Понедельник, 02 апреля 2018 10:36

СВЕТЛАНА САУКЕНОВА: Барлығын кәсіби біліктілік шешеді

Оцените материал
(0 голосов)

Әйел, ана, отбасы, заң… Эмоционалды қарым-қатынас таусылып, қарапайым түсінік пен тілтабысу заң арнасына ауысса  не істеу керек? Бұл сұрақтың жауабын коммунист,  «Арман» отбасылық және медициналық құқық бюросының бас директоры, заң ғылымының магистрі, Қазақ мемлекеттік заң университетінің PhD докторанты Светлана Саукенова біледі.

–  Қазақстанда әйелге заңгер болу қиын ба?

–  Қиын емес. Ер адамдар әйел әріптестеріне құрметпен қарайды. Сот жүйесінде де, адвокаттар арасында да, жалпы заң саласында әйелдер көп. Әрине  кез келген саладағыдай бұл жерде де бәсекелестік бар, бірақ бұл жынысқа емес, кәсіби біліктілік деңгейіне байланысты құбылыс.

–  Сіздің ҚКХП-дағы қызметіңіз туралы толығырақ білгіміз келеді.

– Қазақстан Коммунистік Халық партиясын  көптен бері бақылап жүрдім. Партияның қоғамның әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобының, мүгедектердің, жалғызбасты аналардың жағдайын сонымен қатар зейнетақы жүйесі мәселесі сияқты өзекті тақырыптарға ерекше назар аударатындығы ұнады. Партия қатарына кіру – саналы қадам болды,  бұл қадам отбасылық және медициналық құқық мәселелерін шешуге және көтеруге мүмкіндік берді.  Мені осы мәселелерді партия және Парламент деңгейінде шешуге атсалыса алатыным алға жетеледі. Қазір мен партия мүшесі ретінде халыққа әлеуметтік кепілдік беру ісіне араласу мүмкіндігіне ие болып отырмын. Бұл біздің партияның басты мақсаттарының бірі.

– Түсінгеніміз, партиядағы жұмысыңыз  жаныңызға жағады ғой. Саяси ұйым қатарындағы ең жарқын күндеріңіз есіңізде ме?

– Таяуда партиядағы ер азаматтар 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Бұл мен үшін ерекше күн болды, себебі мен осыған дейін ұжымсыз, жеке-дара жұмыс істейтінмін. Депутаттық фракцияға қызмет ету, өте қызық. Үкімет сағаттарына дайындық, депутаттық сауалдарға әзірлік ыждаһаттылықты талап етеді. Ақпарат жинау, сараптау,  осының барлығы жауапкершілік жүктейді. Әзірше ҚКХП ОК хатшысының кеңесшісі лауазымында бақ сынап  жүрмін.

Мәскеуде медициналық құқықтан өткен VI Бүкілресейлік съезге, Бакуде ұйымдастырылған Бүкіләлемдік медициналық құқық конгресіне партияның атынан қатыстым. Жақында медициналық ұйымдардың құқықтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған вебинарға және халықаралық тәжірибе негізінде дәрігерлердің қателікке жол беруінің алдын алуға арналған семинарға атсалыстым. Бұл жерден тәжірибе жинақтап, үлкен ой түйдім.

– Отбасылық құқық тақырыбына оралайық. Сіздіңше Қазақстанда ер адамдарды көп қорғай ма, әйел адамдарды көп қорғай ма?

– Негізі барлығын бірдей қорғау керек.  Мысалы  ата-ананың екеуі де кәмелет жасына толмаған балаларды асырауы тиіс. Бұл әлдеқандай жағдайда ана  әкеден, әке анадан алимент талап ете алады деген сөз. Алайда бұл сұрақ бойынша заңгерлерге көбінесе әйелдер жүгінеді. Менің тәжірибемде ер адамдардың балаларды өздерінде қалдырып, алиментті аналарына төлетуді талап еткен жағдай  болды. Жоғарыда айтқанымдай, отбасы –  тең құқықты адамдардың одағы.  Отбасы мүшелерінің құқығы тең, бірінікі артық, бірінікі кем деген ұғым жоқ.

– Ажырасу туралы сөз қозғайтын болсақ, біздің елде балалар көбінесе аналарымен қалады ғой...

– Иә, дәстүрлі түрде солай. Әр жағдайды жеке-жеке қараймыз. Аналар әртүрлі болады. Олардың арасында ішімдікке, нашаға тәуелділері де кездеседі. Кейде әйелдер балаларын күйеулеріне қалдырып, басқа еркектерге кетіп қалып жатады. Дегенмен көбінесе балалардың аналарымен қалатыны жасырын еме. Біздің заңда бұл мәселеде 10 жасқа дейінгі баланың пікірі маңызды емес екені нақтыланған.  Дәл осы жаста бала шешім қабылдай алмайды деген түсінік қалыптасқан. Егер бала ересек болса, онда оның қалауы міндетті түрде ескеріледі. Яғни баладан кіммен тұрғысы келетіні сұралады.

Менің тәжірибемде 7 жасар қызға қатысты мынадай оқиға болды. Қыздың ата-анасының екеуі де ауқатты. Әкесі қызының өзімен тұруын талап етті, ал сот анасының пайдасына шешім шығарды. Кішкентай қыз биыл 10 жасқа толады, оның әкесі сотқа қайта шағым түсіріп, қызына таңдау жасатпақшы.

– Алимент өндіруге қатысты заңгерлерге әйелдер көп шағымданбай ма?

– Иә, бірақ өкінішке қарай, олардың басым бөлігі бұл қадамға кеш барады. Әйелдер күйеулерін аяйды немесе олардан қорқады. Балалары жоғары оқу орнына түсер кезде ғана алимент өндіруге кіріседі. Себебі оқу ақысын таба алмайтындарын түсінеді. Егер әкелер көмек көрсетпесе, мәселе сот арқылы шешіледі. Ол алиментті бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін төлеуге міндеттеледі. Қызы немесе ұлы жоғары оқу орнына түсетін болса, алиментті 21 жасқа дейін төлейді.

– Ақша өндіру қаншалықты мүмкін, білуімше бізде бұл мәселенің күрмеуі көп...

– Егер адам ресми тіркеліп жұмыс істейтін болса, ешқандай мәселе туындамайды. Бухгалтерияға құжат жіберіледі, ақша автоматты түрде аударылады. Әкелердің басым бөлігі табыстарын жасырады немесе өте аз табыс мөлшерін көрсетеді. Салдарынан баланың пайдасына аз алимент өндіріледі. Жақында прокуратура осы сұрақты көтерді. Мұндағылар  алимент төлеуден жалтарып жүргендерге қатаң шара қолдануды: шетелге шығуыларына тыйым салуды, көлік жүргізу құжаттарына шектеу қоюды, тіпті қылмыстық іс қозғау туралы бастама көтерді.

– Негізгі мәселе неден туындап отыр?

– Егер адам еш жерде ресми тіркеліп, жұмыс істемейтін болса, оның табысы ресми көрсетілмейді. Мұндайларды ешкім іздемейді. Коммунистер осыған дейін жұмыс істемейтін әкелерді еңбекпен қамту бағдарламасын жасауды ұсынды. Әзірше бұл бастама идея түрінде қалып отыр.

– Сіз отбасылық құқыққа қандай өзгеріс енгізер едіңіз?

– Аналардың құқығын қорғау нормасын енгізер едім.  Мен бір жасқа дейінгі баланы қамтамасыз етуге төленетін жөргекпұл мен  әлеуметтік төлемдердің аздығын айтып отырмын. Бізде декреттік демалыс үш жылға дейін созылады, ал жөргекпұл бір-ақ жыл төленеді. Түсініксіз қисын. Қалған жылдар ше? Егер отбасында әке болмаса немесе туысқандардың көмек беруге жағдайы жетпесе не болады? Жалғызбасты аналар қайтіп күн көреді?

– Сұхбатыңызға рахмет.

Cұхбаттасқан Маргарита Никитина

Прочитано 37 раз

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.