Home » "Коммунист Казахстана", № 37//01.11.2013 » 2015 оқу жылынан бастап мектептерде жаңа стандарт енгізіледі

2015 оқу жылынан бастап мектептерде жаңа стандарт енгізіледі

Тәуелсіздік алғалы бері реформадан көз ашпай келе жатқан білім саласын тағы да бір «жаңалық» күтіп тұрған секілді. Жуырда 2014-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласы дамуының басым бағыттары талқыланған Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов «2015 оқу жылынан бастап біз мектептерде жаңа стандартты енгіземіз. Содан орта білім беру жүйесін жаңарту жұмысы басталады», – деп мәлімдеді. Министр атап көрсеткендей, орта білім беруді жаңарту жұмысымен қатар ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі де біртіндеп жетілдіріледі. Ал арнайы бағалау жүйесі атқарылған жұмыстың деңгейін көрсетпек. «Бірыңғай ұлттық тестілеу тестіне толыққанды жауапты, сонымен қатар эссе жазуды талап ететін сұрақтар қосылатын болады», – деді ол. Сонымен қатар министрдің айтуына қарағанда, тестілеу оқыту бағытын және мектептердегі білім беру деңгейіне көшіруді айқындау үшін қолданылмақ. Бұдан бөлек мектеп оқушылары оқу жылы ішінде бірнеше мәрте тест тапсыру мүмкіндігіне ие болады. Бұл тестілеу жүйесінің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы қоғамда әртүрлі талқылаулар болғанымен оның бір артықшылығы адам факторының бірі тамыр-таныстықтың алдын алғаны белгілі. Бұрынғы жүйеде алдына келген баланың білімін бағалауда ұстаздың рөлі күшті болатын. Бірақ ұстаз да адам, оның біліміннің қандай екендігі есепке алынбайтын. Кейде талапкердің тағдырын ұстаз өз көзқарасы, өз білімі деңгейінде шеше салатын. Жоғарыдан нұсқау да болмай қоймайтын. «Мына балалар түсуі керек» деген тізім ұстап жүретіндер де болған. Тект жүйесінде бұндай сорақылықтар бола қойған жоқ. Сондықтан да болар оған ата-аналар тарапынан күмәнмен қарау болмады. Ал тестілеу жүйесінің баланың толыққанды білім алуына қандай шарапаты бар дегенге келсек, ол енді бөлек әңгіме. Сондай-ақ министр отырыста Қазақстанда таяу жылдары мектеп оқушыларының саны арта бастайтындығын жеткізді. Министр білім беру саласының дамуына кедергі келтіретін бірқатар жүйелі мәселелерді шешу қажеттігін баса айта келе, еліміздегі оқушылар санына қатысты статистикалық деректерге тоқталды. «Статистика мәліметтеріне сәйкес туу 2020 жылға қарай тұрақталады. Сәйкесінше, тұрақтанғаннан кейін 2025 жылға қарай мектепке дейінгі білім беру және бастапқы мектеп оқушыларының саны артады. Орта білімге қатысты айтар болсам, онда 11-15 жас аралығындағы балалар тобы қазіргі уақытта төменгі нүктеде тұр және таяу аралықта белсенді өсім көрсете бастайды. Қазіргі уақытта кәсіби техникалық және жоғары білім саласында құлдырау байқалады. Бұл 1990 жылдардағы демографиялық ахуалдың төмендеуімен байланысты жайт. Бұл құлдырау шамамен 2020 жылға дейін жалғасады. Ал одан кейін жоғары және кәсіби техникалық білім беру салаларындағы балалар саны күрт өсе бастайды», – деді ол. Бұл жалпылай алғандағы мәлімет деуге болады. Ал елімізді аймақ- аймаққа бөліп қарасақ, оңтүстік өңірде бала санының кемімегендігін, керісінше мектеп жетіспей жатқандығын көреміз. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданында 124 мектеп бар екен. Бір ауданда ғана! Керісінше солтүстік аудандардағы ауылдарда балалардың аздығынан жартылай бос қалған мектептер көбейіп келеді. Сондықтан бұндай ауылдардың балаларын бұрынғыша, аудан орталығына интернатқа жинап, бір жерден оқыту мәселесі де көтеріліп жатыр. Жалпы, тек өте жақсы оқығандарды тегін, қалған балаларды «білімің анадай екен, мынадай екен» деп бөліп-жаруды қойып, Германиядағыдай тілек білдіргендердің барлығын жоғары оқу орнында ақылы оқыта берген дұрыс секілді. Оларды өмірдің өзі-ақ сұрыптайды.

Аман Іргебай, Астана

Яндекс.Метрика