Home » № 10//22.03.2013 » АЛДАҒЫ УАҚЫТТА ƏКІМДЕРДІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУЛЕРІ ЖИІЛЕЙ ТҮСПЕК

АЛДАҒЫ УАҚЫТТА ƏКІМДЕРДІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУЛЕРІ ЖИІЛЕЙ ТҮСПЕК

Елімізде жыл сайын əр түрлі деңгейдегі əкімдердің халықтың алдында есеп беру кездесулері өткізілетіндігі белгілі. Бұқаралық ақпарат құралдары Астана, Алматы секілді ірі қалалар əкімдерінің осы кездесулері туралы молынан жазады да, басқа қалалар мен аудан, ауыл əкімдерінің жүздесулері назардан тыс қалып жатады.

Ал бұндай кездесулер аз болмайды. Атап айтқанда, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Президенті Əкімшілігі басшысының орынбасары Ғабидолла Əбдірақымовтың айтуы бойынша, ағымдағы жылы 8,5 мың осындай ісшаралар өткен. Оған барлығы 1 миллионнан астам адам қатысыпты. Қатысып қана қоймаған, олар əкімдерге 24 мыңнан астам сұрақтар қойған. Ал бұл əрбір сұрақтың астында қаншама проблемалар тұр. Қаншама шешілмеген мəселелер бар.

Елбасының тапсырмасы бойынша осы кездесулердің барлығына сараптама жасалған.

Рас, қазір барлық жерлерде əкімдер тағайындалып қойылады. Сондықтан да олардың қызметіне ауыл, аудан немесе қала тұрғындарының əсері шамалы десе де болады. Қай əкім болсын бірінші кезекте өзінен жоғары тұрған басшының көңілінен шығуға тырысады. Өйткені оның бұл қызметте əрі қарай істеу-істемейтіндігін шешетін сол ғой. Сондықтан оның халықпен тікелей жұмысы ақсап жатады. Бірдеңе десең, менің қолымда тұрған не бар, ақша жоқ, анау жоқ, мынау жоқ деп шыға келеді.

Ал əкім сайланып қойылатын болса онда ол келесі сайлауда халықтың көбірек дауысын алу үшін барын сала жұмыс істер еді. Ақшаны да табар еді. Бір жақсылығы биыл еліміз бойынша көптеген ауылдық, аудандық əкімдердің сайлауы өтпек. Сол кезде, сайлауалды жарыстарда бұдан да басқа көптеген проблемалардың ұшы көрінері анық.

ҚР Президент Əкімшілігі басшысының орынбасары Ғабидолла Əбдірақымовтың айтуы бойынша, əкімдердің бұндай есеп-беру кездесулерінің негізгі мақсаты тұрғындардың мемлекеттік билік органдарының жұмыстары туралы толығырақ мағлұмат алуын қамтамасыз ету, оларды мемлекеттік басқару процесіне кеңірек тарту. Сондықтан да болса керек, оған халықтың қатысуы да жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда, 2007 жылмен салыстырғанда оған қатысушылардың саны бір жарым есе өскен.

«Осы кездесулерге жасалған талдаулар ауыл тұрғындарын ең бірінші кезекте қандай мəселелер толғандырады екендігін білуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, ауылды жердің тұрғындарын газбен қамтамасыз ету, сумен жабдықтау, жолдардың жағдайы, əлеуметтіктұрмыстық нысандардың хал-күйі көбірек толғандырса, қалалықтарды баспана мəселесі, балабақша, инфрақұрылымдардың жағдайы, қоғамдық көлікті ұйымдастыру мəселелері, аулалардың жабдықталуы секілді проблемалар көбірек ойландырады екен», – дейді Ғабидолла Əбдірақымов.

Оның мəлімдеуінше, алдағы уақытта Елбасының тапсырмасы бойынша, əкімдердің халықпен кездесулерінің форматы мен мерзімділігін өзгерту көзделіп отыр. Атап айтқанда, ауыл əкімдері халықпен тоқсанына бір реттен кем емес, ал аудан мен қала əкімдері жылына екі реттен кем емес рет кездесулері керек. Бұндағы мақсат жергілікті атқару органдарының жұмыстарына деген қоғамдық бақылауды күшейту, жергілікті өзін өзі басқаруды жетілдіре түсу.

Осындай кездесулерде азаматтар көбінесе жергілікті əкімдердің құзырына жатпайтын, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға тиесілі проблемаларды қозғайды екен. Солардың бастыларының бірі – жұмыспен қамту мəселелері. Кездесулерге жасалған талдаулар халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін жасалған бағдарламалардың барлық ауылдар мен қалаларды қамтымайтындығы белгілі болған. Сондықтан да осы мəселелерді шешу үшін Мемлекет басшысы жергілікті əкімдердің тұрғындармен кездесулеріне орталық органдар мен ұлттық холдингтер мен компаниялар өкілдерінің де қатысуын қамтамасыз етуді Үкіметке, Астана мен Алматы қалалары жəне облыс əкімдеріне тапсырған. Сондықтан да орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар деңгейінде шешілуі тиіс мəселелерді шешу үшін іс-шаралар жоспары жасалмақ. Тапсырмалардың ішінде халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020», «Қазагро» инвестициялық жобалары секілді бағдарламалардың тиімділігін арттыру да бар.

Көптеген жергілікті жерлерде, ауылдар мен аудандарда жұмыстың жоқтығынан халықтың Астана мен Алматы секілді ірі қалаларға жұмыс іздеп келетіндігі белгілі. Бұл жəйт, əсіресе көктем келе қарқын ала түседі. Үлкен қалаларда екі қолға əйтеуір бір жұмыстың табылатындығы рас. Құрылыс, базар, көлікпен жолаушылар тасу т.б. дегендей…

Сосын жұмыс орындарын ашқанда Үкімет оның бір ғана жақта көбірек болуын емес əр аймақты да тең қамтуын қадағалап отыруы қажет.

Байқап отырсаң, еліміздің солтүстік аймақтарында өндіріс орындары, зауыттар, кеніштер көбірек ашылады да, оңтүстіктің қамтылуы кемшін түсіп жатады. Жұмыссыздықтың оңтүстік өңірде көбірек екендігі де осыдан. Сондықтан халықтың жағдайы да нашар. Ол жақта халық та тығыз орналасқан. Өндіріс орындарын, зауыт, фабрикаларды сол себепті осы аймақта көбірек ашқан дұрыс.

Қалаларға жұмыс іздеп келіп жатқандардың қылмыстық жолға түсіп жатқандары да қаншама. Мысалы, Алматы қаласында жасалатын қылмыстардың жартысынан көбін осындай аймақтардан келетіндер жасайды екен. Егер де олардың өздері тұрып жатқан жерлерде жұмыс болса олар осылай алыс жақтарға келер ме еді? Үйсіз-күйсіз ауыр жұмыстарда жүрер ме еді? Əрине, жоқ. Сондықтан аймақтарда неғұрлым көбірек жұмыс орындарын ашу қай үкіметтің, қай əкімнің болсын ең маңызды, бірінші кезектегі шаруасы болуы керек.

Аман Іргебай

Астана

Яндекс.Метрика