Home » "Коммунист Казахстана" » Алматы апорттары Францияда өсірілетін болады

Алматы апорттары Францияда өсірілетін болады

Францияның Ренн қаласында Алматы қаласының мәдениет күндері аясында аллея ашылып, онда алматылық апорт отырғызылды.
Мәдениет күндерінің аясында Ренн қаласында халық қолданбалы өнері шеберлерінің көрмесі ашылып, интерактивті шеберлік-дәрістері мен жәрмеңке ұйымдастырылды.

Көрмеге келушілер киіз басу, кестелеу, көзешілер ортасында қыш бұйымдар жасау, терме-алаша тоқу, ағашқа ойып сурет салу, ши тоқу және зергерлік өнер сияқты қазақ халқының дәстүрлі кәсіп түрлерінен шеберлік-дәрістеріне белсенді қатысты.
Сондай-ақ, Ренн қаласында Алматының тарих мұражайы фотокөрме ұйымдастырды, шара соңында мерекелік гала-концерт өтті.
Ренн мен Алматы 1991 жылдан бері бауырлас қала болып табылады.

«Шіріген жұмыртқа” кімге бұйырады?

Алматыда мемлекеттік тілді қолдау акциясын ұйымдастырған тіл жанашырлары осындай сыйлық тағайындады. Ол қазақ тіліне мұрнын шүйіре қарайтын шенеуніктерге берілмек. Жексенбі күндері өткізілген қазақ тілін қолдау шарасына мыңға жуық адам жиналды.

Олардың арасында қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен саяси партиялардың өкілдері бар. Барлығы бірдей қолдарына мемлекеттік тіл мәртебесін қолдаған ұрандар ұстап шыққан. Ұйымдастырушылардың айтуынша бұл «орыс тіліне деген қарсылық емес, керісінше қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған».

ДӘУРЕН БАБАМҰРАТОВ — «БОЛАШАҚ” ЖАСТАР ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
«Ата заңның 7-ші бабындағы «Орыс тілі ресми тіл ретінде қолданылады деген тіркесті алып тастап, оның орнына орыс тілі этносаралық, халықаралық тіл деген тіркес қосылсын. Сондай, ақ, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен дайындалып жатқан „Тіл туралы“ заңның мәжілістің күзгі сессиясында қаралып, 2012 жылға дейін қабылдануын талап етеміз».

Сауд Арабиясы қажылық жасайтын қазақстандықтарға санитарлық талаптар қойды

Ағымдағы жылдың қараша айында қасиетті Мекке қаласында мұсылман күнтізбесіндегі Зұл-хиджа айының тууымен қажылық басталады. Осыған байланысты Сауд Арабиясының Астанадағы елшілігі ҚР Дін істері агенттігіне қажылық сапарын өтейтін қазақстандықтарға, олардың келуін ұйымдастыратын туристік комппанияларға мына санитарлық-медициналық талаптарды қатеріне салу жөнінде өтініш білдірді.

Сауд Арабиясы Корольдігіне басқа елдерден келетін барлық жамағат эпидемиялық аурулар туралы халықаралық ережелерге бағынулары тиіс. Қажылық сапармен келетін елдерде эпидемиялық аурулар пайда болған жағдайда Сауд Арабиясының денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ынтымақтаса отырып, шұғыл шаралар алуға және халықаралық нормаларға сәйкес қажылыққа келушілерге медициналық шарт қоюға  құқылы.

Әрбір қажылыққа келуші эпидемиялық меннингитке қарсы егілуден өткені, егілу Сауда Арабиясы Корольдігіне келуден 10 күн бұрын, бірақ 3 жылдан көп емес екендігін қуаттайтын анықтама ұсынуы тиіс. Қажылыққа келген 15 жастан кіші балалардан Сауда Арабиясы Корольдігіне келуге дейін 6 апта бұрын полиомелитке қарсы егуден өткені жөнінде анықтама талап етіледі.

Бұдан басқа Сауд Арабиясының денсаулық сақтау министрлігі қажылыққа  келушілерден маусымдық тұмауға қарсы егілуден өтуі тиіс екендігін талап етеді. Әсіресе бұл егде адамдар, созылмалы демікпе, қант диабеті, бүйрек, бауыр және жүрек сырқатына ұшырағандар үшін аса қажет. Келушілерді оңай тексеруге болатын қалбырланған және оралған тағамдардан басқа азық-түлік әкелуге тыйым салынады.

Егер қажылыққа тілек білдірушілер саны өскен жағдайда қазақстандық  тарап оның санын жылына 10 мың адамға дейін көбейте алады. Бұл мүмкіндік Ислам ынтымақтастық ұйымы қатысушы елдерінің 1987 жылғы “Қажылыққа барушыларды елдің бір миллион адамына – бір мың адам есебімен шектеу туралы” шешімінде бекітілген. Ислам ынтымақтастық ұйымының мәліметі бойынша Қазақстан Республикасында мұсылмандар саны 10 млн. адамнан асады.

Қазақстан соңғы 3 жылда арақ-шарап ішуді азайтыпты

Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың айтуынша, соңғы үш жылда еліміз тұрғындары арақ-шарап ішуді 9 пайызға азайтыпты.  Бұған “бәрекелді!” демеске амалымыз жоқ. Ал енді осы деректердің себеп-салдарына үңілсек, ішімдікті тұтынуға қатысты мемлекет ұстанып отырған саясаттың тиімділігі бірінші орында тұрған көрінеді.

Екінші бір себепкер халықтың имандылыққа бет бұруы көрінеді. Бес мезгіл намазын қаза жібермейтін ағайынның аузынан арақ туралы әңгіме есту мүмкін емес. Тағы бір мәселе, жұрт мәдениетті өмірге бет бұрды.

Қазір екі қазақтың бірі қолына “рюмка” ұстамайды. Уақыты жоқ. Жұмысбастылық “ерінбей еңбек еткен кісінің ғана қарны тоқ, қайғысы жоқ” болатындығына баршаның көзін жеткізді.

Ішімдіктің елге келтірер залалы, денсаулыққа тигізер зардабы шексіз. Айталық, елімізде салынып ішуден келетін дерттер 35,8 пайызды құраса, бұдан да қауіптісі – маскүнемдікпен жасалатын қылмыс болып тұр. Мысалы, адам өлтірудің 70 пайызы бөтелке босатудан кейін туындайды. Мұны криминалды полиция комитеті де ресми түрде мойындайды.

Бүгінде елімізде тұрғындар орта есеппен жылына 5 литр спирттік өнімдерді пайдаланса, Ресейде бұл көрсеткіш – 18 литрден, ірі шарап өндіруші ел Францияда – 7,5 литрден келеді.

Яндекс.Метрика