Home » "Коммунист Казахстана" » БЕКІРЕ МЕН БРОКОНЬЕР ЕГІЗ ҰҒЫМҒА АЙНАЛДЫ

БЕКІРЕ МЕН БРОКОНЬЕР ЕГІЗ ҰҒЫМҒА АЙНАЛДЫ

Атырау жері десек, көз алдымызға әуелі қызыл балық пен қара уылдырық елестейді. Қызылбалық тұқымдарына жататын бекіре, шоқыр, қорытпа сынды бағалы балықтардың 90 пайызы Каспий мен Азау теңіздерінде шоғырланған. Оның табиғи түрлері тек осы екі теңізде, олардың айналысындағы өзен су қоймаларын ғана мекен етеді. Жұмыр басты пенде атаулының балық аулап, құйрығын қуырып, сорпасын сіміргенді жақсы көретіні табиғи құбылыс дегенімізбен, сол балықтың өсіп-өнуіне бас қатырып жүргендерді көрмеу әділетсіздік әрине.

Республикамыздың басқа аймақтарымен салыстырғанда, бүгінде Каспий теңізінде браконьерлік белең алып отыр. Себебі, бағалы бекіре тұқымдас балық осы айдында, оған құятын Жайық пен Қиғаш өзендерінде ғана өседі. Отандық өндірістік ұйымдардың Құдайға қарағандары балық аулау талаптарын сақтауға тырысқанымен, кейбіреулері заңды белден басып келеді. Бүгінгі нарықта Атырау облысында бекіре тұқымдастың бір келісі 2500 теңгеге, қарауылдырықтың келісі 90 мыңға бағаланса, Ақтөбеде 80 мың, Астанада 120 мың теңгеге саудалануда. Көріп отырғандарыңыздай, әр жерде баға әр түрлі.

Ақ Жайықты мекен етіп, жағалауындағы елді сан ғасыр асырап келген бағалы балықтың бүгінгі таңдағы жағдайы мәз емес. Соңғы жылдар ішінде бекіре тұқымдас балықтың қоры ондаған есеге кеміп кеткен. Мұның себебін білетіндер ұйымдасқан қылмыстық топтың «қылығымен», яғни браконьерлікпен байланыстырады. Ресми мәліметтер соңғы үш жылда 40 тонна қара уылдырықтың сыртқа, яғни шетелдерге шығарылғандығын айтады. Жедел мәлімет бойынша, жыл сайын заңсыз жолмен сыртқа шығарылатын балықтың көлемі – 600 тонна болса, уылдырық 10 тоннаға дейін асып отырған көрінеді. Бұл аз ба, көп пе оны өздеріңіз саралай жатарсыздар. Біздің бұдан байқағанымыз, Атырау облысында белең алып отырған браконьерліктің жолын кесуде құқық қорғау және балық қорғау органдарының жұмыстары тиісті деңгейде ұйымдастырылмай отыр. Бұған кімді кінәлаймыз? Құрыққа бағынбай асаусыған броконьерлерді ме, әлде әрекетсіздікке бой алдырған тиісті құрылымдарды ма?

Гүлжан Инжелова

Атырау

Яндекс.Метрика