Home » № 22//14.06.2013 » ҰБТ-дан биылғы көрсеткіш былтырғыдан 3,6 балға жоғары болды

ҰБТ-дан биылғы көрсеткіш былтырғыдан 3,6 балға жоғары болды

Жыл сайын ҰБТ тапсыру түлектермен қатар ата-аналар үшін де үлкен оқиғаға айналып келеді. Баласының қанша балл алғандығын жыр қылып айтушылар да жетерлік. Биыл еліміздегі Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы 74,5 балл болып, былтырғыға қарағанда 3,6 балға жоғары болған екен. Былтыр бұл көрсеткіш 70,9 балды құраған болатын. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың БАҚ өкілдеріне берген эксклюзивті сұхбатында айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеу еліміздің 155 тест тапсыру орындарында өткізіліпті. Биыл 99 565 түлек тест тапсыруға өтініш берген. Оның 95 485-сі қатысқан.

ҰБТ түлектердің нақты білімін анықтай ала ма, жоқ па деген пікірталас қоғамда әлі күнге дейін сақталып отырғанын ескерсек, бұл жүйенің әлі де болса жетілдіретін тұстарының бар болғаны. Біреулер оны қолдаса, біреулер жақтамайды. Түлектің нақты білімін ұстаз ғана бағалап, бағамдай алады деп, бұрынғы жүйеге қайта оралуды ұсынып жүргендер де бар. Бірақ ол жүйеде адам факторы – тамыр-таныстықтың біраз рөл атқаратыны ұмытылып кетіп жатады. ҰБТ-да бұл жоқ. Оның бір артықшылығы да осында.

Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша ең жоғары көрсеткішке Алматы және Астана қалалары қол жеткізіпті. Алматыда орташа балл көрсеткіші 85, ал Астанада 81 балл болған екен.

Сондай-ақ Ұлттық бірыңғай тестілеуде шекті 50 балл көрсеткішке қол жеткізе алмағандардың саны 27 465 түлекті немесе өтініш бергендердің 28,8 пайызын құраған. 2011 жылы бұл көрсеткіш 43163 түлекті немесе 36,8 пайызды құраған болатын.

Яғни, былтырғыға қарағанда биылғы түлектер «ақылдырақ» болған секілді. Әлде былтырғыға қарағанда биыл бақылау, тексерудің онша қатал бола қоймағандығынан ба екен?

«100 балдан жоғары көрсеткішке қол жеткізген түлектер саны 11 167-ні немесе 11,7 пайызды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 10 756 адамды немесе 9,2 пайызды құраған еді. Ал, ең жоғары көрсеткіш – 125 балға 7 түлек қол жеткізді»,-деді Б. Жұмағұлов.

Ең жоғары балды Павлодар облысы, Екібастұз қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп лицейінің түлегі Әсел Әйткенова, Шымкенттегі М. Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған 8-ші гимназия түлегі Айда Ысқақ және Алматы қаласындағы О. Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математикалық мектеп интернатының түлектері Ботагөз Құспанғалиева мен Тоқтамыс Марғұлан, сондай-ақ Атырау қаласындағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын гимназияның үш түлегі – Нұржан Қамзаев, Самал Құмарова және Ақбөкен Сахтановтар иеленген.

Жалпы, соңғы 10 жыл ішінде еліміздің 1 миллион 335 мың түлегі ұлттық бірыңғай тестілеуден өткен екен. Бұл барлық қазақстандық мектеп түлектерінің 80 пайызы. Қалғандары жоғары білім алмай-ақ қояйық деп шешсе керек.

Министрдің сөзіне қарағанда, биыл жалпы алғанда ҰБТ жоғары деңгейде өтіпті. ҰБТ-ның жақсы деңгейде өтуіне ең алдымен жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау органдарының өкілдері, БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар белсене атсалысты, деді ол.

«Жалпы, еліміздегі демографиялық жағдайға сәйкес, 2013 жылы мектептерді бітіріп шыққан түлектер саны былтырғыға қарағанда 14 мыңға аз болды», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұлов.

«Тестілеу барысында жалпы тәртіп бұзушылықтар да орын алды. Тыйым салынған ұялы телефондар, калькулятор, фотоаппарат секілді 27 726 зат алынды. Тіпті рациялардың да түрлері табылды. Алайда, оларға көбінесе ескерту жасалып, ары қарай сынақ тапсыруларына рұқсат берілді», – деді Б. Жұмағұлов.

Сонымен қатар «Алтын белгіден» үміткерлердің 34 пайызы өз білімдерін дәлелдеген.

«Былтырғыдай түлектерді тінту секілді өрескелдіктер орын алмады, шағымдар да түскен жоқ», – деді Б. Жұмағұлов

Министр 2015 жылдан бастап елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу екі кезеңмен жүзеге асатын болатындығын да айтты.

2015 жылға қарай тестілеу екі кезеңде: мектеп бітірушіні бағалауға қатысты тестілеу және жоғары оқу орындарына түсуі үшін кешенді тестілеу болады деп жоспарлаудамыз, деді ол.

Аман Іргебай,

Астана

Яндекс.Метрика