Понедельник, 19 марта 2018 12:40

Жаппай цифрландыру үрдісі

Оцените материал
(0 голосов)

Алматы қалалық комитетінің кеңсесінде Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы, соның ішінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы талқыланған қоғамдық пікірталас өтті.

Іс-шараға Алматы қ. Ардагерлер кеңесінің өкілдері мен Ракеталық әскер қорының ардагерлері, Ақындар клубының мүшелері, бағдарламашылар, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҒТУ мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері, құқық қорғау органдарының ардагерлері және ҚКХП қалалық комитетінің белсенділері қатысты.

Алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеген ҚКХП Алматы қалалық комитетінің бірінші хатшысы, Алматы қ. Қоғамдық кеңесінің мүшесі Әлібек Шапенов,   Қазақстандағы цифрлық технологиялардың даму маңыздылығын ерекше атап өтті. Жастар комитетінің жетекшісі Мұхтар Рахымжанов пен ҚКХП АҚК ұйымдастырушылық-партиялық  жұмыстары секторының меңгерушісі Абзал Әуелбеков баяндама оқыды.

- Өздеріңіз білетіндей Президент «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында елімізде «Цифрлық Қазақстан»  кешенді бағдарламасы қабылданғандығы туралы айтты,- деді А.Әуелбеков.   – Бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру, әрі ұлттық экономиканы цифрландыру. Мысалы, қазіргі таңда республиканың емханалары мен ауруханаларында барлық емделушілердің амбулаторлық карталарын электронды форматқа ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр.  Цифрландыру еңбек нарығы саласын  да қамтитын болады. Жолдауда айтылғандай, бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық ақпарат жинақталатын бірыңғай еңбек биржасын енгізу қажет.   Кез келген адам үйде отырып кәсіптік бағдар бойынша тесттен өтіп, оқу курстары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат алып, өзіне қажетті жұмыс орнын таба алады. Бұл позитивті жаңашылдық. Еңбек кітапшаларын электронды форматқа ауыстыру да жоспарланған. Электронды еңбек биржасы туралы заң 2018 жылдың 1 сәуіріне дейін қабылдануы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік органдар азаматтардың ұсыныстары мен ескертулерін есепке алу үшін заманауи цифрлық технологияларды пайдалануы тиіс. Біз меморгандардағы цифрландыру үдерісі олардың халықпен және кәсіпкерлікпен жұмысын жеңілдетеді деп үміттенеміз.

Пікірталасқа қатысушылар цифрландырудың техникалық тұстарын  талқылап, еліміздегі ақпараттық қауіпсіздікті жақсартуға қатысты өз идеяларын ұсынды.

Жалпы ҚКХП Алматы ҚК-ның жұмыс аптасы әдеттегідей түрлі шараларға толы болды. КСРО-ның халыққа тұрмыстық қызмет көрсету және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық қызметкерлерінің күніне орай ТКШ саласының ардагерлері мен жұмысшыларымен кездесу өтті.  Сонымен қатар ҚКХП АҚК Ардагерлер кеңесінің төрағасы В. Артемьевтің бастамасымен Иосиф Сталиннің қайтыс болғанына 65 жыл толуына арналған қалалық комитеттің белсенділері мен мүшелерінің кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Ә.Шапенов «Ұлы Қазан социалистік революциясының 100 жылдығы» медалімен КСРО  ішкі істер органдарының ардагері Владимир Кротовты,  партия белсендісі Екатерина Радке мен ардагерлер кеңесінің мүшесі Бекжан Махметовты марапаттады. 

Рәзия ӘБДІҚАДЫРОВА

Прочитано 27 раз

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.