз Парламенттік партиямыз, сондықтан депутаттарымыз қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоғары билікке дер кезінде жеткізіп отырады», - деді ҚКХП Алматы қалалық комитетінің бірінші хатшысы.

Бұдан кейін ол Темур Пипияға «Ұлы Қазан социалистік революциясына 100 жыл» деген атпен жарық көрген халықаралық конференцияның жинағы мен «Коммунист Казахстана» журналын тарту етті. Бұған қоса қазақ батырының бейнесі бейнеленген өнер туындысы мен қамшы сыйлады.

«Біздің халықта: «Қолыңнан қам-шың түспесін» деген тілек бар. Бұл соңынан еретін халқың, сөзіңді жерге тастамайтын ұлтың болсын деген  сөз. Мен сіздердің саяси ұйымдарыңызға осыны тілеймін!» - деді Әлібек Шапенов.

Өз кезегінде «Социалистік Грузия» халықтық қозғалысының төрағасы Валерий Кварацхелия Қазақстан коммунистерінің делегациясына алғыс айтып, партияаралық серіктестікке серпін берілетініне сенім білдірді.

Осыдан соң ол қолтаңбасын қойып, ҚКХП Алматы қалалық комитетінің бірінші хатшысы Әлібек Шапеновке «Манифест о Сталине» деген кітабын ұсынды.

Айта кетейік, Грузия Бірыңғай Коммунистік партиясының кеңсесі 1903-1906 жылдары жұмыс істеген И.Сталин атындағы Авлабар жасырын баспаханасының ғимаратында орналасқан. Бүгінде бұл жер Грузия коммунистерінің кеңсесі әрі музей ретінде қызмет етіп тұр.

Грузия Бірыңғай Коммунистік партиясы төрағасының орынбасары, музей директоры Жиули Сикмашвили Қазақстаннан барған коммунистерді тарихи орынның ішінде өзі бастап жүрді.

Музей тарихы және Грузия сапарында көзбен көріп, көңілге түйгендеріміз жайлы жолсапар жазба «Коммунист Казахстана» журналының келесі санында жарық көреді.

Қанат МАХАМБЕТ

Астана-Алматы-Тбилиси

Прочитано 24 раз

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.