Home » "Коммунист Казахстана", № 40//22.11.2013 » Қазақстан әрқайсысы 500 орындық екі мектеп салатын болады

Қазақстан әрқайсысы 500 орындық екі мектеп салатын болады

Көршіміз Қырғызстан экономикалық жағынан біраз қиыншылықтарды басынан өткеріп жатқаны белгілі. Тату көрші ел ретінде Қазақстан Қырғызстан экономикасына қаражат салған ірі инвестордың бірі. Аталған елде жиі-жиі әр түрлі тынышсыздықтар болып тұрса да, көмектесу көрші ақысы. Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғызстан Республикасы Үкіметі арасындағы Қырғызстанға мектеп салу туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа алды.

Бұл құжат бойынша Қазақстан Бішкек пен Ош қалаларында әрқайсысы 500 орындық екі мектеп салатын болады. Аталған хаттамаға Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылы тамыздағы Қырғыз Республикасына жасаған ресми сапары барысында қол қойылған екен.

Мектеп дегеннен шығады, әрине көршіге көмектескен дұрыс, бірақ ескірген, тозған мектептер біздің елімізде де жетіп артылады. Үш ауысымда сабақ беріп жатқан білім ошақтары қаншама. Үлкен қалаларда онша біліне бермейтін болғанымен, шағын ауылдарда, оңтүстік өңірлерде жетіп артылады. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі алдағы уақытта бұрын болған жүз мектеп, жүз аурухана секілді жаңа бір бағдарлама қабылдап, балаларға кең, жарық та жаңа мектеп салып берсе, нұр үстіне нұр болмас па еді. Оған еліміздің экономикасы мұрсат береді.

      Тұрсын Бекұлы

      Астана

Яндекс.Метрика