Home » № 14//19.04.2013 » Астананың жанында теңіз пайда болар еді…

Астананың жанында теңіз пайда болар еді…

Мен Астананың тұрғынымын. Бұл қаланың өткені мен бүгінгісінен біраз хабарым бар десе де болады. Биыл осы қалаға келгеніме 27 жыл болады екен. Соңғы он бес жылда жаңа елорда салу секілді тарихи оқиғаның куәсі болдық. Осындай керемет қала салғаны үшін Елбасымызға үлкен рахмет. Астанамыз шынында да арман қалаға айналды. Бірақ біздің осынау сүйікті қаламызға жетіспейтін бір-екі нәрсе бар сияқты. Соның бірі – таудың жоқтығы. Таулы жер әдемі болатындығы белгілі. Әрине, Алатаудай тау салу мүмкін емес, ол құдайдың қолындағы нәрсе. Бірақ сонда да болса елордамыздың маңынан, «Хан шатыр» ғимаратының оң қапталынан биіктігі 200-300 метрлік бес-алты тау тізбегін тұрғызса керемет болар еді! Қыста шаңғы теуіп немесе жазда басына шығып, қаланы алақандағыдай көріп, тамашалап, бір рахаттанар еді халық.

Әлемде қала салған ұлы тұлғалар бар, бірақ тарихта әлі ешкім тау салмапты. Сондықтан біздің президентіміз осыны ескеріп, бұл жобаны қолға алса ғой. Сонда ол әлемде тау салған бірінші басшы болар еді! Оның атын Нұртау деп қойса да болады! Бұл үшін ештеңені сүріп қажеті жоқ. Жер бос жатыр. Тек топырақ үйіп, биіктету, маңайына ағаш егу керек.

Таулы жердің әдемі болатындығын айттық. Маңайына талдар ексе, олар ертең-ақ орманға айналады. Талдыкөлдің орны бұрыннан да ылғалды, сулы-нулы жер. Ағаш тез өседі. Оларды суарып та керегі жоқ. Қаладан аққан қалдық су оларды өзі-ақ суарады.

Бұл таулар қыста соғатын қатты желдерден сол жағалауға ық та болар еді. Әйтпесе қысқы желдердің қатты болатындығы соншалық, адамды ұшырып жібере жаздайды. Сонда қаламыз әлемдегі ең суық елорда мәртебесінен де құтылар еді. Жалпы, үйлерді, ғимараттарды сала бергеннің қажеті жоқ. Әлемде қаншама қалалар халықтың көптігінен зардап шегуде. Көлік тығындары мен адамдардың көптігі проблемаларды да көбейте береді. Ең дұрысы Астананың халқын бір миллион адамнан асырмау. Сонда жинақы, таза елорда кімнің де болса қызығушылығын тудырып, тынысын ашар еді. Жер жетеді. Сондықтан салсақ, үйлерді бірінің үстіне бірін мінгестіріп тығыз салмай, маңайын кең қылып жобалаған дұрыс. Неғұрлым халық дем алатын ашық алаңқайлар, парктер көп болса соғұрлым жақсы болар еді.

Екінші нәрсе – жазғы ыстықта халық түсетін, шомылатын көл жоқ. Қала маңайының бәрін шарлап, кезіп кетеміз. Нұра ішпек түгілі шомылуға жарамайды. Оның суының құрамында сынаптың барлығы, оның адам денсаулығына зияндығы бәрімізге белгілі. Ал қалған көлдердің бәрі саяз немесе лас болып келеді. Сондықтан амал жоқ, шілденің ми қайнатқан ыстығында шетел асып кетесің.

Қазір Күйгенжардың маңынан Есілді бөгеген бөгет салынды, енді бұрынғы Вячеслав қазіргі Астана су қоймасын сол жерге ағызып әкелсе болмас па екен? Қандай ғажап жасанды теңіз пайда болар еді. Сонда Астанамыздың жанында теңіз де бар, тау да бар, төрт құбыласы түгел болар еді-ау…

Бек Әлиұлы

Астана

Яндекс.Метрика