Home » Партийная жизнь, Центральный комитет КНПК » Қазақтың кең-байтақ жерін халқымыздың игілігі үшін толықтай әрі тиімді пайдалана алмай келеміз

Қазақтың кең-байтақ жерін халқымыздың игілігі үшін толықтай әрі тиімді пайдалана алмай келеміз

Бұрынғы Кеңес Одағында тың жерлерге егін салу науқаны, өндірістің дамуы, кейіннен ауыл халқының қалаға көшуі – урбанизация процесі, соның себебінен дала, шөл және шөлейт аймақтардың мал шаруашылығы үшін пайдаланылмай қалуы елдегі мал басының құлдырауына алып келді. Біз қазір сол жағдайды бастан өткеріп отырмыз. Кезінде Қазақстанда 40 миллионға жуық қой, ешкі өсірілген болатын. Оны 50 миллионға да жеткізбек жоспар болған-тын. Жылқы мен сиыр да миллиондап есептелетін. Еліміздің оңтүстігі мен батысында түйе малы маң-маң басып жүретін. Қымыз бен шұбат, ет пен май, құрт халқымыздың ежелден келе жатқан құнарлы асы еді. Қазір ет пен сүтті шетелден сатып алатын жағдайға жеттік. Өйткені қазақтың кең-байтақ жерін халқымыздың игілігі үшін толықтай әрі тиімді пайдалана алмай келеміз. Елдегі түйе шаруашылығын мүлде жойып алғанымыз, өте өкінішті-ақ! Кеңестер Одағы кезінде миллиондап мал қайырған ірі-ірі  шаруашылықтар қазір жоқ. Сол кезде аға ұрпақ жерді тиімді пайдаланбаса осыншама жетістікке қалай жетер еді?

Енді, міне миллиондаған АҚШ долларына сатып алып,  елімізге шет елдерден тегі белгісіз торпақтарды ұшақпен тасып әкеліп жатырмыз. Олардың да біразы жолда, келгеннен соң жерсінбей қолда шығынға ұшырауда. Ауру жұқтырып, тұтас бір партиясы жойылғанын да білеміз. Яғни, қаншама қаржы желге ұшты деген сөз. Қазір дүние жүзінде ағзасы генетикалық модификацияланған (АГМ) өнімдер мен генетикалық тәжірибелерден жасалған малдарға күдікпен қарау бар, өйткені әлемнің осы саланы зерттеуші ғалымдары олар болашақ ұрпақтың тегін жойып, мутацияға ұшыратуы мүмкін деген күдіктерін айтып, жазып жүр. Ресейдің жетекші ғалымдары Президент В.В. Путинге АГМ өнімдеріне Ресейде тыйым салу, елге кіргізбеу туралы ұсыныс енгізіп жатыр. Ресей Президенті оны зерделеуге тапсырма бергенін естіп, білдік. Бұл да ойланатын жағдай. Болашақта әлемдік нарықта Қазақстан өз өнімдерін, әсіресе азық-түліктерді АГМ-нан, күмәнді генетикалық тәжірибелерден азат ел ретінде танытуы керек деп ойлаймын. Міне, «қазақ өнімін – қазақ брендін» біз әлемге осылайша танытумыз керек.

Қазақ халқы мыңдаған ғасырлар бойына төрт түлік мал өсірумен айналысқан, осы малдың арқасында ұлт ретінде сақталып, біздер міне бүгінге жетіп отырмыз. Қазақ халқы үшін төрт түліктің аса маңызды тарихи маңызы да міне, осында.  Ал біз малға қолайлы  кең-байтақ даламыз бола тұрып, мыңдаған жылдар бойына осы жерде өсіп-өніп келе жатқан өз малымыздан жерудеміз. Біз неге  өзіміздің төл малымызды өсірмейміз деген сұрақ әрбір азаматтың көкейінде тұр.

Шөл және шөлейт аймақтарда орналасқан Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облыстарының аумағы түлік төресі түйені өсіруге аса қолайлы. Өйткені бұл шөл жерлер түйенің табиғи ортасы болып табылады және түйенің табиғи жауы жоқ. Елдегі тәжірибелі малгерлердің, шаруашылық басшыларының пікірлеріне құлақ түрсек, бұл аймақтарда миллиондаған бас түйе өсіруге болады. Шөл және шөлейт жерлерде тек түйе ғана емес, сол климатқа бейімделген басқа түліктерді, айталық  жылқы, қой шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндіктер бар.

Жайылымдарды тоздырмай, құдық қазып, отар-отар қой баққан малшылар мекен ететін жайлауларды қалпына келтіру қой басын көбейту жолындағы маңызды қадам болар еді.

Сосын бұрын астық өсіріліп, қазір егін салуға жарамсыз болып қалған жерлердің көлемі қандай, ол жерлерді мал шаруашылығына беруге болмас па екен? Ауыл шаруашылығы министрлігі осындай жерлердің есебін жүргізе ме, жүргізсе оны болашақта қалай пайдаланбақ болып отыр? Соны білгіміз келеді. Жалпы, айта берсе, көкейде қордаланып қалған сұрақтар көп-ақ…

Елбасының бастамасымен қолға алынып жатқан «жасыл экономика» шөл даланы игеруде мол мүмкіндіктер береді. Ол алыс жайылымдарда мал шаруашылығын дамытып, шөлдегі құдықтарға күннен, желден қуат алатын су сорғыларын орнатып, малшы тұрмысына қажетті электр қуатын, телефон т.б. пайдалануға мүмкіндік береді. Яғни, шөл даланы оның табиғатына сай мал өсіру арқылы жерді мақсатты пайдалануға, елдің игілігіне пайдалануға болар еді.

Қазақстан жерінің көлемі жағынан әлемдегі ең ірі он мемлекеттің ішіне кіреді. Біздің ата-бабаларымыз «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» осыншама мол жерді жаудан қорғап, бізге болашақ ұрпақтарына аманат етіп жеткізді. Сол ата-бабамыздан қалған мұрамыз – осы баға жетпес байлығымыз кең байтақ жерімізді тоздырмай, ел игілігіне пайдалану, мал өсіру, оны сақтау, оны қорғау біздің асыл парызымыз.

 

Жамбыл Ахметбеков

 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

 

05.11.2013ж.

 

Яндекс.Метрика