Понедельник, 11 марта 2019 14:24

Өтірік неге керек шын болмаса... Избранное

Оцените материал
(0 голосов)

Ресми ақпараттарға қарағанда былтырғы жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 5,3 пайыз болыпты. 2017 жылмен салыстырғанда бұл 6 пайызға ғана артық. Тіпті керемет, мұндай болса жағдайымыз жаман болмағаны ғой. Бірақ, «өлгеніңді жасырарсың, көмгенде қайтерсің» демекші  мұның жалған екенін халық күнделікті өмірде көріп жүр емес пе? Доллар қымбаттаған сайын оған сатып алынатын барлық шетелдік тауарлардың, дәрі-дәрмектердің бағасы да күннен-күнге шарықтап барады. Олардан өзімізде өндірілетіндердің бағасы да қалар емес. Сондықтан халықты алдарқатып, өтірік ақпар берудің не керегі бар?

Мәжілістегі Халықтық компартия фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров та осыған талдау жасап, ресми ақпараттың жалған екенін жария етті. Ол «өтіріктің» себебі статистикалық және шындық көрсеткіштерді есептеу методикасының дұрыс еместігінен екенін айтады. «Тұтыну бағасының индексі» (ТБИ) деген көрсеткіш бар, ол халықтың тұтынуға қанша ақша жұмсағанын көрсетеді. Осыны «тұтыну шығыстарының құрылымымен» (ТШҚ) дұрыс салыстыра білу керек. Біздің өкімет қызметінде істейтін экономистеріміз осыны айыруға ақылдары жетпейтін сияқты... Немесе әдейі істейді.  Осы ТБИ-дағы азық-түлік тауарларының үлесі 37,8 пайыз деп анықтапты экономистер. Ал іс жүзінде, ол 48 пайыз. Статистикалық деректер оның тіпті 50 пайыздан артық екенін айтады.

Енді осыны талдай түссек, ТБИ-дің ішіндегі ет пен ет өнімдерінің шығындарын өкімет 9,8 пайыз дейді, ал шын мәнінде ол 32,8 пайызға жеткен, яғни үш есе көп. Тек 2018 ғана ет пен ет өнімдерінің бағасы 7,5 пайызға қымбаттағанын ескерсек, осының өзі-ақ халықтың қалтасын тесіп, инфляцияны арттырды емес пе? Сүт өнімдері бір жылда 8,2 пайызға қымбаттаған, ал олардың үлесі ТБИ-да 4,5 пайыз делінгенімен шын мәнінде 10,7 пайыз.  Түрлі майлар үлесі де екі есеге төмендетілген. Қорыта айтқанда, экономистер бағасы қымбаттаған азық-түлік тауарларының бәрінің үлесін тұтыну себетінен азайтып көрсеткен. Сөйтіп, азық-түлік бағасы өспеді деп жалған нәтиже шығарған. Тіпті бағасы қымбаттаған дәрі-дәрмектердің үлесін де тұтыну шығыстарындағы нақты үлесінен екі есеге төмендетіп көрсеткен. Оның үстіне 2018 жылы өнеркәсіп бағалары 12,4%-ға, өндірістік-техникалық мақсатқа сатып алынатын өнімдер бағасы 13,5%-ға, көліктің барлық түрлері бойынша тасымал тарифтері 31,8%-ға артқан. Міне, осының бәрін көре отырып, «соқыр түйені көрмес» дегендей өкіметті өтірікші қылып көрсетіп отырған экономистер инфляцияны 5,3 пайыз деуден жаңылмауда...

Депутаттар өздерінің мұнымен келіспейтінін айтып, Премьер-Министр Б.Сағынтаевқа сауал жолдап, төмендегі талаптарды қойды:

Инфляцияны құрықтауға нақты шаралар қолдану үшін оның нақты көлемі анықталсын;

Ет және ет өнімдерінің, сүт және сүт өнімдерінің, майлардың бағаларының күрт көтерілу себептері анықталып, оларды тұрақтандыру шаралары қарастырылсын;

Өндірістік инфляцияны құрықтау бойынша кешенді шаралар жасалсын;

Коммунистер осылай дейді, ал басқалар бастарын бұғып отыр. Қашанға дейін бұғар екен?

С.Елеу, сарапшы      

«Қамшы» сілтейді

Прочитано 161 раз
Другие материалы в этой категории: « Несие қайда жұмсалып жатыр?

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.