Home » № 18//17.05.2013 » Құбыжық ету ойыны

Құбыжық ету ойыны

Қазір бұрынғы тұмшаланған темір шымылдық жоқ. Қытайда пайда болған құс тұмауы Қазақстанға ертеңіне жетуі мүмкін. АҚШ-тың құрылыс саласынан пайда болған дағдарыс Астана мен Алматыда салынып жатқан ғимараттарды «сақалды» етуге қауқарлы. Күні кешегі Түркиядағы жарылыстың салдары елімізде тағы бір дүрбелеңге түрткі болмаса игі. Оған қазір солшылдарды айптап жатқандар да бар. Шынтуайтын айту керек, қазір коммунистік идеяға қарсы ақпараттық соғыс біршама саябырсығанмен, аяталды деп айта алмаймыз. Түркиядағы терактіден кейін солшылдарды құбыжық етушілер Қазақстаннан да табылды.

Соның бірі ұлттық-патриоттық бағыттағы саясаткер – Айдос Сарым. Ол елді былай деп үрейлендіргісі келеді: «Жарылыстарды жасағандар – әсіре діншілдер немесе шетелдік жансыздар емес, Түркияның солшыл, маркстік-анархистік радикал топтарының өкілдері. Өкінішке орай, осындай сүмелектер біздің елде де бас көтеріп келеді. Кешегі елден қашқан Құрмановтар, министрге жұмыртқа лақтырған Цукановтар –осылардың идеялас серіктері».

Құрманов пен Цукановты баспасөз қаһарман етіп көрсеткенімен, істері құптай қоятын әрекет емес. Наразылықты білдірудің өркениетті жолдары да бар. Эмоцияға ерік беру – терроризм емес. Өркениетті елдердің де тәжірибесінде бар нәрсе. Әйтсе де, Айдос Сарым қара бұлтты төндіре отырып: «Жалған солшыл, солақай идеяларға мас болып, социал-утопистік, анархистік лозунгтарға діни тұрғыдан сеніп алған иттер бүгін – жұмыртқа, ертең – тас, арғы күні – бомба лақтыруы да ғажап емес. Әлемнің көптеген елдері осындайды басынан өткізген. Оларды ауыздықтау үшін керемет күш салған. Талай адам мерт болды. Биліктің көсемшілдігі, мессиандық данагөйлігі, өзінен басқа біреу бар екен-ау, жұрттың пікірін тыңдау керек екен-ау дегенді ойламайтыны бүгін діни терроршыларға жол ашса, ертең солшыл терроршыларға жол ашып беруі ықтимал», – елдің төбе шашын тік тұрғысы келеді. Билікті жамандай отырып, билікке солшылдардан сақтануға шақырады.

Билік Цукановтар мен Құрмановтардың әрекетіне тосқауыл қойып, жазаға тартып та жатыр. Бірақ осыны пайдаланып, коммунистік идеология мен марксшілдікті күйе жағу – бүкіл мұсылмандарды «террорист» деп атайтын шолақ белсенділердің әрекетімен тең. Басқа дәнеңе емес.

Санжар Арыс

Яндекс.Метрика