Понедельник, 22 января 2018 09:47

Әлібек Шапенов: КҚХП – менің саналы таңдауым Избранное

Оцените материал
(0 голосов)

Адам – біртұтас ғаламшар, оның бойында ойлар, іс әрекеттер, мақсат, дарын және тағы да басқа жақсы қасиеттер бар. Жақсы адаммен таныстығың сенің дүниетанымыңды өзгертіп, сені маңызды және қажетті нәрсеге үйретуі мүмкін. Басшылықта ісіне бей-жай қарамайтын адам тұрғанда, оның қарамағындағылар да үлкен ынтамен жұмыс істейді. Әлібек Шапенов сондай адам. Ол кез келген іске барын салады. Осындай адамның Қазақстан Коммунистік халық партиясы Алматы қалалық комитетін басқаруы  заңдылық деп жазады REZONANS.KZ.

– Әлібек Төлегенұлы, өзіңіздің балалық шағыңыз, жастық дәуреніңіз жайлы және мінезіңіз бен өмірлік ұстанымдарыңыздың қалыптасуына әсер еткен сәттер туралы айтып берсеңіз.

– Мен 1965 жылдың 2 наурызында Солтүстік Қазақстан облысының Ленинск совхозында дүниеге келдім. Отбасында жеті бала болдық. Біздің отбасы жиі көшетін, сондықтан төрт мектеп ауыстыруға тура келді. Сол кездің өзінде мен ұстаздың кәсібилігі мен қызығушылығының маңыздылығын түсіндім. Егер ұстаз өз пәнін жақсы көрсе, үлгерім де жақсы болады. Ал егер ұстаз жалақы үшін ғана жүрсе, оқушылар  45 минут әрең шыдап отырады.  Сегізінші сыныптан соң мен автомеханикалық техникумға түсуге бел будым. Әкем шопыр болды, екі үлкен ағам да әкеміздің жолын қуды. Мен жай ғана машинаның дөңгелегін айналдырып қоймай, техникадан сауатты болғым келді. Алғашында оқуға түсе алмай, қайтып келдім. Ал тоғызыншы сыныптан кейін таңдауым өзгерді. Сөйтіп Көкшетау ауыл шаруашылығы институтына түсіп, бір курс оқып шықтым. Институтта әскери кафедра болмағандықтан, 18 жасымда әскерге аттандым. Украинадағы Бердичев қаласына оқуға түстім, ол жерде мотоатқыштар бөлімінің командиріне оқып шықтым. Чехословакияда әскери борышымды өтедім, осы елді аралау мүмкіндігіне ие болдым. Ол кезде Кеңес армиясының солдаттарына қаланы аралауға рұқсат берілмейтін. Сол кезде менің санамда үлкен өзгерістер болды.

– Қандай өзгерістер?

– Маған, ауылдан шыққан балаға Еуропа елінде әскери борышымды өтеу және жұмыс істеу (солдаттар зауыт пен фабрикаларда дсотық көмек ретінде жұмыс істейтін)  мүмкіндігі берілді. Мен адамдар қалай жұмыс істейтінін, олардың  жұмысқа деген қарым-қатынасын көрдім. Сол сәтте совхозда агроном болып қана қоймаймын деген ой түйдім. Демобилизациядан соң институттан құжаттарымды алып, Қарағанды Жоғары милиция мектебіне түстім. Детективтерді, романтикалық тыңшыларды, жамандықты жойып, жақсылық үшін күресетін тергеушілерді ұнататынмын. Бұған қоса мектеп оқушылары толық мемлекет қамқорлығында болатын. 40 рубль стипендия көпке жетпейтін, ал зейнеткер ата-анама қарап отырғым келмеді. КЖМ баспанамен, киім-кешекпен және азық-түлікпен қамтитын. Маған болашақ мамандығым ұнайтын, барлығын меңгеруге тырысатынмын, өз ісінің білікті мамандарынан дәріс алдым, сол үшін де алғысым шексіз.

– Қылмыстық іздестіру жұмысы детективтерде көрсеткендей романтикаға толы емес қой?

– Иә, физикалық, эмоциялық және кәсіби жағынан өте ауыр жұмыс. Қызмет бабында адам өлтіргендермен, ұрылармен, нашақорлармен жұмыс істеуге тура келеді. Мен еңбек жолымды Алматы қаласының қылмыстық іздестіруінен бастадым. Соңғы курста ҚЖМ түлектеріне Алматыда жұмыс істеу туралы ұсыныс түсті, мен бірден келістім, себебі ол жақта менің қызым оқу оқитын.

Кешегі қылмыстық іздестіру саласымен бүгінгіні салыстырсам, өкінішке қарай, қазіргісіне көңілім толмайды. Бұрын кәсібилік пен қызметке адалдық әлдеқайда жоғары болатын. Қазіргі жас оперлардың мінез-құлқына қарным ашады. Сәл көтерілсе болды, дандайсып, кісімсініп шыға келеді. Бұған қоса олар көмек көрсеткен адамдардан үнемі бірнәрсе дәметеді. Осы ретте олар атқарып отырған жұмыстарына жалақы алып отырғандарын естерінен шығарады. Мен қызмет бабында осындайға жол бермеуге тырыстым.

45 жасымда еңбек демалысына шығу құқығына ие болдым. Егер, медициналық комиссия рұқсат берсе, мүмкін қызметімді жалғастыра берер едім. Біржағынан отбасыма да көңіл бөлгім келді. Қызмет мені ерте есейтті.

Қылмыстық іздестіру саласына өзім сұранып бардым. Мансаптық жолымда нұсқау беріп отыратын жай ғана бастық болып қалғым келмеді. Топ мүшелерімен оқиға орындарына баратынмын, түнімен кірпік қақпай шығатынбыз. Үнемі жастармен өзімнің тәжірибеммен бөлісіп отыратынмын.

Осының арқасында әріптестерімнің арасында үлкен беделге ие болдым. Олар мені талап етумен шектелмей, сол талапты өздерімен бірге орындайтыным үшін қатты сыйлайтын.

– Өзіңізге қандай қасиет тән?

– Тануға, білуге ұмтыламын. Мені осылай тәрбиелеген. ІІМ-де жұмыс істегенде дәлізде тұрған адамның жанынан үн-түнсіз өтіп кетпейтінмін.

Амандасып, мән-жайды сұрап, қолдан келгенше көмек көрсететінмін.

Тағы бір қасиетім алғыс айтуға асығу. Туған жеріме барған сайын ұстаздарыма жолығамын, бірге оқыған жандармен, әріптестеріммен кездесемін. Барлығының басын біріктіруге тырысамын. Осы үшін әлеуметтік желіде топ ашып қойдым. Мен бұл адамдардың барлығына өміріме сәуле түсіргендері үшін  алғыс айтамын.

– Қазір сіз ҚКХП Алматы қалалық комитетінің бірінші хатшысыз.

Не себепті коммунистерді таңдадыңыз?

– Маған коммунистік идея ұнайды, жаныма компартияның атрибутикасы жақын. Себебі ол менің қасымда октябрят, пионер, комсомол кезімнен болды. Мен пионер галстугін мақтан тұтатынмын, комсомол билеті өзімде күні бүгінге дейін сақтаулы тұр. 20 жасымда партия қатарына қабылданғым келді.Уақыт өте келе маған саяси ұйымның атқарушы билігінде еңбе ету ұсынылды. Алайда мен жас екенімді алға тартып, ұсыныстан бас тарттым.

Кейін ІІМ-де жұмыс істеген кезде саяси партияларға, қозғалыстарға қызмет бабы бойынша жақындай алмадық. Десекте мен «Время», «Караван», «Дат», «Республика» газеттерін оқып жүрдім. Соңғы электоралды кампанияның бірінде мен ҚКХП-ға ерекше назар аудардым. Маған коммунистердің тұғырнамасы, жұмыс істеуі тәсілі қатты ұнады. Әуелі ҚКХП-ға қатысты мәліметтерді ғаламтордан қарадым, кейін қалалық комитеттің отырыстарына, дөңгелек үстелдеріне қатыса бастадым. Маған барлығы қызық еді.

Басым дауысқа ие партияның құрамында болғым келген жоқ. Мен қазір «Нұр Отан» жайлы айтып отырмын. Уақыт өте келе партияның қатарына қабылдандым, кейін маған ҚКХП-ның қалалық комитетін басқару ұсынылды.

– Қалалық комитеттің жұмысына қандай жаңашылдық енгіздіңіз?

– Кейбір кемшіліктердің орнын толтыруға тырыстым. Қалалық комитеттің  активімен ватсапта топ құрдық. Әлеуметтік желілер мен БАҚ  арқылы атқарған жұмысымызды насихаттап отыруға күш жұмсадық. Қалалық комитет ұйымдастыратын барлық іс-шаралар, қоғамдық қабылдаудың жұмысы фэйсбук, одноклассники, ВКонтакте әлеуметтік желілеріне орналастырылып отырады. Бұл жай ғана жарнама немесе пиар емес, кез келген адам бізге жеке басының мәселесімен келе алады және біздің жақтасымыз бола алады. Біздің қатарымызда жаста, жасамыс та бар. Біз жақтастарымыздың қатарына ардагерді, өскелең ұрпақты қосу үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз.

Біз үшін өзекті әлеуметтік мәселелер, тарихи даталар, кәсіби мейрамдар аса маңызды. Біздің шақыртуымызды қабыл алатын қариялар үнемі партияға алғыс айтып кетеді. Олар өздеріне көрсетілген құрметке дән риза болады.

Осының барлығы бүгінгі буынға үлгі әрі өнеге.

Менің бастамаммен әйелдер кеңесі құрылды, қалалық комитет үкіметтік емес ұйымдармен, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Өзім Қоғамдық кеңестің мүшесі атандым. Бұл кеңесте біз ел азаматтарының мүддесін қорғаймыз. Былтыр жазда Ұлы Қазан Социалистік революциясының 100 жылдығына арнап ұйымдастырған Алматы-Шушенское халықаралық автошеруі өте сәтті бастама болды.

Сапар барысында Ресей коммунистерімен тығыз араласып, тәжірибе бөлістік.

Автошеруді жалғастыруды жоспарлап тырмыз. Келесі автошеру Алматыдан басталып, Ульяновскіге дейін жалғасады.

– Жұмыстан қолыңыз қалт еткенде немен айналысасыз?

– Мен түркітілдес халықтардың этнографиясына қызығамын, тарихты терең білуге ұмтыламын және автокөлікпен саяхаттағанды ұнатамын. Қазір арғындарды зерттеп жүрмін. Достарымды, отбасымды мақтан тұтамын.

30 жыл бірге өмір сүріп келе жатқан жарымды, немере сыйлаған қызымды және халықаралық қатынастар университетін тәмамдағалы отырған ұлымды ерекше қадірлеймін.

– Әңгімеңізге рахмет. Аман болыңыз.

Сұхбаттасқан Ольга Карташёва

Прочитано 45 раз

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.