Пятница, 29 марта 2019 11:45

Жандосов туралы тарихи естелік Избранное

Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Алматы қалалық комитетінің кеңсесінде «Цикл бесед» бағдарламасы аясында Ораз Жандосовтың 120 жылдығына арналған кездесу өтті. О.Жандосов Қазақстанның алғашқы коммунистерінің бірі болған.

Ораз Қыйқымұлы Жандосов (1899-1938) – Қазақстан мен Орта Азияның партиялық және мемлекеттік қайраткері. ҚазКСР халық ағарту ісінің комиссары. Ораз Жандосовтың өмірі Жетісу өңіріндегі азаматтық соғыс кезеңіндегі тарихи оқиғалармен тұспа-тұс келеді. Ол 1918 жылдан бастап Коммунистік партияның мүшесі. Ораз Жандосов – халық білімі мен мәдениет саласындағы жасампаз үдерістеріне ықпал ету арқылы кеңестік Қазақстанның ұлттық құрылысының негізін қалаушы.

Алматы қалалық комитетінің іс-шарасына мемлекеттік қайраткердің ұлы Әли Оразұлы Жандосов қатысты. Ол әкесінің өмірбаяны туралы айтып, естеліктерімен бөлісті.  Сонымен қатар Әли Оразұлы ҚКХП Алматы қалалық комитетінің кітап қорына «Қайран Ораз» кітабын тарту етті. Әли Оразұлы тарихшы, Қазақстан тарихының маманы.

ҚКХП Алматы қалалық комитетінің хатшысы Абзал Әуелбеков Ораз Жандосовтың өмірі туралы баяндама жасады:

- Ораз Жандосов 1899 жылдың 20 ақпанында Алматы облысы, Қарасай ауданының Қаскелең қаласында дүниеге келген.  Ол аттестат алған күні 1 Жетісу социалистік Қызыл гвардиялық полкқа санитар болып қабылданған. 1918 жылдың мамыр айындағы ақ казактар көтерілісін басуға қатысқан. Кейін Верный уезд-қалалық депутаттар кеңесінің инструкторы қызметіне ауысып, Жетісу майданы штабының тапсыруымен қарсылас тылында жұмыс жүргізген. 1918 жылдың 13 қарашасында РКП (б) қатарына қосылған. 1920 жылдың бірінші жартысында 3-ші Түркістан дивизиясының саяси бөлімін басқарып, Жетісу облревкомның құрамына кірген. 1920 жылдың қаңтар айында Ақтөбеде өткен І Жалпықазақстандық партиялық-кеңестік конференцияда Жетісу делегациясын басқарған. Жетісу майданы жойылғаннан кейін, Қызыл әскер құрамына бұрынғы  алаш әскерилерін тарту жұмысын басқарған. Атаман Б.Аннековтың Қытай шекарасына алып кеткен қазақ халқын жергілікті жерлеріне қайтару бойынша кеңестік әскер мен азаматтық билік әрекетін реттеп отырған. 1920 жылдың маусым айындағы Верный бекінісіндегі көтерілісті басу барысында Д.А.Фурмановтың тапсырмасымен облыс уездеріндегі әскери құрылымдарды басқарған.

Кейін облыстық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет еткен. Түркістанның Жетісу облыстық комитетінің мүшесі болған. Түркістанда «Қосшы» одағын құру бастамасын көтергендердің бірі. 1933 жылы Сарысу ауданындағы ашыққан халықты көшіру, оларды Талас аңғарына жайғастыру және азық-түлікпен қамтамасыз ету  жөніндегі комиссияны басқарған. Әр жылдары Түркістан АКСР Кеңесі ОСК-нің, ЖОАК, ҚазОСК, КСРО ОСК ұлттар кеңесінің мүшесі болған.  

1937 жылы Ораз Жандосов  қызметінен босатылып, партия қатарынан шығарылады. Сол жылдың 13 қазанында Жандосов антикеңестік ұйымға қатысы бар деген айыппен тұтқындалады. Ол КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының үкімімен 1938 жылдың 2 наурызында сотталады және сол күні атылады. Кейін 1957 жылдың 8 маусымында КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының шешімімен ақталады.

Ораз Жандосовтың көркемдік биографиясы Д.Снегиннің «Утро» және «Два шага в полдень» дилогиясында бейнеленген. Романда Ораз Жандосовтың рухани өсуі, оның мінез-құлқы мен дүниетанымының қалыптасуы көрсетілген. 

Рәзия ӘБДІҚАДЫРОВА

AkmGorKomZhand

Прочитано 69 раз
Другие материалы в этой категории: « ЖАСТАР – СТРАТЕГИЯЛЫҚ РЕСУРС Гагаринге 85 жыл »

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.