Home » № 7//22.02.2013 » Ана мен балаға үнемдейтін мемлекеттің болашағы баянсыз болмақ

Ана мен балаға үнемдейтін мемлекеттің болашағы баянсыз болмақ

Бұдан былай əйелдерге дүниеге сəби əкелгені үшін мемлекет төлейтін біржолғы төлем 10 ең төменгі жалақы көлемімен шектелетін болды. Аталған заң күшіне ақпанның 17-сі күні енді. Күшіне енген «2013-2015 жылдарға «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне əлеуметтік қамсыздандыру мəселелері бойынша өзгерістер мен толық тырулар енгізу туралы» деп аталған жаңа заң жобасының басты бір жаңалығы сол болды. Заңға сəйкес, 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде «ең төменгі жалақы» мөлшері 18 мың 660 теңгені құрайды.

«Аталған Заң Ата Заңымыздың нормаларына қайшы келіп, қоғамның ең нəзік саналатын əйелдер мен балалардың құқықтарымен заңдық қызығушылықтарына кері əсер ететіндіктен, бұл заңды қайта қарау керек », -дейді ҚР Еңбек жəне халықты қорғау министрлігінің алдына жиналған белсенділер тобының мүшелері. Шыны керек, 2013 жылы ақпаның 17 күні күшіне енген Заң жоғары жалақы алатын əйелдерді əбігерге салып, жүйкелерін тоздырып, «facebook»те парақша ашқызды. Тіпті, жұма күні кешкісін белсенділер тобы ҚР Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Серік Əбденов мырзамен де кездесті деген ақпар да жоқ емес. Жалақылары 300-400 мың теңгеге дейін жететін əйелдердің үрейленетіндей-ақ жөндері бар. Себебі, көп ақша табу мақсатында, жылдар бойы оқып, өздерін-өздері дамытып, білімдерін жетілдіріп, кəсіби тұрғыдан өсу үшін тəжірибе жинақтаған əйелдер – нəрестелерін құшағына алып,алған білімі мен жұмысының нəтижесі ретінде жақсы декреттік төлемақы алудың орнына, қалталары айтарлықтай қағылатын болды. Мысалы, егер əйел декреттік демалысқа кеткенге дейін 7 жыл қызмет қылып айына 400 мың теңге жалақы алатын болса, онда 7 жыл ішінде оның əлеуметтік төлемдері 542 630 теңгені құрайды. Сонымен қатар оның ай сайын 10 %-дан үзбей төлеген табыс салығы тағы бар. Егер, жалақысы 400 мың теңге болатын болса, онда 7 жыл ішінде ол əйел табыс салығы кем дегенде 2 867 256 теңгені құрайды. Яғни 400 мың көлемінде жалақы алған əйел, Заңға сəйкес 740 985 теңге ғана есептеледі. Бұл сомадан əлі міндетті зейнетақы жарналарына алынатын 10 пайыз бар. Сонда ай сайын 400 мың теңге жалақы алатын əйел, декреттік демалысқа кеткенде бар жоғы 666 887 теңге алады қолына.

Бұны естіген аяғы ауыр Əлия Бөгенбай «мен бұл баланы дүниеге əкелмей, ай сайын ақшамды алып, пəтерге алған несиемді төлеп отырар едім»-, деп дөп басты болашақ ана. Оның айтуынша бұл Заң бұқаралық талқылаусыз, халық пікірінің ескеруінсіз қабылданды.

Заң күшіне енгеннен бастап жұмысқа орналасу кезінде гендерлік дискриминацияға əкеп, табысы жоғары əйелдер жаңа туған сəбилерін тастап, қайта жұмысқа шығуға мəжбүр болады. Ал ол болса, ана мен баланың денсаулығы мен өміріне əсер етеді деген ой да жоқ емес.

Нұржан Сарқыт

Яндекс.Метрика