Вторник, 20 февраля 2018 09:19

Қарағанды облысында су тасқыны қаупі бар ма?

Оцените материал
(0 голосов)

16 ақпан күні ҚКХП Қарағанды облыстық комитетінің мүшелері сала мамандарымен су тасқыны мәселесі төңірегінде дөңгелек үстел өткізді. Жиынға партиялықтардан басқа мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және бұл мәселеге бей-жай қарамайтын қарағандылықтар қатысты.

- Бүгін біз аймақтағы су тасқыны қаупі мәселесін талқылаймыз, - деп бастады өз баяндамасын Қарғанды ОК бірінші хатшысы Александр Зевахин. – Тиісті органдардың су тасқынына дайынбыз деген есептері шынайы болмыстан алшақ екендігіне өткен тәжірибе дәлел. Қар ери бастайды, өзендер арнасынан тасиды, ал тұрғындар баспанасыз қалып жатады. Бұл жағдай жыл сайын қайталанып отырады.

 2015 жылы 3067 үй су астында қалды. 2016 жылы 556 шаруашылықты эвакуациялауға тура келді. 2017 жылы 1500 үйді су басты. 2017 жылы еліміздің көп аймақтарында су тасқыны болып, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының ондаған ауылдарын су басты.

- Қарағанды облысында су тасқыны кезінде Чкалов және Садовое ауылдары зардап шекті, - деді обкомның бірінші хатшысы. – Бұл апаттан Нұра ауданының Сарытөбе, Андрейниковка, Қызылжар, Красная Поляна, Қарамұрын, Тассуат, Заречное сияқты ауылдары,  Бұхар жырау ауданына қарасты Тұзды ауылдық округінің Бірінші Май бөлімшесі, Қарқаралы ауданының Жаңа Жол ауылы, Абай ауданының Огороды ауылы зардап шекті. Облыс бойынша автокөлік жолдарының сегіз учаскесін су шайып кетті. Қарағанды облысы ТЖД-ның баспасөз қызметінің хабарлауынша, су тасқыны аймағынан 1906 адам эвакуацияланған, қауіпсіз жерлерге 5468 ірі қара және ұсақ  мал шығарылған. Құтқарушылар 37,3 шақырым жерге құтқарушы үйінділер құрып, 17,7 шақырымға жуық жерлерде бөгет пен дуал бекітілген, 50,5 мың ыдысқап салынған, 10764,5 куб метр суды айдап шығарған.  Су тасқынына қарсы іс-шараларға жеке құрамның  2503 адамы тартылып, 746 бірлік техника, 7 су айдайтын және 29 жүзу  құрылғылары қолданылған.

- Республика бойынша бөгеттер жарылып, өзендер арнасынан шығып жатқанына кім кінәлі? – деп сұрақ қойды обком жетекшісі. – Жауапты ведомстволар бір біріне сілтейді, ал барлығы бірігіп табиғатқа жаба салады.   Көп жылдар бойы Үкіметтің айтарға бір ғана сылтауы болды. Жыл сайынғы көктемгі жауын-шашынды аномальды құбылыс деп атау әдетке айналды.

Бұл жағдайға қатысты «Халық коммунистері» фракциясының төрағасы Владислав Косаревтің пікірі мынадай: «Қыс бойы Үкімет әртүрлі жиналыстар, селекторлы отырыстар өткізеді, ол жерде аймақ басшылары су тасқынына дайын екендіктерін мәлімдейді.Бірақ көктем келе барлығы су астында қалады...».

Депутат-коммунист Ирина Смирнованың айтуынша, мемлекеттік органдар су мәселесін шешу үшін нақты шешімдер қабылдайды, бірақ бұл саланың жүйелі және жеке аспектілері реттілікті, басымдықтарды нақтылау мен терең талдауды талап етеді. Жыл сайынғы су тасқынының негізгі себебі – мәселені шешуде нақты жүйелі тәсілдің болмауында. Мемлекет мәселемен күреседі, бірақ оның алдын алу шараларын жасамайды.

 Халық коммунисі бірыңғай үйлестіру орталығының жоқтығынан ғылыми зерттеулер мен бюджеттік қаражат дұрыс басқарылмай отырғандығын айтты.  Ғылыми зерттеулер арасында ақпарат алмасу жеткіліксіз. Сондықтан су саласында бірыңғай басқару орталығын құру қажет. Бұл орталық ортақ даму стратегиясын құрып, су ресурстарын зерттеуге, жедел басқаруға және стратегиялық жоспар құруға мүмкіндік берер еді.

 Бұл ұсынысты отырысқа қатысушы Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, полковник Мұрат Қатпанов та қолдады. Мұрат Қатпановтың мәліметі бойынша, республикалық бюджеттен бөлінген қаражат ТЖД-ны қажетті  техникалық құралдармен жабдықтауға жеткілікті болғанымен, бұл өте баяу жүретін үдеріс екендігін айтты, бір жылда бірнеше бірлік қана беріледі.

- Менің ойымша,  төтенше жағдайлар қызметін қаржыландыру қажет, - деді Абай ҚК хатшысы Владимир Малыхин. -  Өз жұмыстарын толыққанды орындау үшін  олардың қарамағында тікұшақтар, ұшақтар, квадрокоптерлар болуы тиіс.

- Осы жылға су тасқыны туралы болжам бар ма? Оған қаншалықты дайынсыздар? – деп ҚКХП Қарағанды ОК екінші хатшы қызметін атқарушы Анатолий Баранов Мұрат Қатпановқа сұрақ қойды.

 Мұрат Қатпановтың айтуынша, құтқарушылардың қолында ғарыштан түсірілген суреттер мен метеорологтардың болжамдары бар. Соған қарағанда биылғы қыста қар аз жауды, сондықтан айтарлықтай су тасқыны болмайды. Ал қызметтің дайындығына келетін болсақ, ТЖД жетекшісінің орынбасары өткен жылы қанша бөгет пен су бұрғыш салынғандығын атап өтті.

Отырыс барысында су тасқынының алдын алу шаралары туралы ұсыныстар айтылды, олар алдағы уақытта ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Халық коммунистері» фракциясына жолданатын болады.

ҚКХП Қарағанды ОК Баспасөз қызметі

Karaganda2Karaganda2

Прочитано 32 раз

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.