Home » № 14//19.04.2013 » Қазақстанда Еуропа мен Азияның шекарасы дұрыс бөлінген бе?

Қазақстанда Еуропа мен Азияның шекарасы дұрыс бөлінген бе?

Қазіргі географияда Еуропа мен Азияның шекарасын Ресейдегі Орал таулары арқылы Жайық өзенімен Каспий теңізіне дейін бөлу қалыптасқан. Сонда Қазақстанның біраз жері – Батыс Қазақстан облысы мен Атырау облысының жартысы «Еуропа» болып шығады. Атырау қаласында Жайық өзеніне салынған Еуропа мен Азияны бөліп тұрған көпір де бар. Жеріміздің біраз жері Еуропаға жататындықтан футбол командамыз да Еуропада өнер көрсетіп жүр. Бұл шекараға жұрттың бәрі үйреніп кеткен, басқаша болуы мүмкін де емес секілді. Бірақ бұл дұрыс па? Кейбір географтар осыған күмән келтіреді. 1950 жылдың аяғына дейін совет ғылымында Еуропаның шекарасы Мұғалжар таулары, Ембі өзенімен өтетін. Кейіннен басқаша қалыптасқан.

Жалпы кешегі совет ғылымында да социалистік жүйедегі елдердің басқа елдерден бөлек жүргізген өзіндік саясаты секілді өзіндік жолы болғаны жасырын емес. Бұдан география ғылымы да тыс қалмаған. Екі жүйедегі елдердің арасындағы «қарғи қабақ» соғыстың кесірінен жалпы барлық елдерге тән қабылданған ережеден немесе талаптан тыс қағидалар, түсініктер қалыптасқан. Енді ол идеология келмеске кеткеннен кейін кейбір мәселелерге өзгеше қараудың уақыты да келген сияқты. Қателіктер болса түзеген де дұрыс.

Сол кездегі Обь өзенін басты өзен, ал Ертіс оның сағасы деген секілді, бұл да бір қателік секілді. Дұрысы – Ертіс басты өзен. Өйткені ол Обьқа қарағанда ұзын. Халықаралық стандарт солай. Тек Орыс географиялық қоғамының бүйрегі суы мол деген сылтаумен «Обьқа» бұрғандықтан осылай болып шыққан.

Сол секілді Еуропа мен Азияның шекарасын бөлгенде Орал таулары, әрі қарай Мұғалжар, Мұғалжардан Ембі өзені арқылы Каспийге шығуымыз керек. Яғни, логикалық жағынан алып қарасақ та Шығыс Еуропа жазығының аяқталуы Еуропа шекарасының аяқталуы болуы керек қой. Сонда Қазақстанның «еуропалық бөлігі» де молая түседі. Сонда Атырау, Батыс Қазақстан облыстары түгелімен, Ақтөбе облысының да жартысы географиялық жағынан «Еуропаға» жататын болады. Дұрысы да осы. Тек бұны Халықаралық география қоғамының қаперіне салу керек.

2010 жылғы сәуір-мамырда Орыс георграфиялық қоғамының экспедициясы да осындай тұжырымға келген.

Сонымен Қазақстанның «Еуропадағы» үлесі де арта түседі. Бір қарағанда бұнда тұрған ештеңе де жоқ секілді. Бірақ шындық солай емес пе?…

Ал жаңағы Ертіс өзеніне байланысты мәселені де көтерсе артық болмайды. Ертіс негізінен Қазақстанның өзені. Оның суының сексен пайызы Қазақстан жерінде жиналады. Олтүстік мұзды мұхитына құяды. Ертіс басты өзен болса Обь оның сағасы ғана болып қалады. Бұл екі өзен Ресей жерінде қосылып, ары қарай бір өзен болып ағады. Сондықтан бір өзендер жүйесіне жатады.

Тұрсын Бекұлы

Астана

Яндекс.Метрика