Home » "Коммунист Казахстана", № 36//25.10.2013 » Біздің мақсат – ел спортын дамыту арқылы халқымыздың денсаулығын жақсарту

Біздің мақсат – ел спортын дамыту арқылы халқымыздың денсаулығын жақсарту

Жуырда Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында еліміздегі спорттың жай-күйі мен мектептердегі балалардың дене шынықтыру сабақтарымен қамтылуы, халықтың денсаулығы мен спорт нысандары туралы ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапановтың баяндамасы тыңдалған болатын. Осы мәселе туралы Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков те өз сұрағын қойып, сөз сөйлеп, пікірін білдірген еді.Төменде депутатқа осы мәселе төңірегінде бірнеше сұрақ қойып, жауап беруін өтінген болатынбыз.     

Еліміздегі спорт кешендері өз мақсаттарына пайдаланып жатыр ма, сіз қалай ойлайсыз?

Біздің елімізде, әсіресе үлкен қалаларда, тіпті аудан орталықтары мен ауылдарда да спорт объектілері баршылық. Бұл стадиондар, бассейндер, спорттық алаңдар қазір қалай пайдаланылып жатыр? Осы спорт объектілері өздеріне жүктелген негізгі міндеттері үшін пайдаланылуда ма? Осы сұрақтың жауабы күмәнді. Өйткені оның есіктері жастарымыз үшін жабық десе де болады. Стадиондардың  жалдау ақылары өте жоғары. Спорт объектілерінің басшылары бұл объектілерді балаларға спорттық жаттығуға бергеннен гөрі эстрадалық әншілердің қатысуымен болатын сауық кештер мен жалған көріпкелдерге,  экстрасенстерге жалға бергенді артық көреді.  Бізге келіп түсіп жатқан арыз-шағымдарды талдап  қарайтын болсақ жағдайдың осылай екеніне көзіміз жетеді. Тіпті, Алматыдағы ең үлкен «Балуан Шолақ» атындағы спорттық кешеннің түнгі клубтарға жалға беріліп, оның нашақорлар мен ішімдіктің ордасына айналғандығы туралы дабыл келіп те түскен еді. Бұл мәселе туралы арыздар біздің «Халықтық коммунистер» фракциясында арнайы қаралып, Премьер-Министрге осы мәселені заңдық тұрғыдан шешуді ұсынған  тиісті депутаттық сауал да жолданған еді. Депутаттық сауалда біздер, коммунистер спорттық объектілерді басқа мақсаттарға пайдалануға заңдық тұрғыдан тыйым салу туралы ұсыныс берген едік. Өкінішке орай, біздің ұсынысымыз Үкімет тарапынан қолдау таппады.

Қазақстан спорты қандай дәрежеде деп ойлайсыз?

Рас, Қазақстан спорты әлемді мойындатты деп айта аламыз. Бізде ұлы спортшылар бар, спорттың барлық түрінен дерлік спорт мектебі де қалыптасты. Олимпиадаларда, әлемдік деңгейдегі додаларда топ жарып, еліміздің туларын биік мінберлерде желбіретіп жеңімпаз атанған спортшыларымыз шын мәнінде ұлттың батырлары ретінде құрметтеледі. Бұл өте дұрыс, олардың бұл жеңістері мыңдаған жасөспірімдерді спортқа алып келетін  үлгі екенін білеміз және бағалаймыз.

Бірақ, біздің спортшыларымыздың әлемдік үлкен сайыстарда, олимпиадаларда жеңістерге жетуі түпкілікті мақсатымыз болмауы тиіс. Біздің негізгі мақсатымыз – ел спортын дамыту арқылы халқымыздың денсаулығын жақсарту. Кәсіби спортта жетістіктерге жетіп, әлем алдында ел атын асқақтатқанымзбен, егер біз бұқаралық спортты дамытып, бұқараға, әсіресе жастарға спорт залдарын ашып бермесек біз спортты дамыту туралы мақсатымызға толық қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан Парламентке келіп түіп жатқан заңнамалық өзгерістерді қарау барысында біздер, әсіресе осы мәселеге баса назар аударып, бұқара үшін барлық спорт объектілерінің қол жетімді болу жағын қарастырғанымыз дұрыс болар еді.

Спортты бұқараға жеткізу үшін неден бастау керек?

Бұрын Одақтың білікті ғалымдары таңертеңгілік дене шынықтырудың адам ағзасы үшін аса пайдалы екендігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеген еді. Сол кездерде, біздің бала кезімізде, мектептерде сабақ басталар алдында, тіпті заводтарда таңғы ауысым алдында 15 минуттық дене шынықтыратын жақсы тәжірибе болатын. Осы жақсы тәжірибені қазір де енгізсе жаман болмас еді.

Қазіргі заман интернет заманы, әр түрлі діни ағымдар, секталар  жастарымызды өз қатарларына тартуға тырысып бағуда. Осы интернет арқылы олар дүниедегі небір азғындықтың өмірде естіп көрмеген түрлерін біздің қоғамымызға енгізіп, таңуға тырысып жатқанынан БАҚ арқылы хабардармыз.

Бұған қалай қарсы тұра аламыз?

Тәні сау, дені сау ұрпақ қана осындай азғындыққа қарсы тұра алады.  Сондықтан, бұл мәселені ұлтымыздың болашақ тағдырына қатысты мәселе деп қарауымыз керек. Ол үшін елімізде салауатты өмір салтын орнатып, дені сау ұрпақты қалыптастыру үшін өскелең жас ұрпақты тәрбиелеуде спорттың, дене шынықтырудың алар орны орасан зор. Біздің міндетіміз, мен айтар едім қасиетті міндетіміз – ол бұқара халыққа, әсіресе оқушылар мен жастарға спортпен, дене шынықтырумен айналысуы үшін барлық қолайлы жағдайды жасау.

Агенттіктің осы мәселеге бағытталған бастамаларын қолдайтындығымды білдіремін  және әріптестерімді де ел спортын дамытуға арналған шраларды қолдауға шақырамын.

Әңгімеңізге рахмет.

Бек Әлиұлы

Астана

Яндекс.Метрика