Home » Алматинский горком, Партийная жизнь » Аналардың несібесіне қол сұғу – болашақтан үміті жоқтың ісі

Аналардың несібесіне қол сұғу – болашақтан үміті жоқтың ісі

Зейнетақы жүйесін мемлекет өз қарауына алған кезде жұртшылық бөркін аспанға атып қуанған еді. Ешқандай табыс кіргізбей, шығынға батса да, зәулім кеңседе, бірнеше орынбасар ұстап, қымбат көліктермен шалқып өмір сүріп жатқан зейнетақы қорлары болашақ зейнеткерлердің есебінен бұдан былай талтаңдай алмайтын болды деп үміттендік. Жас күніміздегі еңбегіміздің қартайғанда зейнетін көруге мемлекеттің өзі кепілдік береді деп күттік. Бірақ үкімет іле-шала өрікпіген көңілімізді су сепкендей басты. Қолында билігі бар шенділер бүгін жас аналардың жөргекпұлына жармасса, ертең зейнетақыдан қақпақ.

Бұл туралы вице-премьер Қайрат Келімбетовтің өзі жария еткені мәлім. Бұдан былай әйелдердің зейнетке шығу жасы 58-жен 63 жасқа дейін көтерілмек. «Әйелдердің зейнетке шығу жасын ұзарту бірте-бірте, 10 жыл көлемінде жүзеге асады. Ведомствоаралық комиссия 2014 жылдың қаңтарынан бастап ұзартуды бастауды ұсынды», – деп мәлімдеді вице-премьер. Рас, бүгінде көп елдерде 65 жастан зейнетке шығады. Бірақ, орташа зейнетақы көлемі бізден әлдеқайда жоғары: Польшада – 522, Ресейде – 283, АҚШ-та – 1164 АҚШ доллары, Финляндияда – 810 еуро, Германияда – 810 еуро, Израильде – 1 354 АҚШ доллары, Испанияда – 850 еуро, Жапонияда – 715 АҚШ доллары. Посткеңестік кеңістіктегі мұнайлы елдердің ішінде ең азы біздің елде – 146 доллар көлемінде. Әзірбайжанда 200 доллар шамасында. Тіпті, бір тамшы мұнайы жоқ Беларусьтің өзінде бізден біршама жоғары – 176 доллар. Орташа зейнетақының, күн көріс кәрзеңкесінің көлемі аталған елдердің көлеміне теңестіретін болса, қарсы болмас та едік. Кейбір деректер бойынша, Қазақстан өмір сүру деңгейі бойынша 152-ші орында тұр. Мұндай жағдай да зейнет жасын ұзарту – гуманитарлық апатпен тең.

Аналарымыздың құқығын табандылықпен таптатпауға тиіс Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтің уәжі мынадай: «Әйелдердің зейнетақы жинағы ерлерге қарағанда 25 пайызға төмен. Олар декретке шығады. Ал 21 жыл ұзақ жасайды. Ерлер зейнетке шыққан соң 13 жылдан артық өмір сүрмейді». «21, 13 жыл» деген де күмәнді деректің қайдан алынғаны да жұмбақ. Ал статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда өмір сүру ұзақтығының орташа көрсеткіші 68,4 жас (әйелдерде – 72,5 жас, еркектер арасында – 61,5 жас). Ал 65-тен зейнетке шығатын Еуропада халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы – 80,5 жас. Сонда дейміз-ау, бұл үкіметтің 3 жыл ғана зейнетақы ал дегені ме? Ал ер адамдар зейнетақының не екенін де білмей, өмірден өтетінін – статистиканың өзі айтып тұрған жоқ па?

Айта кету керек, зейнеткерлер бізге аса салмақ салып отырмағаны анық. Елімізде 2 миллионға жуық зейнеткер бар. Еңбекке жарамды адам саны 8 миллионға жуық. Яки, бiр зейнеткерге төрт адамнан келедi. Ал Батыста бiр зейнеткерге 2-2,5 адамнан келедi. Бір қызығы, Батыстың көлігі мен көйлегіне, қымбат астаналарынан зәулім сарай сатып алып, сонда тұруға құмар шенеуніктеріміз әлеуметтік мәселелерге келгенде сол батыстың осы озық үлгілеріне сүйенбейтіні қызық. Мәселен, зейнетақы реформасын өздері аяғын аттап басқысы келмейтін Чилидің тәжірибесін алды (бұдан Чилидің өзі бас тартқан).

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі аналарымыздың қамын ойласа, зейнет жасын ұзартуды емес, бала босанып, декретте отырған аналардың зейнетақы жинағына ай сайын қаржы түсірудің басқа тетіктерін қарастырған болар еді. Үкімет осы әрекетімен аналарымызға: «Алжығанша жұмыс істе, бала тума», – дегенді ұғындырып отыр. Еуропа елдері секілді Қазақстан әлеуеті жоғары, бұғанасы бекіген, демографиясы тарихи тұрақтылыққа жеткен, мұртын балта шаппайтын мемлекет емес. Ұланғайыр жері бар, халқының саны Шанхайдың бір көшесінің тұрғындарымен шамалас елде бұл – өзің отырған бұтақты кескенмен тең. Тіпті, өліммен пара-пар десек, артық айтпағандық.

Ана мен бала өлімінің, суицидтің көптігінің астарында әлеуметтік ахуал жатқаны құпия емес. Аналарымыздың денсаулығының нашарлығы дәрігерлердің төбе шашын тік тұрғызып жүргені тағы ақиқат. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Әр баланы өмірге әкелу – асқан ерлікпен тең», – деген сөзі бар. Жаны бар сөз, шыр етіп нәресте дүниеге келерде аналар өлім мен өмірдің арасында болады. Тоқетіріне келсек, әйелдердің зейнетке шығу жасын ұзарту – аналарымыздың несібесіне қол сұғу деген сөз. Ал аналардың несібесіне қол сұғу – болашақтан үміті жоқ адамның ісі.

Елнұр Бейсенбаев

ҚКХП-ның Алматы қалалық комитетінің хатшысы

Яндекс.Метрика