Home » "Коммунист Казахстана", № 39//15.11.2013 » Астанада ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінің өтуі дәстүрге айналып келеді

Астанада ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінің өтуі дәстүрге айналып келеді

Еліміздің елордасы Астана қаласында күз келісімен әр сенбі, жексенбі сайын аймақтардан әкелінген ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінің өтуі жақсы дәстүрге айналып келеді. Сондай мақсатпен елордамызда оңтүстік пен шығыстың, солтүстіктің ауыл шаруашылығы ұжымдары болып үлгерсе, енді батыстықтардың  сондай жәрмеңкесі өтті. Оған халық көп жиналды. Осы жолы Астана қаласының орталық алаңында Маңғыстау және Ақтөбе облыстары ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Маңғыстау облысы жәрмеңкеге 60 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелген екен. Оның ішінде 10 тонна ет, 10 тонна балық, 1 тонна қазақ ұлттық тағамдары – құрт, балқаймақ, ірімшік, 30 тонна көкөніс және 9 тонна сүт пен қышқыл сүт өнімдері секілді халыққа ең қажетті азық- түліктер бар.

      Сондай-ақ, батыстықтар «нан болса ән де болады» дегендей мәдени шараларды өткізуді де жоспарлап келген екен.  ҚР Ұлттық кітапханасында облыс әкімі Алик Айдарбаев, ҚР Парламенті депутаттары және Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың қатысуымен «Маңғыстау ақын-жазушылары» атты 50 томдық Маңғыстау ақындары мен жазушыларының үздік шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Ал 10 қараша, жексенбі күні Конгресс- холл сарайында Маңғыстау облысы халық өнерінің тақырыптық көрмесі ашылды. Сонымен қатар өңірдің өнер шеберлерінің гала-концерті болды.

Жәрмеңкеге келген Ақтөбе облысы да аянып қалмапты.  Жәрмеңкеге облыстың 12 ауданының және Ақтөбе қаласының кәсіпкерлері қатысуда. Олар Астанаға 130 тонна өнім жеткізді, оның ішінде 50 тонна ет, 12 тонна балық, 35 тонна картоп пен көкөніс, 2 тонна сүт тағамдары, 5 тонна өсімдік майы, 3 тонна шұжық өнімдері, 5 мың дана жұмыртқа және 20 тонна басқа да өнімдер бар екен. Облыстың қайта өңдеу кәсіпорындары сан алуан өнім түрлерін ұсынып отыр. Атап айтқанда, олар – «Айс» ЖШС сүт өнімдері, «Рамазан», «Ақтөбе астық өнімдер комбинаты» және «Ақтөбе-нан» ЖШС-нің ұн, макарон өнімдері, «Степное», «Рокос» ЖШС-нің шұжықтары. Бұдан басқа «Ардағым» шаруашылық қожалығы бекіре тұқымдас тірі балықтар әкелген екен.

Бұндай жәрмеңкеге халықтың көп жиналатын себебі онда баға Астанадағы күнделікті бағадан он-он бес пайызға арзан болады. Әрі одан екі жақ та ұтады. Аймақтардан келген диқандар өздерінің өнімдерін өткізіп біраз қаржы тапса, елордалықтар, әсіресе аз қамтамасыз етілген отбасылар, зейнеткерлер мен қарттардың қыстық азығын қамдап алуға мүмкіншілігі бар.

Тұрсын Бекұлы,

Астана

Яндекс.Метрика