Home » № 19//24.05.2013 » Ақшаң жоқ болса – ауырма!

Ақшаң жоқ болса – ауырма!

Қаламыздың медицина саласындағы қызмет көрсету деңгейі өте төмен. Бұлай айтуымның себебі жоқ емес. Әрине, жаңа заман талабына сай технология дамығаны сөзсіз, бірақ әлі де дер кезінде көмек көрсетілмегендіктен ажал құшып жатқандар қаншама. Халық арасында қазіргі таңда «қазір аурудың өзі қымбат, ақшаң жоқ болса ауыруға болмайды» деген сөздері қалжыңнан ашшы шындыққа айналып отыр. Қазіргі таңда науқастанған адамдардың қалтасында емделуге жеткілікті ақшасы болмаса сорлының күнін кешті дей беріңіз. Әлбетте, кінәнің барлығын ақ халатты абзал жандарымызға артып қою шектен шығу болар, сол себепті бұл мәселе бірдің емес, бүкіл халықтың алдында тұр. Сіздерге бір ғана жағдайдың желісін айтқым келіп тұр, әрі қарай өздеріңіз қорытынды жасай жатарсыздар. Жасы 60 тардың шамасындағы, қатты сырқаттанғандығынан өзін қоярға жер таппай жүрген апамыз ауруханадан шипа іздеуге барады. Алғашқы бірнеше ай бойы оған диагноз қоя алмаған медицина қызметкерлері оны түрлі тексерулерден өткізіп, біраз әбігерге салады. Жаның қиналып тұрғанда сауығу үшін қандай да болмасын қадамға баратының анық, дегенмен де сау адамның өзіне оңайға соқпайтын күнделікті бір ауруханадан екіншісіне, емханадан емханаға, дәріханалар мен жеке емханалардың есігін тоздыру өте қиын. Дәрі-дәрмектердің қымбаттылығы тіпті жаныңа батады. Ал, жаңа технологиямен тексеретін аппараттарының бағалары енді өздерінің шарықтау шектеріне жеткен. Оның үстіне ол тек қана тексеру, диагнозыңды айқын айтарына да толық кепілдік берілмейді. Берілген күнде оның дәрі-дәрмегі мен емі бар, бұл жерде де сауығып кетуіңе кепілдік жоқ. Сонда отбасыңның, өзіңнің аузыңнан жырып, емделу мақсатына жұмсалған қаражаттың далаға кеткені ме бұл? Емделудің елімізде қымбаттығы сонша, кейде шарасыз азаматтарымыз несие де алып жатады, ал ұзақ уақыт денсаулығына байланысты жұмысқа шыға алмаған жағдайда ол несиенің қалай төленері белгісіз. Науқасты аман сақтап қалу үшін бар мүлкін сатып, үйін, жерін сатып, аман алып қала алмаған жанұялар қаншама, айта берсең жаның ауырады. Бірақ, бұндай жағдай күнделікті еліміздің әр түкпірінде қайталанып жатыр, олардың орын алмауы үшін ешкім қамданып жатқан жоқ. Бұл бір адамның немесе бір жанұяның ғана емес, бүкіл ұлттың қайғысы. Сонымен жоғарыда айтып өткен апамызға бірнеше ай дегенде әйтеуір ұйқы безі деген диагноздың онкологиялық түрі қойылады. Оның өзі Баймаханов атты әйгілі дәрігердің қаламызға емдеу барысында келіп қалғандығының арқасында. Өте ауыр науқас болып саналатын аурудың асқынғандығын айтқан дәрігерлер ота жасауға тым кеш екендігін, ендігі жерде химиялық терапия жасайтындықтарын айтты. Солай арада уақыт өте келе химия терапия алып жүрген апамыз өзінде кішкене жақсаруды байқай бастайды, әрине бір ғана емес, бірнеше терапиядан соң. Сөйтіп, 6 рет химия терапиясынан өткен апамызға енді терапия тоқтатылатындығын айтты. Бірақ, денсаулығы жақсармағаны былай тұрсын апамыз күні түні ауырып, қатты жаны қиналады. Амал жоқ, қайтадан дәрігерлердің көмегіне жүгінеді, алайда олар енді химиотерапия жасамаймыз деп сөздерінен қайтпай тұрып алады. Тағы да тексерілу үшін шетел аппаратына түсуді ұсынады, аппаратқа түсірушілер диагнозының шын мәнінде ұйқы безі екендігін айтқанымен онкология бөлімінің мамандары бұл ол аурудың онкологиялық түрі емес деп мәлімдейді. Сонда қанша рет алынған химия терапия қайда қалды? Менің ойымша химиотерапия дегеніміз өте ауыр ем және де диагнозына толық көзің жетпегенше ол еммен емдеуге болмайды. Оның үстіне онкологиялық ем алған соң басқа ауруханалар емдемейді екен. Сонымен екі оттың арасында қалған апамызда еш шара қалмады, ең болмаса квота жазып беріңдерші мен Алматы қаласына барып, нақты диагнозбен нақты ем қабылдайын деген жалбарыну сөзін де құлақтарына аспай қойды. Ота жасауға болмаса, химия жасамаса, басқа аурухана қабылдамаса не амал қалды сонда, үйде жатып өміріңнің соңғы күндерін өткізу ме? Жаның қиналып бара жатқанда қалайша қарап жатпақсың, емделуге мүмкіндігің бар ма жоқ па екенін білместен тіпті. Бұл қалай болғандығы, неліктен аурухана қызметкерлері сонша немқұрайлық танытып тұр, жаның ауырғанда олардан басқа кімнен көмек күтеміз, әділеттік қайда? Апамыздың көкейінде сан түрлі сұрақтар бар, бірақ олар сол күйінде жауапсыз қалатындай. Бұл жағдайда әрине апамыз бен оның жанұясынан басқа ешкім қасірет шекпейді, басқа ешкімнің жаны ауырмайды, бірақ осындайды естіген соң «әттең, дәрігер де болмаған екенмін!» деген ой келеді. Кім біледі, мүмкін дәрігер болсам, мінезім қаттырақ болып, 1-2 жанұяның басынан кешкен қасіреті мені де толғандырмай қояр ма еді? Дәрігерлердің барлығына топырақ шашудан алшақпын, дегенімен де қоғамдағы сананы қалыптастыру сол қоғам мүшелерінің қолында екені анық. Шет елдерінде, тіпті алысқа бармай ақ шекаралас Қытай елінде медицина қызметі тегін емес пе? Ал, біз болсақ адамның өміріне қауіпі бар аурумен сырқаттанған адамға да қол ұшын бере алмаудамыз. Онсыз да жаны ауырған адамдардың өмірде болып жатқан әділетсіздіктен, шарасыздықтан күйінгендігі дұрыс па? Айтарға сөз жоқ, мына мақаланы жазып отырған менің өзімді елімізде болып жатқан жағдай қатты мазалауда, дегенімен қолдан келер шара жоқ. Халыққа болған жайды ашық айтудан басқа. Мүмкін, оқып отырып сіздер өздеріңізге таныс жағдайға тап боларсыздар, мүмкін сіздердің қайғыларыңыз бұдан да қиындау болар, сіздерге айтарым еш уақытта мойымай, бір жаратқанның құдіретіне сеніңіздер. Мейірімді жандардың бар екендігі анық, жай ғана сіздерге олар әлі жолықпаған болар. Оқырмандарға болаттай мықты денсаулық тілеймін! Ауырмаңыздар, аман болыңыздар, сақ жүріңіздер! «Денсаулық ең қымбат қазына» осыны ойдан шығармауларыңызды сұраймын. Теріс жағдайда кім біледі – сіздің жолыңызда мейірімді жандардың кезігерін, не кезікпесін!

Майра Жүнісова, ҚКХП Қызылорда обкомының

баспасөз хатшысы

Яндекс.Метрика