Home » "Коммунист Казахстана", № 41//29.11.2013 » Бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан әйелдердің зейнетақы аударымдары тоқтамайтын болады

Бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан әйелдердің зейнетақы аударымдары тоқтамайтын болады

Жуырда, қарашаның жиырмасы күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз етуге қосымша кепілдіктер беретін заң жобасына өзгерістерді мақұлдады. Егер де ол қабылданса 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл толықтырулар жұмыс істей бастайды. Заңға енгізілетін бұл жаңа өзгерістер Елбасының тапсырмаларын орындау бағытында қолға алынып отыр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасының бірі бала күту демалысына шыққан әйелдердің зейнетақы аударымдарына байланысты болатын. Бұрын еңбек етіп жүріп, декреттік демалысқа шыққан әйелдердің зейнетақы қорларына еңбекақысының он пайыздық көлеміндегі тиісті жарналары аударылмай қалатын. Соның кесірінен олардың жинаған зейнетақы қорларындағы қаржысы ертең зейнетке шығар кезде мардымсыз болып қалу қаупі болды. Бұл өз кезегінде әйелдердің әлеуметтік қамтамасыз етілу деңгейін төмендетеді. Енді, министрдің түсіндіруі бойынша, үкімет бұл мәселені шешпек. Аталған заң жобасында жұмыс істеп жүріп декреттік демалысқа шыққан әйелдердің міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау нормалары қамтылған. Үкімет ұсынған сызбаға сәйкес он пайыздық міндетті жарнаның төрт пайызы міндетті әлеуметтік сақтандыру қаражаттары есебінен шешілсе, алты пайызы республикалық бюджет есебінен қарастырылатын болады.

Елімізде қазіргі кезде бұндай әйелдер түгілі жұмыс істеп жүрген ер- азаматтардың өзінің жинаған зейнетақы қорларындағы қаржысының оның зейнетке шығып, лайықты зейнетақы алуына жетпеуі мүмкін деген сөздердің шығып жатуы тегін емес. Кейбір экономистердің есептеуі бойынша, бұл үшін міндетті он пайыздық жарна аз. Бұл көлемді тағы да көтеру керек. Немесе жұмыс берушілерді өз жұмыскерлері үшін тағы да бес немесе он пайыз зейнетақы жарналарын аударуға міндеттеу керек. Сонда ғана лайықты зейнетақы туралы айтуға болады. Сондықтан да болар үкімет кейінгі кездері барлық зейнетақы қорларын бір зейнетақы қорына біріктіру іс-шараларын бастап та кетті. Осылай ету арқылы ондағы қаражаттың сақталуы мен оның негізсіз жұмсалуының алдын алуға болатын секілді. Әрі бұл көптеген шығындардың алдын алады. Бұл біріктіру науқаны алдағы жылдың бірінші жартысында аяқталады деп жоспарланған.

Заң жобасын таныстыру барысында сөз сөйлеген министр Тамара Дүйсенованың айтуынша, енді жыл сайын бұндай декреттік демалысқа шығуы бойынша зейнетақы қорына міндетті төлемдері тоқтамайтын жұмыс істеп жүрген әйелдердің саны жүз елу мыңдай болмақ. Ол үшін келесі жылдың республикалық бюджеті жобасында 8,8 миллиард  теңге қарастырылған.       Яғни, заң жобасы қабылданса, бала күту бойынша демалысқа шыққан әйелдердің зейнетақы қорларына тиісті аударымдары тоқтап қалмайды, ал бұл болса олардың ертең зейнетке шығар кезде тиісті мөлшердегі соманы жинауына септігін тигізбек.

Жалпы, кейінгі кезде осы жүйенің тиімсіздігін айтып, бұрынғы жүйеге қайтып оралайық деп жатқандар да баршылық. Оның қаншалықты дұрыс- бұрыстығын есептеп, өзінің салмақты сөзін айтқан экономистер әзірше болмай тұр. Сондықтан бұрынғы жүйеге қайтып оралудан бұрын осы жүйені тағы да реформалап, оның өміршеңдігін арттырып, жиналымдардың сақталу сенімділігін кепілдендіріп, инвестициялық табыстар табуына мүмкіншіліктер берілсе, бұл жүйенің де артықшылықтары көзге түсері анық.

Аман Іргебай,

Астана 

Яндекс.Метрика