Home » "Коммунист Казахстана", № 40//22.11.2013 » Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану үшін жұмыстарды жандандыруға шақырды

Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану үшін жұмыстарды жандандыруға шақырды

Таяуда ғана тағайындалған Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев үкімет отырысында әкімдерді қолданылмай жатқан ауыл шаруашылық жерлерін пайдалану үшін жұмыстарды жандандыруға шақырды. Бұлардың көп бөлігі жайылымдық жерлер болып табылады. Бұрын Кеңестер Одағы кезінде мал шаруашылығында пайдаланылып келген ол жерлер қазір төрт түлік малдардың азаюына байланысты толық қолданылмай келеді. Осы мәселені Парламент депутаты Ж.Ахметбеков та көтерген болатын. Ол еліміздегі ұлан -ғайыр желердің пайдаланылмай жатқандығынан олардың шөл, шөлейтке айналып бара жатқандығына алаңдаушылық бірдірген еді.

      Министрдің айтуынша, еліміздегі жайылымдық жерлердің қырық пайызы сумен қамтамасыз етілген. Қалғандарын сумен қамтамасыз ету үшін инженерлік құрылғылар қажет.

      Құдықтар, бөгеттер мал шаруашылығының дамуы үшін ең керекті құрылымдар. Сусыз мал басын көбейту туралы әңгіме қозғаудың өзі артық.

      Бұрын қой шаруашылығы жақсы дамыған кезде қолдан бөгеттер жасалынатын. Қазір солардың көбінің бөгеттері бұзылған соң сулары ағып кеткен. Енді соларды қалпына келтірсе шаруа қожалықтары үшін жақсы болар еді.

      Министр қазіргі кезде осы мәселелерді толық қамтыған кешенді іс- шаралар жоспары жасалып жатқандығын жеткізді. Сондықтан жергілікті атқарушы билік органдары өздерінің ұсыныстарын енгізуі керек. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша тиісті себептер анықталып, нақты тапсырмалар берілмек.

      Жалпы еліміздегі ауыл шаруашылық жерлерінің көлемі көп екені бәрімізге белгілі. Бірақ олардың жыл өткен сайын тозып, шөл, шөлейтке айналып бара жатқандары да бар. Төрт түліктің бірі түйе шаруашылығы жойылып бара жатыр деуге де болады. Оның бір себебі жайылымдық жерлердің азаюы, жайлаулардың тозуы.

      Бұрынғыдай мыңғырған мал өсіру үшін үкіметтің ауыл шаруашылық жерлерін қайтадан қолға алып, құдық, бөгеттер салып, малшылар үшін жағдай жасайтын кезі келді. Қазақстан кейінгі кездері етті, сүтті шетелдерден импорттайтын жағдайға жетіп отыр. Елбасымыздың жыл сайын шетелге алпыс мың тонна ет экспорттау туралы берген тапсырмасы орындалмай жатыр. Бұны орындау үшін біріншіден, мал басының санын арттыру керек. Ал мал басы артуы үшін жайылымдық жерлер мен жайлаулардың іске қосылғаны дұрыс. Сосын төрт түлікті асылдандыру шаралары да жүргізіліп отырылуы керек. Шетелдерден бәрін бірдей сатып ала беру қымбат, әрі олардың біздің жерімізге жерсінуі де оңай емес. Сондықтан ең бірінші кезекте өз малдарымызды асылдандырғанымыз дұрыс болар еді. Осының бәрі жасалынып жатқан кешенді іс-шараларда көрініс табатынына сенеміз.

Аман Іргебай

Астана

Яндекс.Метрика