Home » № 22//14.06.2013 » Бізге халықтың барынша көп болғаны қажет

Бізге халықтың барынша көп болғаны қажет

БҰҰ-ның есептеуі бойынша, 2050 жылы Қазақстан халқының ширек бөлігі немесе 4 миллионнан астам адам қартайғандар қатарына жатып, еліміз қарт адамдары көп елдердің қатарынан орын алады екен. Бұл әрине, Қазақстандай жері үлкен елге қуанышты хабар емес. Қазақстан аумағында 100 миллион адам тұрса да көп емес. Біз халқы жеріне сыймай жатқан Жапония, Қытай, Үндістан немесе Еуропа елдері емеспіз. Аумағы Қазақстанмен шамалас Үнді елінде бір миллиардтан астам адам тұрып келеді. Ұлтарақтай ғана жері бар Бангладеште екі жүз миллион, Пәкстанда жүз миллиондай адам өмір сүруде. Иранда да халық тығыз. Ал бізде ше? Бізде халық өте аз деуге болады. Және жыл өткен сайын отбасындағы бала саны да азайып келеді. Осының алдын қалай алуға болады? Ел халқы қайтсе көбейеді? Көршіміз Өзбекстан халқы отыз миллионнан асып барады. Олардың да жері аз, сондықтан халық саны көбейгені олар үшін құптарлық емес болып тұр. Ал бізге керісінше. Бізге адамның барынша көп болғаны керек.

Әлемде бір үрдіс бар. Ел экономикасы жақсарып, халықтың әл-ауқаты артқан сайын отбасындағы бала саны да азая береді екен. Яғни, жақсы тұрмыс бала санын шектеуге алып келеді деген сөз. Еуропа мен Америкадағы жағдай осылай. Енді осы жәйт біздің де басымызға келмес пе екен? Ресей жер көп, халық аз болғандықтан кейін бала санын арттыру үшін отбасыларды материалдық тұрғыдан қолдау саясатын жүргізуде. Бірақ оның айтарлықтай жемісін көріп отырған жоқ. Бізде де солай болатын секілді. Қалалық жердегі отбасылар бір-екі баладан артықты қалап отырған жоқ. Оның бірнеше себептері бар. Қалалық жерде баланы бағып-қағу қиынырақ. Балабақша да жетіспейді. Әйелдер жұмыс істегісі келеді. Бар үміт – ауылдық жердегі отбасыларда.

Еліміздің оңтүстік өңірлерінде әлі күнге дейін көпбалалы отбасылық өмір сүру дағдысы сақталған. Тек қолдау ғана жетіспейді. Ресейдегі секілді Қазақстан да көпбалалы отбасыларға материалдық көмек беру бағдарламасын қабылдаса аталған аймақта демографиялық дүмпу болуы мүмкін.

Әйелдердің бала күту уақытын жалпы жұмыс өтіліне кіргізу де олардың зейнетке шығуы үшін біраз қолдау болар еді. Тіпті алты баласы бар отбасыларды мемлекет қамқорлығына алған да артықтық етпейді. Бұндай отбасылар ішіп-жемнен, киім-кешектен ешқашан тарықпауы қажет.

Жалпы, еліміздің халқын көбейту мемлекеттің басты мақсаты болуы керек. БҰҰ-ның статистикасы алаңдатады. Ашық-шашық, бос жатқан шекаралық аймақтар болса анау, ойланатын кез келді. Бұл өзі бір күндік немесе бір жылдық нәрсе болмағаннан кейін осыған қазірден бастап қамданып, болашақты бүгіннен ойлап, қажетті бағдарламалар қабылдау Үкіметтің маңызды ісі болуы керек емес пе?!

Халық санының көп болуы экономиканың дамуының да алғышарты. Аз халықтың тұтыну потенциалы да мардымсыз болмақ. Сондықтан көрші елдермен экономикалық ықпалдастықты күшейтіп, адамдарды елге тарту да қажетті шара. Елбасының Еуразиялық экономикалық одақ құру жолындағы қадамдары құптарлық іс болғанымен, үлкен елдердің қатарында жұтылып кетпес үшін халықтың санын да көбейту мемлекеттің маңызды саясаты болуы керек.

Қазақстан халқы ең болмағанда қырық миллионға жеткен соң ғана ол аймақтық елеулі елге айналмақ. Оған дейін халқы аз ел ретінде әлемдік аренадағы беделіміз толыққанды болмасы анық.

Бек Әлиұлы

Астана

Яндекс.Метрика