Понедельник, 02 апреля 2018 14:30

Әйелдің нәзік күші

Оцените материал
(0 голосов)

Баспасөз хатшысы білімді, ақылды, көреген, ұшқыр, байсалды және  кәсіби тұрғыда білікті болуы тиіс. Қазақстан Коммунистік Халық партиясы баспасөз қызметінің жетекшісі Назгүл Мақжанова жоғарыдағы талаптың барлығына сай тұлға.

Бұған қоса оның бойына ерекше нәзіктік ұялаған. Ол осы қасиетін кесімді пікір білдіріп, шешімді түйін шығарған кезде бірінен-бірін асырмай, я болмаса кем түсірмей, тең дәрежеде ұштастыра біледі. Бүгін біз кейіпкеріміздің кәсіби қырын емес, әйел-ана ретіндегі кескін келбеті мен болмыс бітімін ашуға тырысамыз.

Назгүл Сейітқожақызы өзі жайлы сөз қозғағаннан гөрі партияның тыныс-тіршілігін тілге тиек еткенді қош көреді. Бұл оның кәсіби әдеті ғана емес, табиғи қарапайымдылығының белгісі болса керек. Әңгіме барысында біз оның ер адамдарды қалай құрметтейтінін, әйелдерді қалай ардақтайтынын және олардың отбасы мен қоғамдағы рөлі жайлы терең толғанатынын түсіндік.

– Әйелдерге бақытсыз болуға болмайды, себебі әйелдің қарым-қатынасы өзін қоршаған орта мен айналысатын ісіне таңбасын қалдырады. Мен әйелдердің өздерін жақсы көруді, сыйлауды, ішкі жандүниесімен үйлесім табуды, өз-өздеріне әділ болуды үйренгендерін қалаймын. Бұл біздің басты парызымыз.

Бақытты әйел – бақытты қоғамның кепілі, – деді ҚКХП баспасөз қызметінің жетекшісі.

Әңгіме ауаны саясатта жүрген әйелдерге ауысқан тұста жеті жыл ҚКХП қатарында еңбек етіп, ҚКХП ОК мүшесі атанып үлгерген Назгүл Мақжанова өзін саясаткер санамайтынын нақтылап айтты.

– Мен саясаткер әйелдерге тәнтімін. Олар өте мықты, тіпті ұлы әйелдер десем де болады. Ықылым замандардан бері саясат ерлердің ісі саналады. Өз басым көшбасшы әйелдер ретінде халық қалаулылары, біздің депутаттар Ирина Смирнова мен Галина Баймаханованы, облыстық комитеттерді басқарып отырған бірінші хатшыларды қатты құрметтеймін.

Саясатқа әділдікке жаны құмар, қиянатқа төзе алмайтын әйелдер барады деп ойлаймын. Нағыз көшбасшы әйелдер түрлі түйіткілдердің түйінін тарқатуға,  адамдарға қол ұшын созуға дайын тұрады. Осылай бола тұра олар әйелдік міндеті мен жауапкершілігінен босатылмайды. Ерлермен иықтасып жүріп, отбасы мен қызметтің, оның ішінде саясаттың теңгерімділігін сақтай білетін әйелдерге таң қалмау мүмкін емес», – деді кейіпкеріміз.

Назгүл Сейітқожақызына да қызмет пен отбасы арасында жанталасуға тура келеді. Шаңырағында ол қарапайым әйел ретінде ас әзірлеп, үй жинайды, тәтті бәліш пісіріп, іс тігеді.

– Аптасына бір рет ет асамын. Бұл дәстүр менің отбасымнан бастау алған. Анам ешқандай сылтауымызға қарамай, барлығымыздың басымызды бір дастарханның басына біріктіретін. Мен отбасы үшін дәстүр қалыптастырудың аса маңызды екенін кейін түсіндім. Бұл – ұйыстырушы, біріктіруші фактор екен.

Өз басым қонақ шақырғанды жақсы көремін, үйімізге қонақ келген сайын бір жасап қаламын, – деді Назгүл Мақжанова.

Осының барлығына қалай үлгересіз деген сауалымызға мықты менеджер: «Барлығы әйелдің өзін-өзі және ісін ұйымдастыра білуіне байланысты. Ең әуелі бір рет ұйымдасқан жүйе қалыптастырып, соны сара соқпаққа айналдыру қажет. Маған мұны ешкім үйреткен, отбасымның тәжірибесінен түйдім. Себебі мен үлкен отбасында өстім, онда ешкім бос болмайтын.

Әйел қаласа мақсатына жетеді. Нәзік жанды деген атау Қазақстан әйелдеріне қатысты сөз емес», – деп жауап берді.

Асия Күзембаева

Прочитано 63 раз

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.