Home » "Коммунист Казахстана", №32//27.09.2013 » Биыл елімізде 18,5 миллион тонна астық жиналады

Биыл елімізде 18,5 миллион тонна астық жиналады

Биыл елімізде 18,5 миллион тонна астық жиналады. Бұрын ауылшаруашылығы министрлігі  ағымдағы жылы 16,3 миллион тонна астық жинаймыз деп болжаған болатын. Бірақ бұл болжамнан тыс 2 миллионнан астам тонна астықтың артық жиналуына жаздың жаңбырлы болуы өз септігін тигізген секілді. Астанада ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен апталық брифингте айтуынша, астықтың көбірек шығуына байланысты отандық тауар өндірушілердің экспорттық потенциалы да артатынға ұқсайды. Бірақ барлығы да баға мен сұранысқа байланысты болмақ. Бұрын биыл еліміз  9-9,5 миллион тонна астықты экспортқа шығарады деп болжанған болатын. Бұл орта деңгейден сәл жоғары көрсеткіш.

      Астықты экспортқа шығаруда әлемдік рыноктағы қалыптасқан бағаның да рөлі зор. Аталған баға жоғары болса диқандар ұтады, табыс табады. Егер де әлемде астық көбірек жиналса, баға арзандайды. Бұдан ұтылатындар көп. Вагондардың да жетіспей жататын кездері бар. Сондықтан барлығы да диқандардың қолында емес, олардың мүмкіншіліктері де шектеулі. Ал ішкі рынокта астықтың бағасы төмен түсіп кетпеуі үшін мемлекет сатып алу бағасын белгілейді. Сол бағамен білгілі бір көлемде диқандардан астық сатып алады. Бұл бағадан төменге ешкім де астығын бере қоймайды. Ал мемлекет сатып алған астығымен ішкі рыноктағы нан бағасының қымбаттамауын қамтамасыз етеді.

      Министрдің айтуынша, биыл да нан бағасы қымбаттамайды. Оған еш негіз жоқ. «Бұрын 1 тонна бидайдың бағасы 300 доллар болды. Қазір 27-28 мың теңгенің маңайында. Осы бағамен азық түлік корпорациясы бидайды сатып келді. Сондықтан нан бағасы қымбаттаған жоқ. Алдағы уақытта да солай болатынына еш күдік жоқ», деді ол.

      Тағы да бір мәселе, Қазақстанда қазіргі кезде барлық диірменнің 60 пайызға жуығы тоқтап тұр екен. Кезінде нарықты зерттемей, кәсіпкерлер диірмен аша берген. Оған тиісті құрылым да несие беріп, көмектескен. Соның кесірінен қажеттіліктен артық құрылымдар пайда болған. Мемлекет 2009 жылдан бері бұл саланы қолдамаса да, кезінде артық кеткендіктен, осындай жағдай қалыптасқан. Енді оларға бір-ақ жол бар. Ол – банкрот болу.

      Қазақстан қатарынан бірнеше жыл сыртқа ұн экспорттау бойынша әлемде бірінші орында келеді. Соның барлығы аталған диірмендердің арқасы. Яғни, жұмыс істеп тұрған диірмендердің өзі-ақ елімізді ұнды сыртқа сатуда алдыңғы қатарға шығарып отыр. Ал тоқтап тұрған 60 пайыз диірмен де жұмыс істеп тұрса, онда әлемді ұнмен көміп тастайды екенбіз. Бірақ артық өнімнің әрқашан да бағаны түсіретіні бар. Сондықтан олардың жұмыс істеп тұруынан гөрі банкрот болып, тоқтап тұруы тиімдірек.

      Жалпы, Қазақстандай астықты елде халыққа ең қажетті ас нанның қымбаттауы ақылға сыймайтын нәрсе. Сондықтан мемлекет, тиісті құрылымдар бұған жол бермесі анық. Министрдің сөзінен де ұққанымыз осы.

 

Аман Іргебай,

Астана

Яндекс.Метрика