Home » № 11//29.03.2013 » БАРМАҚ БАСТЫ, КӨЗ ҚЫСТЫМЕН ҚИЫЛҒАН ҒҰМЫРЛАР

БАРМАҚ БАСТЫ, КӨЗ ҚЫСТЫМЕН ҚИЫЛҒАН ҒҰМЫРЛАР

Қазіргі таңда адам біткеннің бүкіл тірлігі қылмыспен күреске арналғандай. Басқаны былай қойғанда, жол бойында болып жатқан, жұрттың бəрі көріп-біліп отырған жол апаттарына байланысты былық-шылықтың өзін жөндей алмай келеміз. Кімнің көкесі мықты, кім қалталы істің ағы сол пақырдың еншісінде де, қоғамнан əділдік іздеген адал жанның ісі қара сызықта қала беретіні қалай?

 Жыл басынан бері Ақмола облысының жолдарында ірілі ұсақты 326 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 98 адам опат болып, 401-і əртүрлі дене жарақаттарын алған. Бұл тек осы 3 ай ішіндегі тіркелген оқиғалар ілегі ғана.

Осы орайда құқық қорғау органдары қылмыспен күресті өз ішімізді тазалаудан бастадық деп жүр. Бірақ бұл біраздан бері айтылып келе жатқан, жауыр болған сөздердің бірі ғана, жүйесін таппаған. Бейбіт замандағы осынау себепсіз төгіліп жатқан үнсіз соғыстың сыры неде? Қазіргі кезде екінің бірінде, жағдайымыз нашар деп жылайтындардың да өзінде қосостан автокөлігі бар. Бұл баршылықтың, бəлкім еліміздің экономикасының тұрақтап, тұрғындардың жағдайының жақсарғанының белгісі болар. Десе де, соның бəрінің үлкен жолда темір тұлпарын көрсеткен ережеге сай жүргізе ме? Үлкен жолда машина жүргізу құқы бар ма, тəжірибесі, дағдысы қалыптасқан ба? Сапалы оқып, тəлімді тəжірибеден өткен бе?

Жалпы біз автокөлік айдауға кімдерге куəлік беріп жүрміз? Автомектептердің білім сапасы қандай? Күн сайын орын алып жатқан жол апаттарын көріп, естіген сайын көкейінде осындай сұрақтар тізбегі ретімен тұра қалад. Алайда бұл сұрақтарға да мардымды жауап таба алмайсыз… Мысалы жыл басынан бері бір ғана Жамбыл облысында 2011 адам жүргізуші куəлігіне ие болған. Яғни, біреулердің қалтасын толтыратын бизнес көзі бұл да. Оқудың сапасы жөнінде айтудың өзі артық. Жоғарыдағы жол апатының себептерін қайдан іздеу керек екенін осы фактілер нұсқап тұрған жоқ па? Енді оларды тексеру керек, лицензияларын қайтарып алу керек деп дуылдап жатырмыз. Мұның өзі оңай шаруа емес. Біз соларды ашқан кезде ойланбай, сасқан кезде ойланатынымыз қалай? Кері жүзген үйректің кебіне түсіп. Соңғы кездері жұмсақ креслосын қимай шенденіп, ала таяқшасымен талайды үркітіп жүретін көкелеріміз МАИ-дан өз еркімен кете бастаған.

Бəлкім бұл тəртіптің қатая бастағанының айғағы болар. Бұрышта тығылып тұратын, жүргізушіні себепсіз тоқтататын, олармен өз көлігінің кабинасында оңаша сөйлесетін, басқа да заңсыз, өрескел əрекеттерге баратын МАИ қызметкерлеріне тосқауыл қойылатын кез жеткені қашан? Заң баршаға ортақ, қоғамға тең қарап, қалтаға қызмет ететін кезден алыстайтын заман келді.

P.S. Бізге қылмыстың салдарымен ғана емес, себебімен, яғни шыққан түп төркінімен күресу керек. Міне, сонда ғана біз қылмысқа жетелейтін жолдарды жаба алсақ. Екіншісі Алладан кейін себепсіз төгілген қанға, мезгілсіз қиылған ғұмырларға, қара жамылып қалып жататын шаңырақтардың санын біреуге болсада азайтар ма ек, кім білсін… Айту парыз, саралау сізге сүннет, ағайын.

Қарлығаш Хашымқызы

Астана

Яндекс.Метрика