Home » № 18//17.05.2013 » Қазақстан халқы дәл қазір 17 миллионға жетті

Қазақстан халқы дәл қазір 17 миллионға жетті

Астанада өткен брифингте ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов 2013 жылдың 1 сәуірінде еліміздегі халық саны 16 967,5 мың адамды құрағандығын айтты. «Оның ішінде қала халқының саны 9 314,1 мың (54,9%), ауыл халқының саны – 7 653,4 мың (45,1%) адам болды. 2013 жылдың қаңтар-наурыз айларында халық саны 57,8 мыңға немесе 0,3% артқан. 2012 жылдың 1 сәуірімен салыстырғанда 233 мың адамға немесе 1,4% көбейді»,- деді ол.

Республика халқының табиғи өсімі 2013 жылдың алғашқы үш айында 56,8 мың адамды құрады (2012 жылдың қаңтар-наурызында 55,4 мың адам болған еді).

Сонымен қатар, 2013 жылдың 1 қаңтарында қазақтардың саны 11 001 739 адамға жетті немесе 11 миллионыншы шектен 1 739 адамға асқан.

Он бір миллионыншы қазақ болып Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында туылған Мұхтар Әбдірақым деген сәби танылған. Ол өткен жылғы 28 желтоқсанда тіркеліпті.

«2013 жылғы 1 сәуірге нақтыланған халық саны 16 967 мың адамды құрады, онда қазақтардың саны 11 058 мың адам немесе 65,2%, орыстар – 3 698 мың адам (21,8%), өзбектер – 511 мың адам (3%), украиндар – 306 мың адам (1,8%), ұйғырлар – 243 мың адам (1,4%), татарлар – 203 мың адам(1,2%), немістер – 182 мың адам (1,1%) және басқа ұлттар – 766 мың адамды (4,5) құрады», деді агенттік төрағасы.

Және де оның айтуынша, 2013 жылдың қаңтар-наурызында АХАТ органдарында 34 мың неке тіркелген. 2012 жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда оның саны 3%-ға өскен.

Некенің жалпы коэффициенті 1000 тұрғынға шаққанда 8,1-ді (7,9), ал ажырасудың жалпы коэффициенті 1000 тұрғынға шаққанда 2,8-ді (2,6) құраған.

Бұл сандар осыдан бір жарым айғы деректер болғандықтан дәл қазір Қазақстан халқы 17 миллионға жетті деп айтуға болады. Еліміз халқы өткен ғасырдағы тоқсаныншы жылдары көптеген адамдардың тарихи отандарына кеткендігінен және аласапыран заман келіп туудың азайуынан кеміп кеткен болатын. Енді, міне осыдан отыз жыл бұрынғы халқының санына қайта жетті деп толық айтуға болады.

Бірақ кең-байтақ Қазақстан үшін он жеті миллион адам дегеннің тым аз екендігін де айтпасқа болмайды. Әлемде осыншама халқы бар бір ғана қала жетіп артылады. Бұл дегеніміз еліміздің бар халқы бір қалаға ғана сыйып кетеді деген сөз. Халқының санының азайып бара жатқандығынан Ресей үкіметі бала тууды қолдап, материалдық қызығушылық механизмдерін енгізгеніне біраз болды. Ал ұлтарақтай жерде отырған көршіміз өзбектер отыз миллионнан асып барады. Осыдан кейін Қазақстан үкіметіне де біраз шаралар қабылдаудың қажеттігі туындайды. Ең бастысы аналардың өмірге бала әкелуінің бірінші кезекте олардың өздеріне тиімді екендігіне көздерін жеткізу, соны заң жүзінде бекіту, материалдық қолдау жасау қажеттігі басты рөл атқармақ.

Бек Әлиұлы

Астана

Яндекс.Метрика