Home » "Коммунист Казахстана", № 34//11.10.2013 » Астана халқы 800 мыңнан асты

Астана халқы 800 мыңнан асты

Астана халқы жыл өткен сайын өсіп келе жатқаны белгілі. Әркім әртүрлі айтқанымен ресми деректер бойынша ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елорда халқының саны 800 мыңнан асқан. Егер де осы санды аудандар бойынша бөлсек, ең көп халық Алматы ауданында тұрады екен. Аталған ауданда 366 219 адам тіркелген. Ал екінші орында – Сарыарқа ауданы. Бұнда 324 221 адам тұрып жатыр. Ең аз халық Астананың жаңа ауданы Есіл ауданында екен. Атап айтқанда – 110 216 адам.

Статистика деректеріне сүйенсек, Астана халқының орташа жасы – 30 жыл. Бұл жаңа елорданың негізгі құрамының жас, болашағы әлі алда екенін білдіреді.

Астанаға еліміздің түкпір түкпірінен жұмыс іздеп, болашағын осы жас та әдемі қаламен байланыстыруды армандап көптеген жастар келіп жатыр. Өкініштісі, қалада пәтер қымбат, үй салуға жер берілмейді. Астананың бұдан да тез қарқынмен өсуін тежеп отырған ең негізігі проблема осы болып отыр деп нық айтуға болады.

Сонда да болса, егер де 1997 жылы бұрынғы Ақмоланың халқы 250 мыңдай болғанын ескерсек, өсу айтарлықтай. Бірақ бұл жерде тек жас елордамызда ресми тіркелгендер ғана есепке алынғанға ұқсайды. Астанада ешқандай тіркеуге тұрмай-ақ жұмыс істеп жатқандар немесе жай тек жүргендер қаншама! Кез келген үйде пәтер жалдап тұрып жатқандарды кездестіруге болады. Ауласының алдына үй тұрғызып, он, он бес бөлмеге дейін жалға беріп, бизнес жасап отырғандар да жетеді. Жоқ дегендері екі-үш пәтер жалдаушы ұстайды. Көп қабатты үйлердегі қожайындар да ең болмағанда бір бөлмесін жалға береді. Осылардың барлығын есепке алса Астананың халқы баяғыда-ақ миллионнан асып кеткенін көруге болатын еді. Бірақ шенеуніктер тек ресми ақпараттарға ғана сенеді. Заң да солай. Бірақ тіркелмегендерді де қосып санайтын болсақ, Астананың халқы қазірдің өзінде 1 миллион адамнан асып кетті деп нақты айтуға болады.

Халықтың жыл сайынғы өсу үрдісіне көз салып отырсақ негізінен жылына орташа есеппен 40 мыңға көбейіп отырғанын көреміз. Биылғы сегіз айда 22 458 адамға артқан. Оның 12 085-і табиғи өсім болса, 10 373-і көші қон есебінен.

Жалпы, жаңа елорданың аумағы 710 шаршы шақырымды құрайды екен. Халық санының орташа тығыздығы шаршы шақырым бойынша алғанда 1096 адамнан келеді. Ал еліміз бойынша халық саны жөнінен Алматыдан кейінгі екінші орындағы қала.

Ал қаланың жылдық орташа өсіміне байланысты болжам жасасақ Астана ресми түрде 2017-2018 жылдары миллионер қала атануы мүмкін. Бұдан әрі қала халқының санын өсіре берудің қажеті де шамалы болмақ. Адамдар көбейген сайын проблема да арта береді. Көлік саны артып, көшеде кептелістер жиілеп, қала инфрақұрылымына да салмақ түсе бастайды. Бұдан да басқа мәселелер көптеп туындайды.

Аман Іргебай,

Астана

Яндекс.Метрика