Home » № 12//05.04.2013 » Қазақстан жолдарындағы жол-көлік оқиғалары кішігірім соғысты еске түсіреді

Қазақстан жолдарындағы жол-көлік оқиғалары кішігірім соғысты еске түсіреді

Еліміздегі жолдарда болып жатқан жол-көлік оқиғалары күнделікті өмірде жай адамдарға байқалмайды. Ал жол полициясының келтірген деректеріне көз салсаң, кішігірім соғыс болып жатқандай әсерде қаласың.

Мысалы, тек қана өткен жылы Қазақстан жолдарында 14 мыңнан астам осындай апаттық жағдайлар тіркелген екен. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп. Онда 3 мыңнан астам адам қаза тапқан. Бұл бір жылда ғана. Осының өзі-ақ жол қауіпсіздігіне деген талаптың қаншалықты қатал болуы керек екендігінен хабар береді.

Бірақ заң бар да, адам бар. Заң қаншалықты қатал болғанмен, адам факторын да ұмытуға болмайды. Соңғы кездері жол ережелерін бұзған жүргіншілерге деген айыппұлдың көлемі арттырылып, жазалар бірнеше рет қатайтылды. Бірақ жол-көлік оқиғаларының саны азайудың орнына, көбейе түскен. Неге? Мәселе, бұл жерде тек қана заңға тіреліп тұрғанға ұқсамайды, мәселенің бір шеті жолда жүру мәдениетіне де келіп тіреліп тұр. Жүргізушілердің жол ережелерін сақтауға тырыспауы, жап-жас балалар мен қыздардың 3-ақ айлық курсты бітіріп алып, қымбат көліктермен қала көшелерінде жылдамдықты шамадан тыс арттырып жүрулері, жол ережелерін бұзулары, жолда жүру ұзақтығының сақталмауы, бірін-бірін өткізіп жібермеудің кесірінен ереже бұзу деректері жиілеп барады. Содан кейін айтатын бір нәрсе, соңғы бес жылда еліміздегі көліктердің саны да Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жол полициясы комитетінің деректері бойынша, екі есеге өсіп, 4 миллионнан асқан. Әсіресе, Астана, Алматы секілді үлкен қалаларда көлік саны өте жылдам көбейіп келеді. Бұлар жолдарда сағаттарға созылатын тығындардың пайда болуына алып келуде.

Жолдардың сапасының жақсаруы да көлік апаттарының көбейуіне себеп. Кейбіреулер жолдың сапасының жақсаруы апаттық жағдайлардың азайуына алып келмейді ме екен деп түсінбеуі мүмкін, жап-жақсы, тақтайдай түзу жолдарда жылдамдықты шамадан тыс арттырып жіберу үйреншікті жағдайға айналып барады. Жол сапасы жақсарғанмен, оның енінің тар болуы да апаттық оқиғаларды көбейтіп жіберді.

Мысалы, Астана-Алматы жолының пайдалануға берілгеніне біраз жылдар болды. Бірақ жолдың енінің тарлығы көліктердің бірінен бірінің басып озуы кезінде көптеген апаттық жағдайлардың болуына алып келуде. Жүк артқан ауыр машиналардың жылдамдығы ақырын болады, сондықтан оны басып озғысы келетін асыққан қаншама адамдар қашықтық пен жылдамдықты дұрыс есептей алмай өкінішке ұрынып жатыр.

Ал Астана-Бурабай автобанының екі қатарлы болып салынуы көптеген проблемаларды шешкен. Бұнда жылдамдыққа да, басып озу кезінде де жаңағыдай проблемалар жоқ. Сондықтан жол-көлік оқиғалары да шамалы. Бұдан шығатын қорытынды не? Бұдан шығатын қорытынды, алдағы уақытта қалааралық жолдарды салғанда негізінен әр бағытқа екі жолақты қылып салу керектігі. Сонда жол-көлік апаттарының саны азаймақ. Әйтпесе жол полициясының деректері кішігірім соғысты көз алдыңа елестете беретін болады.

Бек Әлиұлы

Астана

Яндекс.Метрика