Понедельник, 19 марта 2018 12:55

Қарағанды облыстық комитеті тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы

Оцените материал
(0 голосов)

15 наурыз күні Қарағанды облыстық комитетінде өткен дөңгелек үстелде тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы талқыланды. Іс-шараға қоғамдық ұйымдардың, саяси партиялар мен құқық қорғау органдарының өкілдері, заңгерлер мен медицина саласының қызметкерлері қатысты.

Дөңгелек үстел жұмысын ҚКХП Қарағанды облыстық комитетінің бірінші хатшысы Александр Зевахин баяндама оқумен бастады.

- ҚР Бас прокуратурасының мәліметі бойынша 2016 жылы отбасындағы құқық бұзушылық 2,8 пайызға артқан, ал 2017 жылдың соңғы 9 айының қорытындысы бойынша өсім 4,7 пайызды құраған. 2015 жылмен салыстырғанда әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстық әрекет 90 пайызға өскен, жыл сайын Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 400 әйел көз жұмады. Орташа есеппен республикада күн сайын 12 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды, - деген мәлімет келтірді хатшы.

ҚКХП облыстық комитеті бірінші хатшысының айтуынша, бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық бұл ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал ғана емес, бұл барлық халықты оның жынысына, жасына, ұлты мен географиялық мекеніне қарамастан қамтитын үлкен мәселе. Көп жағдайда әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жатады.

Халық коммунисі қатысушылардың назарын 2017 жылдан бастап Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығына аудартты.

- Бұл шараның тиімділігі туралы сарапшылар арасында пікірлер екіге бөлінген, бірі тұрмыстық зорлық-зомбылықты дискриминализациялау қылмыстың санын арттыра түседі деген пікірді ұстанса, енді біреулері жәбірлеушілерді аз уақытқа болсын қамауға жіберу мүмкіндігі пайда болды деп пайымдайды. Жақтаушылардың пікірінше, кей кездері әйелдер өз күйеулерінің атына полицияға шағым жазады да, ертеңгі күні күйеуін қылмыстық жауапкершілікке тарттырмас үшін өтініштерін қайтарып алады. Сондай-ақ ҚР Бас прокуратурасы қолданыстағы құқықтық актілерге сараптама жүргізіп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тиімді механизмдерді құрастыруды бастады.

 Қазіргі таңда ҚР Үкіметінде «Қазақстан отбасындағы зорлық-зомбылықсыз» жол картасының жобасы бекітілу кезеңінде жатыр. Алғашқы сынамалы облыс ретінде Оңтүстік Қазақстан аймағы таңдалған, кейін жоба барлық аймақтарды қамтитын болады.

Ішімдік, нашақорлық пен психотропты заттарды пайдалану тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жағдай жасайтындығы ешкімге құпия емес. Қарағанды, Жезқазған, Сатпаев, Балхаш және Теміртау қалаларында уақытша бейімделу мен детоксикация орталықтары жұмыс істейді.

Бірақ әзірге олардың жұмысы тиімсіз деп бағаланып отыр. Қамауға алынғандар үйлеріне оралады, кейін ішімдікке салынып қайтадан жанжал шығарады.

Облыстық комитет жетекшісінің пікірінше, бұл мәселенің түбегейлі шешілуіне бірнеше факторлар кедергі болып тұр. Солардың бірі - Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша нақты статистика жоқ. Көп жағдайда отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер жария етілмейді. Жәбірленушілердің айтуынша, көп жағдайда құқық қорғау органдарының қызметкерлері жанжалды ушықтырған әйелдердің өздері деп шақыртуларға әрекет етпейді. Сонымен қатар әйелдер сөзге қаламыз деп ұялғандықтан көмек сұраудан бас тартып, үндемей отыра береді. Бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылық жүйелі сипатқа ие. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өзінің кезеңдері бар: әуелі қол жұмсайды, кейін кешірім сұрайды, гүл сыйлайды, содан кейін агрессия қайта жиналады да бәрі қайтадан қайталанады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тағы бір үлкен мәселесі – балалар әкесінің аналарына қол жұмсауының куәгері болады немесе өздері де жәбір көреді. Мұның барлығын көріп өскен бала өсе келе өз отбасында да осындай іс-әрекеттерді қайталайды.

- Зорлық-зомбылыққа итермелейтін фактілердің бірі ішімдік пен нашақорлық болып табылады, - деп айтты Александр Зевахин. - Бұл дерт көптеген зорлық-зомбылықтың бастапқы себептері болып отыр. Қоғам бұдан арылмайынша, қауіп-қатер азаймайды, керісінше қылмыстың жаңа түрлері пайда болады.

Қарағанды облысы ІІД жергілікті полиция қызметінің инспекторы Нұрлан Шабдакеев аймақтағы ішімдік пен нашақорлыққа тәуелділікті емдеу мекемелерінің санын арттыруды  ұсынды.

- Біздің аймақта мұндай мекеме Саран қаласында ғана бар, ол жер небәрі 240 орынға лайықталған. Құқық бұзушыларды ол жерге апару көп уақытты және ресурсты талап етеді. Мұндай мекемелерді Жезқазған мен Балхашта ашқан жақсы болар еді. Еріксіз емдеу туралы үкім  заң өз күшіне енгеннен кейін бір айдан соң іске асырылады. Бұл өте ұзақ мерзім, бұл аралық ішінде ол тағы да бір құқық бұзушылық жасауы мүмкін.  Бұл мерзімді 10 күнге дейін қысқартуды ұсынамыз.

Психолог Төлеген Смағұлов тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарына психологтарды тартуды ұсынды. «Қазақстан» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» ҚБ жетекшісі Надежда Мубаракшина отбасындағы жәбірлеушілерге қатысты заңнаманы күшейтуді және отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты үш фактіден кейін жәбір көрген әйелдерге арыздарын алып кетуге тыйым салуға бойынша заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды.

Дәрігер-нарколог Зейналды Смағұлов отбасындағы жәбірлеушілерге міндетті еңбек  терапиясы тәжірибесін енгізу де артық болмайтындығын айтты.

Kar5Kar5Kar5Kar5

Прочитано 109 раз

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.