Home » № 17//10.05.2013 » «Қартайғанда бейнет бер»

«Қартайғанда бейнет бер»

Зейнатақы жүйесін жаңғырту бойынша жаңа заң жобасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. «Айдаһар» деп айдар тағылған қаншама заң жобасына ел-жұрт селқостық танытқан. Мəжіліс депутаттары үкіметтің екпінімен ыңшыңсыз қабылдаса да, бұл жолы елдің дүрлігуі ала бөтен. Оның сыры түсінікті де. Ал зейнетақы мəселесі бар азаматқа тікелей қатысты. Саяси партиялар да елден ұялғанынан жер жерде наразылығын білдіріп, бірінен соң бірі митинг өткізіп жатыр. Бірақ бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға қауқары да, құлқы да жоқ. Əркім өз батпағында бақылдауда. Ондағы мақсат – үкіметті райынан қайтару емес, елдің қышыған қотырын бір қасып қалып, ұпай жинау. Анығы, əйтеуір, қарабет атанбау 

Yш жылдан бері жұмыс істеп істеп келе жатқан Саяси партиялардың клубы жаңа дəстүр қалыптастырып, ҚКХП-ның Алматы қалалық комитетінің кеңсесінде бас қосты. Талқыланған, əрине, осы мəселе. Жоғарыда айтылған ойымызды осы жиын нақты көрсетіп берді. Алғаш сөз алған Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Бақтияр Мəкен зейнетақы жүйесінің өзгеру себептеріне тоқталды. «Ынтымақтастықты зейнатақы жүйесінде зейнатақыны мемлекет төлейді. Мекемелер өз жұмысшыларының есебінен зейнатақы жарналарын төлейтін. Алайда, бірқатар себептер бойынша, қаржылық жəне экономикалық себептерге байланысты, бұл жүйе құлдырауға түсті. Оған салықтан жалтару түрткі болды. Банкрот алдында тұрған мекемелер үшін жарна төлеу оңайға соқпай тұр», – деп түйіндейді Бақтияр Мəкен.

Экономикалық өсім, даму немесе құлдырау – Үкімет саясатының нақты нəтижесі. Осы уақытқа дейін бар түйткілді əлемдік дағдарыстарға аударып, өз кемшілігімізді ашық айтып, оны түзетіп, қорытынды жасаған кезіміз болған емес. Шағын жəне орта бизнестің аяғына бюрократиялық кедергілерден бастап, жемқорлыққа дейінгі кесепаттардың тұсау болып келгені жасырын емес. Ұдайы жабулы қазан жабулы күйінде қалып отырды. Үкімет жіберген қателіктердің зардабын енді 63-ке дейін мықшықтап тер төгуге тиіс əйелдер тартпақ.

Алматы қаласы бойынша Бақылау жəне əлеуметтік қорғау жөніндегі департамент директоры Зиядин Ағыбетов жаңа заң жобасының қоясын ақтарып берді. «1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істегендер толықтай жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшеді. Ендігі мəселе жинақтаушы қордың қалай жұмыс істейтініне, табысына байланысты болмақ».

Статистикалық мəлімет бойынша, зейнет жасындағы адамдардың 12 пайызының еңбек өтілі толық емес. Бұл – зейнетақының көлемі аз деген сөз. Əйел 50-ге, 55-ке жəне 60-қа келіп зейнетке шықса да, жинақталған зейнетақысы жеткілікті болуы шарт», – дейді ол. Департамент директорының кел келген сауалға уəжі дайын. Сандарды, даталарды асықша иіреді. Сөзіне қарасаң, жұрт босқа алаңдап жүрген болып шығады. Əйелдерімізге 63-ке дейін жұмыс істеуіне, зейнатақы қорын молайтуға мүмкіндік берген үкіметке алғыс айтуға шақ қаласың. Бірақ, патриоттар партиясының өкілі Лигай Оксана оның сөзіне илана қоймады.

«Ресейде 40 миллион зейнеткер болса, бізде 1,6 миллион ғана. Францияда зейнетке шығу жасы мамандықтарға қарай белгіленеді. Мəселен, Гранд опера əртістері 40 жастан, теңізшілер мен теміржолшылар 50 жастан, банк қызметкерлері 55 жастан зейнетке шығады. Біздегідей бəріне бірдей мөлшер белгілеуге болмайды. Біздің партиямызда Қазақстанның еңбек сіңірген əртісі, балерина Людмила Рудакова бар.

Бұл жасы ұлғайған мамандық иелері сахнаға шыға алмайды, зейнетке шығуға жасы жетпейді. Билік осы мəселені тыңдағысы келмей отыр», – деп көкейіндегі күмəнін жеткізді зейнеткер-патриот.

ЖСДП-ның өкілі Юрий Маленких та жұрт көңілін күпті етіп жүрген күдікті тілге тиек етті: «Бірыңғай жинақтаушы қордың құрылуы шығынды азайтады делініп жүр. Ол қордың табысы да болжам ғана. Мүлде табысы болмаса ше? Қазіргі қорлардың денінде табыс жоқ, кері кетіп жатқандары да бар». Бұл жерде мемлекеттің зейнетақы қорларын бақылауға алып, бір қолға шоғырдандыру көңілге медеу болып тұр. Сондағымы үмітіміз – мемлекет қорларды өзі басқарған соң, өзі де кепілдік берер ой ғана.

«Ақ жол» партиясының өкілі Мақсат Жақау осы мəселеге қатысты тағы бір келеңсіздікті көрсетіп берді. «Бизнесмен – жұмыс беруші. Керек десеңіз мынадай қызық жүйе де қалыптасқан. Зейнет жасына жақындаған адамдар зейнетақы түсімдерін көбейткісі келеді. Жұмыс берушілер зейнетақы қорына аз төлем жасағысы келеді. Оны кім бақылауға тиіс?» – деп сауал тастайды ақ жолдық.

ҚКХП-ның Алматы қалалық комитеті ардагерлер кеңесінің төрағасы В.Артемьев болса, əйелдердің кеткен есесін жұмсартуға шақырды. «Біз зейнет жасын ұзарту туралы жиі айтып жүрміз. Бірақ бізге қазір зейнетақыны көтеру туралы мəселе көтеру қажет.

Халықтың 80 пайызы қарсы болса да, əйелдердің зейнетке шығу жасын көтермек. Біздің наразылығымыздан дəнеңе шығар емес. Əйелдердің басына түскен сорды зейнетақыны көтеру арқылы бəсеңдетуге болар, бəлкім», – дейді ардагер-коммунист. Ел наразылығына қарамастан, үкіметтің өз дегенінен қайтпасы қазірдің өзінде белгілі. Енді бұл іске ызалы зейнеткерлер де емес, ызғарымен ықтырар шенеуніктер емес, сенатта емес, Елбасының өзі нүкте қояры анық.

Cанжар Арыс, Алматы

Яндекс.Метрика