Home » № 20//31.05.2013 » 2020 жылға дейін өзін-өзі жұмыспен қамтыған 865 мың адам бағдарламаға қатыспақ

2020 жылға дейін өзін-өзі жұмыспен қамтыған 865 мың адам бағдарламаға қатыспақ

Мәжілісте дүйсенбі күні өткен Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтің айтуы бойынша, 2011-2013 жылдары жұмыспен қамтуға 169 млрд. теңге бөлінді. «Бастысы бағдарламаға кімдердің қатысуы қажеттігін, азаматтардың қай санатына көмек көрсету керектігін айқындап алдық. Оның ішінде 125 мың жұмыссыз (66,3 пайыз) 52 мыңға тарта өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (27,9 пайыз) 11 мыңға жуық әлеуеті төмен отбасылар (5,6 пайыз) бар. Жалпы, еліміз бойынша 189 мың адам белсенді шараларға қатысты, әлеуметтік келісімшарттарға қол қойды. Бағдарламамен отбасы мүшелерін қоса есептегенде 210 мың адам қамтылды», – дейді министр.

Оның айтуынша, бағдарламаға қатысушылардың ішінде 29 жасқа дейінгі жастардың үлесі 58 пайыз немесе 109 мың адам, ал әйелдердің үлесі 49 пайыз немесе 93 мың адам.

Сондай-ақ министрдің айтуынша, жұртшылықты микрокредитпен қамтамасыз ету ауылдық жерлерде жұмыссыздар санын азайтуға, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізетін болады. Кредиттің басым бөлігі мал және өсімдік шаруашылығына берілген. Мәселен, бұл барлық бөлінген несиенің 77 пайызын құрайды екен. Ал жобалардың 23 пайызы қызмет көрсету, өңдеу саласын қамтыған.

«Соңғы екі жылда бөлінген микрокредит қаражаты бес есеге артты. Егер 2011 жылы 3,6 млрд. теңге бөлінсе, 2013 жылы 16,9 млрд. теңге болды. Бағдарлама қолға алынғалы бері кәсіпкерлік негіздеріне 11 мыңнан астам адам оқытылды», – деді министр С. Әбденов.

Сонымен қатар «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында елімізде 1211 үй мен 4516 пәтер салынатындығы жоспарланған екен. «Бүгінгі күні 789 үй мен 2 864 пәтердің құрылысы аяқталған. Бұл жоспарланған баспана құрылыстарының 65,2 пайызына тең. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бағыты бойынша көшуге субсидияны еңбекке қабілетті 4,6 мың адам алды. Олардың 71 пайызы немесе 3,2 мыңы өздері көшіп барған аумақта жұмысқа орналасты. Дегенмен, құрылысы біткен 32 үй немесе 125 пәтер әлі де пайдаланылмай тұр», – дейді Еңбек министрі.

Министрліктің есебі бойынша, 2020 жылға дейін өзін-өзі қамтыған 865 мың адам жұмыспен қамту бағдарламасына қатысатын болады.

Жалпы алғанда жұмыспен қамту бағдарламасы еліміздің еңбек нарығына жағымды әсер ете бастаған. Нәтижесінде 150 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, еңбекке араласқан әйелдер саны 80 мыңға артқан. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 52 мың адамға кеміген.

«Ауыл тұрғындарының табысы 6,2 пайызға артты. Жұмыспен қамтуды тиімді іске асыру және жұмыссыздық деңгейін бес пайыз мөлшерінен асырмау мақсатында талдау есептері жасалды. Осы есептің нәтижесінде 2020 жылға дейін республика бойынша 508 мың жұмыс орнының қажеттілігі анықталды. Осы ретте Үкімет басшысы өндіріс саласының басшылары мен облыс әкімдеріне аталмыш жоспарды орындауға тапсырма бергенін айтқым келеді. Бұдан бөлек, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдардың бағдарламаға қатысуын жыл сайын отыз пайызға көтеру жоспары бар. Барлығын қосқанда 2020 жылға дейін өзін-өзі жұмыспен қамтыған 865 мың адам бағдарламаға қатыспақ», дейді министр С. Әбденов.

Әрине, қазіргідей жұмыссыздық жайлаған ауылдарда қандай жұмыс орнының болмасын ашылуы қуантады. Бірақ олар қандай жұмыс орны болмақ? Бір реттік пе немесе маусымдық па әлде жыл бойы істейтін тұрақты жұмыс па? Мысалы, көктемде тал отырғызу керек дейік. Оған осыншама адам қатысты. Бір жұмада барлық талдар отырғызылып бітті. Қатысқандарға он мың, он бес мың теңгеден ақша таратылды. Осы ма, әлде адам жыл бойы еңбек етіп, отбасын асырайтын тұрақты жұмыс орны ма? Осы жағы нақты емес.

Аман Іргебай,

Астана

Яндекс.Метрика