Home » "Коммунист Казахстана", № 34//11.10.2013 » Дүкен сөрелері отандық сүт өнімдеріне қашан толады?

Дүкен сөрелері отандық сүт өнімдеріне қашан толады?

Қазақстан аграрлық ел болғаннан кейін дүкен сөрелерінің отандық ет пен сүт өнімдеріне толып тұруы үйреншікті жағдай болуы керек емес пе? Бірақ іс жүзінде олай емес. Қай дүкенге кірсең де шетелдік ет-сүт тағамдарына толып тұрғанын көресің. Неге былай? Жуырда Үкіметте өткен отырыста ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың айтуынша, қазіргі кезде сүт өнімдерінің импорты 35 пайызды құрайды екен. Министрлік бұл көрсеткішті 2020 жылы 7 пайызға дейін түсіруді жоспарлап отыр. «Еліміз 2012 жылы 4,8 миллион тонна сүт өндірді. Бұның 85 пайызын жеке меншік шаруашылықтар немесе үй шаруашылықтары өндірген» деді ол.

Ал жалпы ішкі тұтынудағы отандық өндірістің үлесі 65 пайыз, қалған 35 пайызы импортталады.

Министр сонымен қатар үй шаруашылықтарындағы өндірілетін сүттің сапасының нашарлығын баса айтты. Бұған шаруашылықтағы кейбір проблемалар өз септігін тигізуде. Барлық сиырлардың 75 пайызы үй шаруашылығында екендігін ескерсек, сүтті жинау мен өткізуде бірқатар проблемалар бар. Ауылдардың қашықтығы мен сүттің қымбаттығы, жеке меншік иелеріндегі қаражаттың жетіспеушілігі де өз рөлін атқарады. Бұл үшін не істеу керек? Министр 2020 жылға дейін 212 сүт қабылдау бекеттерін ашу мен сүтті жинайтын 400 машинаны іске қосу арқылы біраз мәселені шешуге болады деп есептейді.

Дәл қазіргі кезде еліміз 22 мың тонна сүтті экспортқа шығарса, 903 мың тонна сүтті шеттен алады екен. Ал жалпы ішкі тұтыну 2,5 миллион тонна болып есептеледі.

Алдағы уақытта министрлік отандық сүт өнімдерімен нарықты қалай қамтамасыз етпек? Еліміз осылай шеттен сүт өнімдерін импорттай бере ме?

Министрдің айтуынша, болашақ шағын отбасылық сүт-тауарлық фермалардың үлесінде. 2020 жылға дейін олардың санын екі мыңға жеткізу көзделіп отыр екен.

Қандай шаруашылық болсын өзінің өндірген тауарын қымбатырақ сатуға тырысатыны белгілі. Сүтке байланысты да солай. Жем-шөптің қымбаттығы ет, сүт өнімдерінің қымбаттауына әкеліп соқтырады. Осының алдын алу үшін мемлекет қандай шаралар қабылдамақ? Ауыл шараушылығы мекемесінің басышысының айтуынша, «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша мемлекет сүттің сату бағасы мен сатып алу бағасының арасындағы айырмашылықты төлеу механизмін қарастырып жатыр. Бұл шара сүтті өңдеуді 2020 жылға дейін 1,3 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздейді. «Соның арқасында импорттың үлесін 35 пайыздан  аталған мерзімде 7 пайызға дейін түсіру қамтамасыз етілмек» дейді ол. Бұл шараға мемлекет 62,2 миллиард теңге қарастырған екен.

      Ал жалпы ауыл шаруашылығындағы жағдай, Қазақстан коммунистік халықтық партиясының да жіті назарында. Партия ауыл еңбеккерлерінің тұрмысының жақсаруы мен олардың еңбектерінің лайықты бағалануын қалайды. Сол бағытта Парламентте жұмыс та жасап жатыр. Партияның бағдарламасында бұл сала ерекше аталып өтілген. Сондықтан мемлекеттің бұл саладағы қандай жақсы шарасы болсын ол партия саясаткерлерінің қолдауына ие болады.

Бұған қосарымыз, сүтті сатып алуда мемлекеттің қолдау жасауы әрине, жақсы, бірақ бұдан басқа да проблемалар шаш етектен екенін ұмытпау керек. Малды жем-шөппен қамтамасыз етпей сүттің өнімділігін, сапасын көтеру мүмкін емес. Ал жем-шөппен жақсы қамтамасыз ету үшін техника керек, ол болса қымбат. Жанар-жағар май мәселесі тағы бар. Сондықтан  министрлік бұл мәселені шешуге келгенде кешенді шараларды қабылдауы қажет.

 

Аман Іргебай,

Астана

Яндекс.Метрика