Home » № 14//19.04.2013 » Биыл ауыл шаруашылығын қолдауға 40 миллиард теңге қаржы қарастырылған

Биыл ауыл шаруашылығын қолдауға 40 миллиард теңге қаржы қарастырылған

Көктем келсе диқанның қауырт шағы басталады. Дер кезінде егіп алған астық күзде өз өнімімен қуантады. Бейнетіне қарай зейнеті дейді халық. Бұрындары ауыл шаруашылығы еңбеккерлері толықтай тек өз күштеріне ғана сеніп келсе, қазір мемлекет қол ұшын созады. Тұқыммен, қаражатпен, жанар-жағар маймен көмектеседі. Атап айтқанда, биыл шаруалар «Аграрлық кредиттік корпорация» акционерлік қоғамының бөлген қаржысына 2 миллионнан астам гектар жерге көктемгі дала жұмыстарын жүргізіп алмақ. Қазіргі кезде компания ауыл шаруашылығына арналған 33 миллиард 833 миллион теңгенің несиесіне қол қойған. 

Жалпы дамыған елдерде де ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін, фермерлерге қолдау білдіріп отыру үйреншікті жәйт екен. Тіпті, Батыс Еуропада, АҚШ-та фермерлерге ештеңе екпеулері үшін де ақша береді екен. Бұнда нарықты басы артық өнімдерден қорғап, олардың бағасының түсіп кетуінің алдын алу саясаты жатыр. Ал бізде әзірше олай емес. Бізде шаруалар барынша мол өнім алуға мүдделі. Өкінішке орай, мол өнім шыққан жылы дүниежүзілік нарықта оның бағасы түсіп кетеді де, пайдасы да мардымсыз болады. Керісінше, өнім аз шыққан жылы астықтың бағасы күрт қымбаттайды да, пайда шаш етектен болады. Бірақ бұндай кезде де бір өкініштісі, өнім аз, яғни пайда да аз деген сөз. Астық мол шыққан жылы оның бағасы арзандап кететіндіктен өнімді сол жылы сатпай, сақтап, бағасы күрт қымбаттаған кезде нарыққа шығарайын десең, оны сақтайтын қойма жетіспейді. Өзіңде болмаған соң біреуге жлыныштысың. Ол да сақтап берген үшін мол ақша талап етеді. Содан барып бұл әдістен де пайда шамалы. Амал жоқ, қымбат болса да, арзан болса да сол жылы сатып құтылуға мәжбүрсің.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаражатпен қолдау маңызды да керекті іс. Бұның дұрыс екеніне аграршылар да, мемлекет те көз жеткізіп отыр. Былғы бөлінген соманың қазірдің өзінде 27 миллиардтан астам теңгесін Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының диқандары алып үлгеріпті. Бұл көмек дер кезінде жетті. Өйткені көктемде кешігуге болмайды, уақытылы себілген тұқым ғана өнім береді. Кешігіп қалсаң еңбегіңнің текке кеткені.

Аталған қаржыға аграршылар жанар жағар май, ауыл шаруашылығы техникаларына қосалқы бөлшектер, минералдық тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алып, сақтандыру шараларына да жарна төлеп қоймақ.

Жалпы биыл осындай мақсатқа республикалық бюджеттен 40 миллиард теңге қарастырылған. Өткен жылы корпорация 1 миллион 500 мың гектардың жұмыстары үшін 28 миллиард теңге қаражат бөлген болатын. Яғни, жыл өткен сайын, экономикамыз дамыған сайын мемлекет те ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін қолдауды арттырып келеді деген сөз. «Нан болса, ән де болады» дегендей, еліміздің халқын жеткілікті азық-түлікпен қамтамасыз етіп, артығын шетелдерге сатып, шаруалардың пайда табуына ықпал ету мемлекетіміздің стратегиялық іс-шараларының бірі.

Аман Іргебай

Астана

Яндекс.Метрика