Home » № 14//19.04.2013 » Болашақтың энергиясы бүгіннен бастап игеріле бастауы керек

Болашақтың энергиясы бүгіннен бастап игеріле бастауы керек

Астанада «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» акционерлік қоғамының мамандары әзірлеген үлкен іс-шара өтті. 2017 жылы елордамызда EXPO-2017 көрмесі өтетіндігі белгілі. Оған әлемнің жүздеген елдерінен қатысушылар мен қонақтар келмек. Осы жәйтке арналған кездесуге Ресей Федерациясы Президент академиясы корпоративтік басқару жоғары мектебінің түлектері мен қазақстандық тыңдаушылар қатысты. Аталған іс-шарада «Жасыл квартал» жобасы» таныстырылды.

Жалпы, қазіргі кезде әлемде біз қазір үйреніп қалған энергия көздері мұнай, көмір, газ секілді отын түрлерінен бас тартып, табиғи таза энергия көздеріне өту жайы қозғалып, үлкен пікірталастар болып, кейбір елдер бұл бағытта алғашқы қадамдарын да жасап жатқандығы шындық. Осы уақытқа дейін пайдаланып келген табиғи отын түрлері қоршаған ортаны ластап, үлкен экологиялық проблемалар тудыруда. Оны пайдаланудың жылдан жылға артып келе жатуы және олардың қорларының да таусыла бастауы адамзаттың алдына ертеңгі күннің қамын жеуді бүгіннен бастау талабын қойып отыр. Сондықтан ғалымдар әр түрлі жолдар іздестіруде.

Кейінгі кездерде көптеп пайдаланыла бастаған биоотындардың артықшылығы бар болғанымен, оны өндіру үшін көп жер керек. Адам баласы ішіп-жемге пайдаланып отырған астық түрлері отын өндіруге пайдаланылса, күнделікті қарын тойдыру мәселесінің өзі үлкен проблемаға айналмақ дейді кейбір мамандар.

Сондықтан ғалымдардың ұстанып отырған ең негізгі бағыты таусылмайтын энергия көздерін пайдалануға қарай ойысуда. Яғни, табиғатта бар, күннің көзі, желдің бағыты, ағыстардың күші деген сияқты энергия көздерін игеріп алсақ, оның қоры ешқашан таусылмайды, мәңгілік және экологиялық таза болар еді дейді олар. Астананың аталған бүкіләлемдік көрмені өзінде өткізу үшін өткен үлкен бәсекеде жеңіп шығуы үшін осы тақырыпты ұтымды пайдалануы өз септігін тигізгені жасырын емес. Бұл болашақтың энергиясы деген идеяға бүкіл әлем болып көз тігіп отыр.

Сондықтан келешекте осы көрменің табысты өтуі онда болашақтың энергиясын қалай, қаншалықты игеруге болады деген мәселеге байланысты ойлап табылған жобаларға, идеяларға, қондырғылар мен құрылғыларға байланысты болмақ. Болашақтың энергиясы бүгіннен бастап игеріле бастауы керек. Оған біздің еліміздің де қосар үлесі мол болады де күтілуде.

Атап айтқанда, кездесу барысында қазірдің өзінде «Жасыл квартал» жобасын» іске асыру үшін Астанада 100 гектардан астам жер бөлінгендігі айтылды. Ол Қорғалжын тас жолының солтүстігінде Қазақ мемлекеттік заң университетінің маңында болмақ. Бұл жобаны іске асыру барысында кейбір инновациялық технологияларды пайдалану көзделуде. Соның ішінде энергия мен жылуды екінші рет пайдалану, энергияның балама көздерін, тұрмыстық қалдықтарды жоюдың қазіргі заманғы жүйесін қолданулар бар. Тақырыбы «Болашақтың энергиясы» болып келетін аталған көрмеде еліміз ең соңғы технологияларды қолдану арқылы басқаларға үлгі көрсетуі керек дейді сарапшылар.

Аталған жоба аясында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамына кіретін «Қазатомөнеркәсіп», «Самұрық-энергия», «Қазпошта» секілді ұлттық компаниялардың жоспарлары да іске асырылмақ. Атап айтқанда, олар өз қызметкерлеріне арнап тұрғын үйлер салмақ, ыңғайлы болуы үшін оларға арналған кеңселер де осы жерде болмақ.

Жобаға ұлттық компаниялармен қатар жеке меншік инвесторлардың да қаражаты тартылады. Қор өз қаражатын инфрақұрылымға салмақ. Жобаға Астана әкімдігі де қолдау көрсетпек. Әкімдік әлеуметтік нысандар салумен қатар орталықтандырылған желілерді тартпақ.

«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ы басқарушы директоры Мұқан Жолдасовтың төрағалығымен өткен іс-шараға экономика саласындағы белгілі мамандар, Ресей ғылым академиясының академигі Абел Аганбегян, РФ Президент академиясы

корпоративтік басқару жоғары мектебінің директоры, экономика ғылымының докторы, профессор Сергей Календжян қатысты. Таныстыру шарасын «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ы қазақстандық қамту департаментінің директоры Дения Булгаков өткізді.

Жобаның барысы белгілі болып, оның концепциясы анықталғаннан кейін акционерлік қоғам басқа да инвесторлар мен жеке меншік қатысушыларға жобаның нақты екендігіне көзін жеткізу үшін аталған жерде өзінің әкімшілік ғимаратын салуды бастамақ. Осыдан кейін барып «Жасыл квартал» жобасы» аясында өз жобаларын іске асырмақ болатын жеке меншік инвесторлар үшін аукциондар өткізілмек.

Мамандар Астанада өтетін EXPO-2017 көрмесіне байланысты жоспарланған іс-шаралардың табысты болатындығына шек келтірмейді. Өйткені оның әлемдік деңгейде маңызды екендігіне байланысты мемлекет те керек жерінде өз қолұшын созады.

Тұрсын Бекұлы

Астана

Яндекс.Метрика