Понедельник, 19 февраля 2018 11:05

Байланыс аясынан тыс жерде

Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Астана қалалық комитетінің бастамасымен және ұйымдастыруымен  «Парасат» ҒТО-да баспана мәселесін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға мәжіліс және мәслихат депутаттары, шенеуніктер, банктер мен партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың өкілдері қатысты.

ҚКХП Астана қалалық комитетінің бірінші хатшысы Марат Әубәкіровтың айтуынша, ресми мәлімет бойынша, қазақстандықтардың 7 пайызы жалдамалы пәтерде тұрады.

- Қазақстанда жеке баспана үлкен жетістік пен жеңіс болып саналады. Ал пәтер немесе бөлме жалдау – ұятты нәрсе. Мұның барлығына жалдамалы пәтерлердің жоғары бағасы себеп. Қарапайым адамдар төмен санаттағы, инфрақұрылымы дамымаған пәтерлерді жалдауға мәжбүр. Қарапайым есептеулер бойынша, жалға алушы өз табысының жартысын пәтерге төлейді. Шетелде пәтерлерді жалға беру ірі корпорациялар мен компаниялардың ісі болса, бізде нарықты жеке меншік иелері басып алған. Олар үшін басты табыс көзі осы пәтерлері болып табылады. Нәтижесінде нарық көлеңкелі секторда қалып отырады. Сөйтіп баға реттелмейді, келісім-шарт жасалынбайды, мемлекетке салық төленбейді, жалға берілетін баспаналардың жағдайы сын көтермейді, жалға алушы үй иесі алдында қорғансыз, үй иесі кез келген уақытта пәтерден шығарып жіберуге де құқылы.

Мұндай жағдайдан кейін біздің азаматтарымыз пәтер алу үшін қарызға батып, миллиондап несие алады. Бірақ бұған да қол жеткізе алмайтындар бар.  Біздің елдегі 80-100 мың теңге орташа жалақымен, ешбір азамат екінші деңгейлі банктерден немесе «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» ипотека алу үшін төлем қабілетін растай алмайды, - деді бірінші хатшы. -  Жұмыс істеп жүрген ұстаздардың, медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің, ХҚО қызметкерлерінің, кәсіпорындар мен құрылыс саласы жұмысшыларының басым бөлігі осындай жағдайда. Бұған    көпбалалы аналар, мүгедектер мен халықтың әлеуметтік жағынан осал тобын да қосуға болады.

Мемлекет мұндай отбасыларға не ұсына алады? Бір шешім – өтеусіз «мемлекеттік» баспананы жалға беру. Мұндай идеяларды іске асыру туралы үнемі айтылып жатады. Алайда мемлекет тарапынан бұл сыңайлы бағдарлама шыққан жоқ.

Қалалық комитеттің басшысы бұған «Самрұқ-Қазынаны» мысалға келтірді. «Самрұқ-Қазына» коммерциялық және жалдамалы баспана құрылысын аяқтап жатыр. Бірақ бұл пәтерлерге төлем қабілеті, иеліктерінде басқа жылжымайтын мүліктері бар барлық азаматтар мен заңды тұлғалар үміт арта алады.

- Осылайша, мынадай сұрақ туындайды, әлеуметтік баспана кезегінде тұрғандар бұл жерден пәтер ала алады ма? Мемлекеттен баспаналары жоқ, кезекте тұрған азаматтардың мәселесін шешуге бағытталған қаражат өз мақсатын орындамай отыр.

ҚКХП мүшесі және «Көпбалалы аналар қауымдастығының» өкілі Әлия Тлеуленова «Нұрлы Жер» және «Аймақтарды дамыту - 2020» мемлекеттік бағдарламаларына талдау жасаған. Осы бағдарламалар арқылы көпбалалы отбасы пәтерге ие бола алады ма? Өкінішке орай, мұндай отбасылар үшін іріктеуден өту өте қиын. Әкімдік халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жалдамалы баспана қорын құруы тиіс, - деп санайды Әлия. Баспана кезегінің ашықтығы да күмән туғызады. Өз сөзін қорытындылай келе, Ә.Тлеуленова бұл шараның ашықтығы үшін тұрғын үй комиссиясының құрамына барлық деңгейдегі депутаттар мен қоғам өкілдерін қосуды ұсынды.

ЖСДП өкілі Асхат Рахымжановтың пікірінше, бұл жағдайдағы басты мәселе – баспананың қымбаттығы. Бұл құрылысқа сатылатын жер телімдерінің қымбаттығынан туындайды.

- Біз бұл мәселені шешетін болсақ, яғни жер тегін берілсе, баспананың құны да төмендейді, - деді А.Рахымжанов. – Жалдамалы баспананың да бағасы күрт төмендейді.

Мәжіліс депутаты, «Халық коммунистері» фракциясының жетекшісі Владислав Косарев, баспанаға зәру азаматтарға бірігіп қоғамдық қозғалыс құруға кеңес берді.

- Мысалы, оны «Үміт» деп атасақ, ол әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың баспана мәселесін шешумен айналысатын болады,- деді депутат. – Сіздерде актив бар. 5-7 адамды тағайындап, штаб құрасыздар.

Сонымен қатар парламентарий  қалалық мәслихат депутаттарына әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттағы азаматтардың мәселесіне ден қойып, қоғамдық тыңдаулар өткізуге ұсыныс білдірді.

- Менің ойымша, бүгінгі таңда мемлекеттің өтеусіз және өтеуін төлеп алу арқылы да баспана салуға мүмкіндігі бар. Тұрғын үй комиссиясы, мәслихат та жұмыс істеу үшін, түсініспеушілік пен тәртіпсіздік болмас үшін  қоғамдық қозғалысқа ұйымдастырушылық форма беру қажет. Егер де біз саяси сауатты мәселе көтеретін болсақ, ол шешімін табады, - деді В.Косарев.

 Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша елдегі тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныстар шығарылды.

Маргарита НИКИТИНА

vnezony4vnezony4vnezony4vnezony4

Прочитано 22 раз

Яндекс.Метрика

© 2017 Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ресми сайты. Барлық құқықтар қорғалған.